Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) бастамасы бойынша 2016 жылғы 15 сәуір – 5 маусым аралығында Астана қаласында Технодом, Алсер сауда желілерінің, жабдықтарды кәдеге жарату жөніндегі «КазЭкоТехАстана» ЖШС және «ПромТехноРесурс» ЖШС кәсіпорындарының, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен «PosadiDerevo.kz» республикалық қоғамдық ұйымының, сондай-ақ ӨКМ Операторының қатысуымен электрондық және электр жабдықтарын жинау бойынша акция өтті, қорытындысы жасалды.
«PosadiDerevo.kz» РҚҰ филиалы Астана қаласында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірігіп іс-шаралар өткізді:
– С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде экологиялық бағыттағы екінші курс студенттері арасында оқыту семинарлары, 14 мектепте (№23, №37, №15, №5, №32, №65, №35, №51, №76, №3, №25, №52, №56, №18) 8 сынып арасында оқыту сабақтары өткізілді.
Акцияға 40 студент қатысып, 4000-ға жуық кітапша таратылды.
Астана қаласындағы TECHNODOM дүкенінің басшылығы арнайы тағайындалған орындарда (Нұр Тұлпар БО – Республика, 34А; «Азия Тау» СО – Абылай хан даңғылы, 27/3; «GREEN» – Ш. Уалиханов көшесі, 20; КЕРУЕН ОСО – Достық көшесі, 9; Бөгенбай Батыр даңғылы, 62 – «Алем» СО; «ЖАЙЛЫ» СО – Сатпаев көшесі, 14) электр жабдықтарын жинауға арналған экобокстарды орналастыру үшін сауда желілерінің 6 жинау орнын ұсынды.
Астана қаласындағы «Алсер» дүкенінің басшылығы сауда желілерінде орналастыруға арналған 3 жинау орнын (Бейбітшілік көшесі, 33; Жирентаев көшесі, 10; «Тұлпар» СО – Ш. Уалиханов көшесі, 24) ұсынды.
«НТП КазэкотехАстана» ЖШС ақысыз негізде 6 381 кг электрондық қалдықтарын қабылдады.
Оның ішінде:
«Евразиялық топ» ЖШС – 3 275 кг;
«Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ – 918 кг;
«Technodom Operator» АҚ (Астана қ. сауда желісі) ) – 736 кг;
Халықтан-1 452 кг.
«ПромТехноРесурс» ЖШС ақысыз негізде 3 048 кг электрондық қалдықтарын қабылдады.
Министрлік акцияға қатысқан 10 қатысушыны алғыс хаттармен марапаттады, оның ішінде 5 студент.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, өткізілген акцияның қорытындысы бойынша «КазЭкоТехАстана» ЖШС және «ПромТехноРесурс» ЖШС жабдықтарды кәдеге жарату кәсіпорындарымен 9,4 тонна (9400 кг) электрондық және электр жабдықтар жиналды.
Дерек көзі: www.energo.gov.kz
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде қалдық өңдеп, сұрыптайтын зауыт салынады. «Янб Хэ» компаниясы қала билігімен бірлесіп, өз қаражаты есебінен экологиялық жағдайды жақсартуды қолға алды.
Зауыт құрылысы Өскемен әкімдігі мен «Янь Хэ» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның аясында өтеді. Бұл кәсіпорын өз қаражатына қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау зауытын салады. Алдын ала деректер бойынша ол Шмелова жырасы ауданында 3,5 гектар алаңда салынады.
Бұл туралы қала әкімі ретінде өзінің алғашқы баспасөз конференциясында ӨКҚ-да Ерлан Аймұқашев мәлімдеді.
«Өскемен қоқыс өңдеу зауытымен меморандумға қол қойылған, алайда ол өз міндеттемесін орындамайды. Бүгін біз шартты бұзу туралы сотқа өтініш бердік. Бөлінген учаскеде қытайлық компания жұмыс істейді. Бұл жұмыс Ұлт жоспарын практикалық іске асыруға кіреді», – деді әкім.
Облыс орталығының басшысы Өскемен әкімдігімен 2020 жылға дейін көлікті газға ауыстыру арқылы атмосфераға шығарындыларды азайтудың кешенді жоспары қаралып жатқандығын мәлімдеді. Газ құю бекеттерін құру үшін инвестиция құятын кәсіпкерлер жеткілікті тартылмауда.
Дерек көзі: www.inform.kz
Ресейге жасаған жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Гвинея Республикасының Президенті Альфа Кондамен кездесті. Форум аясында өткен кездесу барысында қос мемлекеттің басшылары саяси сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды жолға қою перспективаларын қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында Гвинея Президентімен кездесуінің символдық мәні бар екенін айтты. Альфа Конда өз кезегінде Қазақ елінің басшысына кездесу үшін алғыс айтып, екіжақты серіктестіктің түрлі салаларындағы қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Дерек көзі: Kazakh-tv.kz
Жұмыс процесін экологиялық таза, өндіріс орнын зиянсыз, тұрмысты қалдықсыз етуге болады. Сөзімізге дәлел Мойынқұмда орналасқан уран өндіретін кәсіпорынның осы бағыттағы бүгінгі қарқыны. Өндіріс ошағы жер қойнауының қазба байлықтарын экологиялық қауіпсіз жолмен алады. Жаңа технологияларды ұтымды пайдалануды көздеген мамандар уран кеніштеріндегі энерготиімділік мәселесін шешуді де қолға алған. Осылайша үнемделген қаражат есебінен онда күн паркін салу жоспарда бар. Сондай-ақ энерготиімділік мәселесін қадағалау үшін 2017 жылы сандық кеніш жүйесі де іске қосылады. Жалпы бұл салада отандық компаниялар ұсынған жаңашылдық қандай?
Источник: www.24.kz
Семинарда 12 маман оқытылды, соның ішінде:
Семинар қатысушылары ұсынылғандар:
«СМАРТ Инжиниринг» ЖШС; «ИСТ-ЭКО» ЖШС; «Альфа Консалтантс» ЖШС; «Жамбыл облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» КММ; «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ; «Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ; «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ; «Қызылорда облысы бойынша экология департаменті» РММ; «Жамбыл облысы бойынша экология департаменті» РММ; «Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті» РММ; «Экосфера» Үкіметтік емес ұйым мекемесі; «М. Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясы» АҚ.
Дәріс оқығандар:
Бекеев Адилетбек Толендиевич – ҚОҚ және табиғатты пайдалану саласындағы тәуелсіз сарапшы;
Бизара Жакиевна — ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары;
Токтасынова Тоты Клышбековна — ҚР ЭМ МГК ЭР БМИК бас сарапшысы;
Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ МГК ЭР БМИК бас сарапшысы;
Абилова Ляйа Толегеновна – ҚР ЭМ МГК ЭР БМИК бас сарапшысы;
Абдульманов Нургазы Сеильбекович — ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК АТД директоры;
Садвокасова Алия Малаевна — ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқармасының басшысы;
Семинар аяқталарда білімді бағалауды өткізгеннен кейін ҚР Энергетика вице-министрі Ғ.Қ. Сәдібеков пен «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК бас директорының м.а. А.А. Алдабергенов қол қойған куәліктер табыс етілді.
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі оны жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу және көмуден тұрады. Қалдықтарды басқару бағдарламасына сәйкес, алдағы бес жылда Астанада жаңа технологиялар енгізіледі, оның ішінде метан алу мен «жасыл» энергия өндіру. Сонымен қатар, қоқысты қайта өңдеу мен өртеуді ұлғайту мүмкіндіктері қаралуда, деп хабарлайды елорданың ресмисайты.
«Біз алдағы бес жылда пайдаланатын технологияларды белгіледік. Атап айтқанда, полигондағы қоқыстан газ шығару және сағатына 5 МВт дейін «жасыл» энергия өндіру. Ал 2020 жылға дейін қол жеткізуді мақсат етіп отырған басты көрсеткіш – қайта өңдеу тереңдігін 50% дейін ұлғайту болмақ», – деді «Астана қаласында қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны талқылау» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әділбек Сәрсембаев.
2020 жылға дейін елордада қалдықтарды жинаудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану үшін контейнерлерді жаңарту және қоқыс таситын машиналар паркін әлдеқайда үнемді және экологиялық тұрғыдан тиімді көліктермен алмастыру жоспарланып отыр.
«Қазақстандық МЖС орталығы» АҚ вице-президенті Айдос Көбетовтың атап өтуінше, әлемдік тәжірибеде қоқысты жартылай өңдеу және өртеу қолданылады, тек 10-15% ғана көміледі.
«Біз ұсынысымызды ҚР Энергетика министрлігіне жолдадық. Бұл жерде экология жағынан мәселелер бар, бірақ қазіргі кездегі технологиялар оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Айдос Көбетов.
Шара барысында 2019 жылға қарай елімізде құрамында сынап бар шамды, құралдарды, түсті және қара металлды, өңделген автомобиль майы мен сұйықтықтарды, батареяларды және т.б. полигондарда көмуге тыйым салынатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков мәлім етті.
Айта кетейік, қазіргі кезде елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару көлемі тәулігіне 1000 тоннаны құрайды. Елордалық қоқыс өңдеу зауыты тәулігіне 200 тоннаға жуық қоқыс қабылдайды, өткен жылы жалпы 73 мың тонна қоқыс жиналды. Оның 93% полигонда көміледі. 2015 жылы бұл көрсеткіш 360 мың тоннаға жуық болды.
Источник:www.inform.kz
Қарағанды облысында туризмді дамытуға мүмкіндік зор. Соған, әттең, Арқа төсінде жылы маусымның қысқа болатыны, сосын тағы ойдым-ойдым жолдар, қымбатшылық пен керекті инфрақұрылымның жетіспеушілігі ғана қолбайлау. Десек те, мұның бәрі – амалын тауып шешуге болатын мәселелер.
Айта-айта жауыр болған дүниелер көп. Шетелден қонақ шақырмақ түгіл, әзірге өзімізге жарайды дейтіндей де демалыс жағдайына қол жеткізе алмай келеміз. Әрине, мәселенің бәрі бағаға, яки ақшаға келіп тіреледі. Туристік маусым біздің өңірде небәрі үш-төрт ай ғана болатындықтан, санаторийлер мен демалыс үйлері осы бір қысқа ғана мерзім ішінде өздерін жыл бойы асырайтын нәпақасын қарпып қалуға тырысады. Нәтижесінде демалыс орнына жолдаманың құны шарықтай аспандап, екінің бірінің қолы жетпес арманға айналып жүре береді. Көпшілік, тіпті, одан едәуір арзан бағаға әлдебір шетелге барып демалып қайтқанды жөн көреді. Әйтсе де, бағасының қымбаттығына да қарамай, туған жердің табиғатын хош көрген жандар табылып жатса, ондай отаншыл ағайынның алдына жеткенше соғып тастайтын жол мәселесі шығады. Одан қалды, біздің шипажайлардағы жағдай, қызметкерлерінің қонақ күту мәдениеті мақтанып айтарлықтай емес. Бірақ, осындай кемшіліктерге көз жұма қарайтын шетелдіктер де болады екен. Ондай саяхатшыларды «экотурист» дейді. Енді, еш қиындықтан қорықпай, тәуекелге бел буып келетін ондай қонақтар әлдебір келеңсіздікке тап болуды өзі тілеп жүретін экстремальды туристерге жақын болса керек.
Бұл заманда тойып секіруден жалыққан еуропалықтар дүниенің адам аяғы аз басқан бір бұрышына барып, өз жүйкесін өзі қытықтағанды өмірдің қызығы көреді-мыс. Қазақстанға келу үшін барын салып, амалын тауып жеткен соң, байтақ даламыздың бір қиянын бетке алады. Осындай туризмнің мысалы Қарағанды облысында да бар. Қазір Арқа өңірінде шетелдіктерді магниттей тартып тұрған бір тұс – Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылы. Бұл ауыл Қызыларай тауларының ең биік нүктесі Ақсораңның бауырында жатыр. Ғайыптан тайып келе қалған еуропалық қонақты өзіміздің ауылдағы ағайын құда күткендей ақтарылып, шабылып, шашылып емес, ауыл арасында жүрген әлдекім құсатып қана күтеді екен. Еуроқонақ өзі түскен үйдің іші не жесе соны жеп, не ішсе соны ішеді. Әлбетте, ауылдағы қазекемнің шаңырағы ет жеп, ағарған ішпей отыра алмайды. Бауырсақ пен құрт-майы дастарқанда шашулы жатады. Шетелдік соған бек разы. Ол өзін ешкім де асты-үстіне түсіп күтпейтінін алдын ала біліп келеді. Оның бар ойы, есіл дерті – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу. Сиыр мен биенің, қой-ешкінің қалай сауылатынын, қалай бағылатынын, Қаратал өзеніне апарып суарылатынын, қора-жайдың қалай тазаланатынын көру қызық. Қора-қопсы мен күлтөбені айналып жүре бермейді, әрине. Қонақ қой, дегенмен. Арнайы бағдарлама бойынша, бұл «жамағайынға» Қызыларай таулары мен орманын аралатып, серуендету керек. Табиғат аясында шатыр тігіп түнеу, даланың жеміс-жидегінен ауыз тию де ол үшін бір керемет демалыс болмақ. Ауылдың әдетте бір жамбасына қарай қисайып тұратын дәретханасына бірнеше күн бойы кіріп-шығу да ол үшін өмірі ұмытылмас «естелік» болады.
Осы турды ұйымдастырушылардың айтуынша, Еуроодақтың Германия, Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Франция сияқты мейлінше тоқ, бақуатты елдерінен келетін қонақтар Қазақстанның осындай тіршілігін көріп, жақынырақ тануға құштар. Содан кейін өз елдеріне біз туралы не айтып баратындарын құдайым білсін… Бәрін айт та бірін айт, Шабанбай би ауылына ағылған саяхатшылардың саны барған сайын артып барады. Тіпті, ұзынқұлаққа сенсек, бұл бағыт әлемдегі тез қарқын алып келе жатқан туристік бағыттардың жүздігіне ілігіпті.
Ұрты майланған ұйымдастырушылар енді дәл осындай туристік жобаны Ұлытау ауданында да іске қосуды жоспарлап отыр екен. Өркениеттен шаршаған шетелдікті таңданыстан талдыратын ауылдар ол жақта да бар шығар.
Мәселенің өзі сонда: экотурист баратын ауыл жаңа дүние жаңалықтарынан алыстау, өркениет атаулыдан мейлінше мақұрым болуы шарт. Қаладағыдай жайлы тірлік, мұнтаздай тазалық болса, олар ол жаққа барудан үзілді-кесілді бас тартады екен. Оларға неғұрлым жабайы орта керек. Бұл жерде жолдарда ой-шұқырдың көп болуы да «оң көрсеткіш» болып тұр. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, еуропалық туристер үшін ескі «УАЗ»-ға мініп алып, ен даланың ой-қырымен орғи зымыраған әлдеқайда қызық екен. Оның үстіне, баяғыша жеміс-жидек, саңырауқұлақ теруге шығу Еуропадан келген қонақтарға тіптен қызық емес сияқты.
Қарағандыда тағы бір туристік бағыт – «КСРО-ға саяхат» әзірленуде. Оның аясында ҚарЛАГ, Спасск тәрізді сталиндік заманның нысандарына, көрші облыстардың да аумағына шығып, ядролық полигонға, басқа да тарихи жерлерге барып қайтуға болады. Бұл бағыттың бағдарламасы бойынша келешекте Қарағанды шахталарына түсуге, Жезқазған өңіріндегі ғарышкерлік, әскери нысандарға барып қайтуға болады. Айта кету керек, бұл турлар жекелеген туристер үшін қымбат болғанымен, облыстың туристік секторы үшін елеулі пайдасы жоқ. Экономикаға тиімді болуы үшін ерігіп жүрген екі-үш еуропалықты емес, туристердің тұрақы әрі мол ағынын тарту қажет.
Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, туризм мәселесінде өңір басшылығы келесі жылға үлкен үміт артып отыр. Бұл алдағы жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуімен де, сол кезде Қарағанды облысында туристерді тарту, қабылдау бойынша бірқатар жобалардың іске қосылуымен де байланысты.
Аблаева ханым атап өткендей, Қарағанды облысының туристік секторы қазір жылына 260 мыңдай адамға қызмет көрсетіп отыр. Қонақтарға көрсетілетін қызмет ауқымы 3,5 млрд. теңгені құрайды.
ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында туристерді орналастырудың жаңа мүмкіндіктері, өңір бойынша жаңа туристік бағыттар ашылып қалар деген үміттеміз. Қарағандылық туроператорлар халықаралық көрмені ұйымдастырушылар мен шетелдерден келетін қонақтардың бір бөлігін Қарағандыда, «Сарыарқа» әуежайында күтіп алу туралы меморандум жасасып қойған. Қарағанды топырағына табан тигізген жатжұрттықтарды өңірдің Қарқаралы, Балқаш сияқты әсем тұстарына апарып демалдырып, Астанаға тек содан кейін жеткізіп салу жоспарланған.
Жалпы, биылғы жылы өңірдегі туризм саласында құны 3,9 млрд. теңге болатын 14 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім еткен болатын.
«Туризм саласын дамытуда жақсы мүмкіндіктер бар. Балқаш маңы өңірі, Қарқаралы, Ұлытау аудандары және облыс орталығы негізгі бағыттар болып отыр. 2015 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы нысандардың саны 14 пайызға дерлік өсіп, 200-ге жетті. Жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге инвестицияға туристік бизнестің 11 жобасы іске қосылды. Оның алтауы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болып, 80 жұмыс орны құрылды», – деген еді өңір басшысы.
Арқа өңірінде туризмді дамыту жұмыстарының соңғы жылдары кешенді түрде қолға алына бастағаны рас. Бұл бағытта экологиялық және тарихи туризм түрлерін өрістетуге баса көңіл бөлінген. Мысалы, Балқаш көлінің маңайында жағажай туризмі, Қарқаралы өңірінде экологиялық, тарихи және белсенді демалыс туризмі дамытылса, Ұлытау ауданында тәу ету, Қарағанды қаласында мәдени-танымдық және іскерлік туризмі екпінді түрде ілгерілетілуде.
Тап осы туризмнен табан асты байып кетпесек те, бұл саладан біздің алар ырыздығымыздың аз еместігіне кәміл сенетін уақыт жеткен сияқты.
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 9 маусым күні Жалпыұлттық аза тұту күні. Өткен жексенбіде Ақтөбеде қанды қол қылмыскерлердің әрекетінен адамдардың өмірі қиылды, бірқатары ауыр жарақат алды.
Бір топ лаңкес мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте елдің тыныштығын бұзды. Осы орайда бұл күні барша халқымыз 5 мамырда қанды оқиға салдарынан қаза болған боздақтарды қайғыра еске алатын болады, еліміз ойын-сауық шараларынан бас тартып, Қазақстан халқының бірлігі мен болашағы туралы терең-терең ойлар айтылады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласында болған террористік актілерге байланысты жасаған мәлімдемесінде лаңкестер заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатынын қадап айтты.
«Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда»,-деді Елбасы
Мемлекет басшысы ел іші бүтін болмаса, ел де болмайтынын, қазір – нағыз елім, жерім деген отансүйгіштікті көрсететін уақыт екенін қадап айтты.
«Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім – ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз. Мен Қазақстан халқы дүниедегі дағдарыс және бүгінгідей жауапты шақта тағы да барша әлемге елдігі мен бірлігін паш етеріне сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»,-деді Елбасы.
Ақтөбеде 5 маусымда лаңкестік салдарынан қаза тапқан 7 адам – бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілердің есімдері:
– «Паллада» дүкенінің сатушысы Максименко Андрей, 1972 жылы туған;

– Зейнеткер Онищенко Николай, 1947 жылы туған («Паллада» маңынан өтіп бара жатқан);

– «Күзет» қызметінің қызметкері Тәжібаев Мерхан, 1983 жылы туған;

– «Пантера» дүкеніне келуші Матросов Михаил, 1981 жылы туған;

– Әскери қызметші Сапар Досбол, ОҚО тумасы, 1997 жылы туған;

– Әскери қызметші Майлыбаев Даниэль, алматылық, 1975 жылы туған;

– Әскери қызметші Қалиев Берік, БҚО тумасы, 1978 жылы туған.

Источник: www.zakon.kz
«Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаржы дұрыс игерілмей жатыр. Мәселен биыл бюджеттен бұл бағытта 840 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінге дейін бұл соманың тек 12 пайызы ғана кәдеге жаратылған. Осы орайда үкіметтің селекторлық отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов Ұлттық қордың игерілмеген қаржыларын даму қарқыны зор аймақтарға қайта бөлу керектігін айтып, бұл істі Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа жүзеге асыруды тапсырды. Еске салсақ, өткен айда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кабинеті мен облыс әкімдерін жинап кеңейтілген отырыс өткізген. Мемлекет басшысы онда бюджеттен бөлінген қаржының тиімді игерілмей жатқанын сөз етіп, «Нұрлы жол» бойынша жұмсалған әрбір теңге сұралатынын жеткізген еді. Кәрім МӘСІМОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Биылғы жылға қаражат бөлінді. Тек оны игеру мәселесі кейбір аймақтарда бәсең болып тұр. Экономика министрі осы жағдайды зепрттеп, тиімді аймақтарға қаржыны бөлуді қайта қарауы керек. Бір апта ішінде маған ұсыныс беріліп, дамуы зор өңірлер нақтылануы қажет. Келесі отырыста қайда және қанша бөлінетіні туралы шешім қабылдаймыз.
Дерек көзі: www.kazakh-tv.kz
2016 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және Қазақстандағы Экологтар күніне арналған салатанатты жиын өткізілді.
Өзінің алғысөзінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау заңнамасы саласындағы жаңалықтарға тоқталып өтті.
«Бірталай халықаралық келісімдерге (Озон қабаты бойынша Монреаль хаттамасы, Каспий теңізінің су және биологиялық қорын сақтау бойынша келісім), экологиялық мәселелер және төменкөміртекті «жасыл экономика» бойынша заңдарға қол қойылды. Бұл қол қойылған халықаралық құжаттар біздің экологиялық заңнаманы жақсартуға мүмкіндік берді, бұдан былай халықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа және әділ сотқа қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді. Экологияға тікелей қатысы бар жобаларды іске асыру барысында заңнамалық деңгейде міндетті түрде қоғамдық кеңесті өткізу шарасы бекітілді. Сонымен қатар Парниктік газдардың шығарындыларына квоталарды бөлу жөніндегі ұлттық жоспарды қалыптастыру бойынша енгізіліп жатқан өзгерістер парниктік газдардың шығарындыларына тиімді квота бөлу жүйесін және квотаның ішкі саудасын енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Салтанатты жиын барысында министрліктің қызметкерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, ғылым қызметкерлері, ұстаздар және жоғарғы оқу орындарының студенттері және т.б. қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді қатысқаны үшін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және «Экология саласының үздігі» ведомстволық медалімен марапатталды («Экология саласының үздігі» ведомстволық медалімен – 20 қызметкер, құрмет грамотасымен – 33, журналистерден құрмет грамотасымен «ҚазТАГ» ХАА Астаналық бюросының басшысы Асхат Ахметбеков және 24 KZ каналындағы «Жасыл экономика» бағдарламасының редакторы Жазира Окубаева марапатталды, алғыс хаттар 35 қатысушыға табысталды).
Анықтама ретінде: Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қоршаған ортаны қорғау және жақсарту қажеттілігін қоғамның санасына тереңірек ұғындыру мақсатында БҰҰ Бас ассамблеясымен 1972 жылдың 15 желтоқсанында бекітілген болатын.
Өткізу күні 5 маусым болды, оған себеп, дәл осы күні Адамның қоршаған ортасы мәселелері бойынша БҰҰ-ның конференциясының ашылуы болды (Стокгольм, 1972 жыл), конференциядан кейін Қоршаған ортаны қорғау бойынша БҰҰ-ның бағдарламасы құрылды (ЮНЕП).
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі