Дереккөз: www.24.kz
Түркістан облысының Арыс қаласында күн электр стансасы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін бұл нысан – Қазақстан мен Франция компанияларының біріккен жобасы. Аумағы 30 гектар жерді алып жатқан станса құрылысын шетелдік инвесторлар қаржыландырды. Оған Еуропалық даму банкінен 7 млрд теңге қаралған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. «Жоба қазан айында толық іске қосылып, электр энергиясын жеткізуді бастайды. «Бұл таза энергияны өндіруге мүмкіндік береді», – дейді жауапты сала мамандары. Бүгінде заман жоғары қарқынмен дамып, энергияны қажет ететін техникалар саны көбеюде. Осыған орай, бұл техниканы энергиямен қамтамасыз ететін бірден-бір табиғи қуат көзі саналады. Жалпы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылады.
Нұрлан Қапенов, Қазақстан күн электр станциясы қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:
– Келесі жылы күн электр стансасын кеңейту жоспарлануда. Қазақстан бойынша баламалы қуат көзін өндіретін 70 станса бар. Соның ішінде күн электр стансалары 25 мГв электр энергиясын өндіреді. Оңтүстік өңірде күн ыстық болғандықтан, қуат өндіру жеңіл. Есесіне мұнда қуат көзі тапшы. Бұл жобаның мақсаты – сол проблеманы шешіп, экологиялық жағдайды жақсарту.
Дереккөз: www.24.kz
Ақтөбеде саябақтарды тиісті деңгейде ылғалмен қамтамасыз ету үшін жаңадан су арнасы салынуда.
Бұл қуаңшылық жылдары өзен-көлдердің мүмкіндігін тең қолдану үшін жасалған қадам.
Шама-шарқы саяжайларды суаруға әрең жететін Сазды өзенін Ақтөбе су қоймасынан қоректендіру жобасы қазан айына дейін аяқталуы тиіс.
Елек өзенінен Саздыға дейінгі он бір шақырымға жуық құбыры жер астымен тартылады. Әзірге мердігер мекеме бұл жұмыстарға кірісе қоймаған. Алдымен жаңа арнаның Сазды өзенімен кездесер тұсын бекітіп алу керек дейді.
Нұрбол Махамбетов, мердігер компания өкілі:
– Бұл жерге 500 текше метрлік насоспен су айдалынады. Және астын шайып кетпеу үшін 285 метрі ғана асты бетондалды Сазды өзенінің.
Су тапшылығы өңірде биыл ерекше сезілді. Жаз шықпай тұрып, өзендердің арнасы кеуіп қалған. Шаһар маңындағы қоймаларда су қоры мардымсыз. Мәселен, Ақтөбе жасанды көлінің көлемі 245 миллион текше метр болса, биыл соның 93 миллионы ғана жиналған. Негізінен қар суымен толатын Сазды су қоймасында да жобалық көлемі 7 жарым текше метрдің, жартысына жетер-жетпесі бар. Бұл жағалай орналасқан бау-бақшаларға қиындық тудырып отыр.
Мақсат Разбаев, «Қазсушар» РММ Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы:
– Сазды су қоймасында 26 су тұтынушы бар. Ол саябақтар және жеке шаруа қожалықтар. Олардың барлығына біз үнемдеп су беруге міндеттіміз. Енді биыл бір мезгіл су толтырып, жіберіп тұрамыз арасында.Келесі жылдан бастап мына құрылыс біткеннен кейін қосымша су келіп тұрады. Сол себептен су тапшылығы азаюы мүмкін.
Сазды өзені бойындағы бұл мәселе биыл шешілуі тиіс болатын. Арна құрылысы өткен жылдың күзінде бітуі керек еді. Алайда құны 1 млрд 362 млн теңгенің жобасы бір жылдай тежеліп отыр. Құрылысшылар мұны қаржыландырудың кешіктірілуімен байланыстырады.
Мансұр Есқожин, тілші:
– Жоспар бойынша Сазды өзенінің осы тұсында сорғылау станциясы орналасады. Суды пластикалық құбырлар арқылы арғы беттегі саябаққа жеткізу көзделген. Бұл өсімдіктерді ылғалмен қамтамассыз етумен қатар, демалыс орнына көлшік салуға мүмкіндік береді. Қазір орталық саябақтағы қос шағын су қойманың табаны дайын тұр.
Жоба авторларының пайымдауынша, жаңа арна шаһардағы ең ірі саябақты үздіксіз сумен қамтамассыз етеді. Сәйкесінше, бұған дейін суды көлікпен тасыған коммуналдық мекемелердің шығыны да азаяды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Дереккөз: www.24.kz
Каспий теңізіне 18 мың текше метрге жуық лас суды төккен жеке компанияға 1,7 млн теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ айып тағылған тарапқа қоршаған ортаны тазалау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу міндеті жүктеліп отыр. Бұл туралы өңірлік экология департаментінің мамандары хабарлады. Бұл оқиға 9 мамырда болған еді. Приморский елді мекеніне қарама-қарсы жағалауға қара судың құйылып жатқанын тұрғындар ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жүктеді. Жағажайға жедел барған мамандар сынамалар алып, құрамын зерттеген. Нәтижесінде теңіз суында марганец, никель, мыс секілді улы заттардың көп мөлшерде екені анықталды.
Руслан Төкенов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– Қазақстан Республикасының әкімшілік Кодексінің 324-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және де қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы есептелді. Оның сомасы 1,7 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта лас суды төгу факторына жол алдырмау үшін тиісті бөгеттер салуды да міндеттедік.
Дереккөз: www.24.kz
Синоптиктер ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде ескерту жарияланды.
24-25 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде күн күркіреп, дауыл соғуы ықтимал. 25 мамырда өңірдің кей жерлерінде бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, 24 мамырда күндіз жел 23-28 м/с, кей жерлерде 30 м/с және одан қатты соғуы мүмкін.
24-25 мамырда Ақмола облысының кей жерлерінде найзағай жарқылдайды, дауыл күтіледі, 25 мамырда кей жерлерде бұршақ жауады. 24 мамырда оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші түнде кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз өңірдің басым бөлігінде 15-20 м/с жетеді, кей жерлерде 23-28 м/с, облыстың солтүстігінде екпіні 30 м/с және одан асып кетуі мүмкін. 25 мамырда оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, секундына 15-20 метр, кей жерлерде екпіні 23-28 метрге жетеді.
Нұр-Сұлтан қаласында 24 мамырда күндіз, 25 мамырда тәулік бойы оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15-20 м/с жетеді, 25 мамырда күндіз кей уақытта 25 м/с болуы мүмкін. 25 мамырда найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі.
24 мамырда Қостанай облысында оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 15-20, екпіні 23-28 м/с күтіледі. Кей жерлерде найзағай, бұршақ күтіледі.
24 мамырда түнде Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде 3 градус үсік сақталады.
Дереккөз: www.24.kz
Батыс Қазақстанда суландыру жүйелері қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тақауда 4 миллиард теңге қаржы жұмсалған «Киров-Шежін» каналы іске қосылды. Осының арқасында 90 мың гектар жайылымдық алқапқа су жетті.
Енді көл табандарына су жинайтын гидротехникалық құрылғылар жөнделе бастады.
Жаңақала ауданында жайылымдық алқаптардың жалпы көлемі 1 миллион гектарға жуықтайды. Соның 48 мыңы суармалы жерлер санатында. Аудандағы 500-ден астам шаруашылықтың бағымында 60 мыңдай ірі қара, 170 мың қой-ешкі мен 23 мың бас жылқы бар. Төрт түлікке қажетті мал азығын дайындау оңай шаруа емес. Мәселен, бір ғана Қызылоба ауылдық округінде 30 шақты шаруа қожалығы бар. Көлтабандардағы гидротехникалық құрылымдар талапқа сай болмаған соң суармалы алқаптардың аңқасы кеуіп, арнасы тез құрғап қалатын.
Нұржан Бердіғалиев, Қызылоба ауылдық округінің әкімі:
– Кеңес одағы кезінде салынған лиман ғой, үкімет тарағаннан кейін иесіз қалып қойды. Содан каналдың бәрі бітелді. Тек судың көптігінен еріксіз ғана жайылып, ұзақ шығып жүрді. Енді биылғы жылы каналдарды тазартқаннан судың келімі өте жақсы.
Биыл аймаққа ақ ұлпа мол түскенімен, жайылымдық жерлерді жарылқай қоймады. Көлтабандар арнасы қар суымен толығар деген шаруа үміті ақталмады. Ал тек осы аумақтағы 13 мың гектардай суармалы жерге 40 миллион текше метр су керек. Бар үміт Жайық суында. Бірақ мамандар күзге дейін құйылатын көлем 9 миллион текше метр болады деп болжайды. Дегенмен жөнделген қақпалар қазірдің өзінде жиналған суды ұстап қалып, босқа ысырап болуын тежеп отыр.
Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары:
– 58 миллион қаржы бөлінді. Соның ішінде 12 су қақпасы, 38 шақырым канал су келетін жүйелер тазаланды. Шыны керек, жыл сайын қиындық туғызатын еді. Су осында келу үшін 2-3 жұма уақыт кететін еді. Биыл аз су болса да, 1 жұмада түсті.
«Қарасу-Төртқұлақ» көлтабандарын қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. 16 мың жарым гектар болатын көлтабан аумағын суландыру нәтижесінде мал азығының мол қорын жасақтауға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта Ақжайық су қоймасы жөндеуден өтіп, Жайық-Шалқар каналы мен Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі де қалпына келтіріледі.
Ғали Есқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Осы жұмыстарды біз әрі қарай жалғастырамыз. Қазір қосымша 17 объектің жобалық құжаттамалары дайындалуда. Біздің мақсатымыз қазір 68 мың жайылма суармалы жерлеміз бар, оларды кем дегенде 200 мыңға жеткізу.
Соңғы 4 жылда суландыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Осы қаржыға аймақта 9 гидротехникалық нысан қалпына келтірілген. Нәтижесінде, 40 мың гектарға жуық суармалы алқап тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов
Дереккөз: www.24.kz
Маңғыстау облысында обыр ауруына қарсы тұратын көкөніс өсірілмек. Емдік қасиеті бар қызанақ өсіруді Оңтүстік Корея инвесторлары жүзеге асырмақшы.
Сондай-ақ келесі айда түркиялық компания Ақтау жағалауында жаңа демалыс орнының құрылысын бастайды. Мұның бәрі Астана халықаралық қаржы форумында қол жеткізген келісімнің жемісі. Маңғыстау облысы аталған халықаралық шара аясында шетелдік инвесторлармен құны 2 миллиард 200 миллион доллар тұратын меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, өңірде пластик өндіруге қажетті шикізат дайындайтын ірі зауыт салынбақ. 1 миллиард 800 доллар тұратын жобаны Сингапур инвесторлары жүзеге асырады. Ал Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны Оңды ауылының іргесінен шойын өндіретін өндіріс ошағын салмақшы. Жалпы ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы салаларында бірқатар жобалар іске асырылады. Қазір жергілікті билік аталған жобаларға қажетті инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын дайындауға кірісіп кетті.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
– Бұл тек қана инвестиция тарту ғана емес, бұл жерде көптеген әлеуметтік мәселелер шешіледі. Кеше әкімнің оларға ұсынғаны, кадр мәселесін бізден дайындау керек деген талап қойды алдарына. Олар келісті. Сондықтан да біздің білім басқармасына қазір тапсырма берді. Қазір қандай кадрлар керек, қандай тапшы болады. Соларды өңірден дайындап бастаймыз. Бұл бір. Екіншіден, жұмыс көздері. Осы жобаларыдң барылғы бюізде 3-4 жылдың арасында 8 мың жұмыс орнын ашады.
Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстанның денсаулық сақтау, табиғатты қорғау және гидромелиоративтік қызметтері өкілдерінің қатысуымен Сырдария өзені бассейніндегі қоршаған ортаны қорғау және су сапасы жөніндегі Өзбек-Қазақстан бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті. Қазақтан делегациясын Энергетика министрлігінің қызметкерлері ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті директорының орынбасары Наталья Даулетьярова, Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің басшысы Венера Мустаяпова, Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің басшысы Валентина Лукьянова, «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг департаментінің директоры Ольга Корнюхова және Түркістан облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалының Табиғи ортаның ластану мониторингі зертханасының меңгерушісі Гүлнар Мәуленова ұсынды.
Тараптар бірлескен мониторинг жүргізу, Сырдария өзендерінің бақылау бекеттерінің жай-күйін, сондай-ақ өзара мүдделерді ескере отырып, ластауыштардың тізімін қайта қарастыру мәселелерін талқылады. 28 ластауыш зат бойынша бірлескен мониторинг әдісін келісу жүзеге асырылды. Сырдарыия өзенінің су сапасы бойынша алдын ала ақпаратын жинау үшін ағымдағы жылдың 2 маусымында «Шөлікөр» (Өзбекстан) және «Көкбұлақ» (Қазақстан) гидро бекеттерінде алғашқы су сынамасын алу туралы шешім қабылданды, нәтижелер туралы ақпарат алмасу 15 маусымға белгіленген болатын. Сондай-ақ, тоқсан сайын көрсетілген тұстамалардағы су сынамасын іріктеу жиілігі туралы ақпарат алмасу арқылы бекіту ұсынылды.
Алғашқы іріктеуді талдау нәтижелері ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанда өтетін Жұмыс комиссиясының келесі отырысында ұсынылатын болады.
Кездесу барысында қазақстандық делегация Өзгидромет табиғи ортаның ластану мониторингі зертханасын, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-гигиеналық зертханасы мен Сырдария облысындағы қоршаған ортаның ластануына мониторинг жүргізу зертханасының зертханалық зертханасында болды, онда ол техникалық құралдармен және нормативтік-техникалық құжаттамалармен және жұмыс журналдарымен және бақылау жоспарларын жүргізу әдістемесімен танысты.
Іс-шара Сырдария өзенінің бассейнінде қоршаған ортаны қорғау және су сапасы мәселелері бойынша Өзбек-Қазақстан бірлескен жұмыс тобының 2018-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткізілді.
Наталья ДАУЛЕТЬЯРОВА,
ҚР Энергетика министрлігі
Экологиялық саясат және тұрақты даму
департаменті директорының орынбасары.
Дереккөз: pkk.iacoos.gov.kz
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылғы мамырдың 15-нен 17-не дейінгі мерзім аралығында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін Астана қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына оқыту семинарын өткізді.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Техбұлақ» ЖШС, ТОО «Теміржол Құрылыс-Атырау», «Светланд-Ойл» ЖШС, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті», «Nova Цинк» ЖШС.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр.
Елімізде жаңартылған энергия көздерінен қуат өндіретін 59 нысан болса, оның 43 проценті Әулиеата өңірінде іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ.қ азір аймақта күннен, судан, желден қуат өндіретін 10 станция тұрақты жұмыс істейді. Бұл нысандарда өндірілген қуат облыс тұтынып отырған энергияның 36 процентін қамтуға жеткілікті. Қазір аймақтың Шу мен Сарысу аудандарында күн және жел электр станциялары салынып жатыр. Қос нысанның әрқайсысының жобалық қуаты 100 мегаватт. Жоспар бойынша Шудағы күн электр станциясын қыркүйек айында іске қосу көзделіп отыр. Ал, Жаңатастағы нысан 2020 жылы толығымен пайдалануға берілмек.
Нұржан Ережепов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
– Біздің климаттық жағдайымыз өте қолайлы. Жаңартылған энергия көздерін пайдаланып, соны іске асыруға. + Болашақта 2019-2023 жылға дейін 25 жобаны іске асыру көзделуде. Яғни ол жердің жалпы қуаты 1392 мегаватты құрайды.
Дереккөз: www.24.kz
«Қазгидромет» РМК синоптиктері еліміздің бас қаласында 17 мамыр күні үсік болатынын ескертеді.
«Нұр-Сұлтан қ. Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК деректері бойынша түнде 17 мамырда топырақ бетінде 3 градус үсік сақталады», делінген хабарламада.