Дереккөз: www.24.kz
Елімізде қанша жұмыс атқарылса да қоқыс мәселесі әлі өзекті. Жыл басында кей қатты тұрмыстық қалдықтарды лақтыруға тыйым салынды.
Ол үшін арнайы жәшіктер қойылды. Мақсат қоқысты жинап, қайта өңдеу.
Қоқыс өңдейтін зауыт. Елордада орналасқан. Бұл жерге күніне ондаған тонна қалдық жеткізіледі. Жалпы елдегі бір тұрғын жыл сайын орташа есеппен 300 келі тұрмыстық қоқыс лақтырады екен. Соның тек 10 проценті қайта өңделеді. Өзгесі топырақта қалады.
Қаламқас Күлімбаева, инженер-эколог:
– Біз тұрғындарға қатты қалдықтарды жеке жәшікке салу керектігін айтып жатырмыз. Себебі түрлі заттармен араласқанда қатты қалдықтар құнын жояды. Бүлінеді. Өңдеуге де келмейді.
Елорда маңындағы полигонға осы кезге дейін 100 миллион тонна қоқыс тасталған. Жыл басынан бері шыны, қағаз, полиэтиленді лақтыруға тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап құрылыс және барлық тұрмыстық қатты заттарды төгуге шектеу қойылады. Тек іріктеп, әр қоқысты өзінің тиісті жәшігіне салу қажет болады.
Гүлзара Есмағамбетова, компанияның PR менеджері:
– Қаладағы барлық тұрғын үй кешендерінде, ұлттық компанияларда, кәсіпорын, мекемелер маңында сары түсті контейнерлер тұр. Ол жерде қоқыстардың әрбірін қандай жәшікке салу керектігі көрсетілген. Мәселен жасылына тек тамақ қалдықтарын лақтыруға болады.
Әсел Құспанова. Қоқысты мұқият іріктеп, лақтырады. Арнайы экоклуб та құрып алған. Қарамағында мыңға тарта адам бар. Бәрі жиылып, өзгелерді де қоқысты іріктеп лақтыруға үйретеді.
Әсел Құспанова, экоклубтың негізін қалаушы:
– Менде тамақ қалдықтарына арналған арнайы шелек бар. Тіпті лақтыратын пакеттің өзі полиэтилен емес. Ал екінші шелекке өңдеуге келетін қалдықтар салынады. Бірақ менде қоқыстар тек екі-үш айда ғана жиналады. Себебі қалдық қалдырмауға тырысамын.
Осындай қарапайым қағиданы ұстанған әр тұрғын табиғатты сақтап ғана қоймай, пайда да таба алады. Мәселен, қоқыс қабылдайтын орындарға бір келі пластик құты өткізсеңіз 40 теңге аласыз. Бір шыны құтыға 3 теңге беріледі. Алюминий ыдыстардың бір келісіне 100 теңге төленеді. Ал макулатураның келісі 5 тен 20 теңгеге дейін бағаланады.
Нұрлан Нұржанов, шикізат қабылдайтын компанияның өкілі:
– Қала бойынша қоқыс қабылдайтын 35 бөлімшеміз бар. Өткізілетін қатты қалдықтар мүмкіндігінше таза, тамақпен араласпаған болу керек. Үйден іріктеп алып келу қажет. Сосын бағаланып, ақшасы беріледі.
Шетелде қалдықтарды компания өкілдері бір жерге жинап жағады. Содан энергия өндіреді. Аталған тәжірибе АҚШ, Еуропаның кей мемлекеттерінде және Жапония мен Қытайда бар. Ал бізде мұндай кәсіпорындар салына қойған жоқ. Әзірге іріктеу мәдениетін дамыту өзекті болып тұр. Бұған енді әрбіріміз жауаптымыз.
Авторлары: Қорған Төреқожа, Даная Исатай, Марат Диқанбаев
Дереккөз: www.24.kz
Атырау облысы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына себеп болған кәсіпорын анықталды.
Бұл жөнінде «Бекіре-2019» балық қорғау операциясын қорытындылаған құқық қорғаушылар мәлімдеді. Естеріңізде болса, Атырауға жасаған іссапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балықтың жаппай қырылуына себеп болған мекеме қатаң жазаланады деген болатын. Жалпы балықтардың уылдырық шашу маусымында Жайық өзені мен Каспий теңізіне еншілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы су айдындары да қатаң бақылауға алынады. Биыл осы үш облыс бойынша заңсыз балық аулаған және балық өнімдерін тасымалдаған азаматтарға қатысты 64 қылмыстық іс тіркелген. Ал Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына себеп болған «Атырау су арнасы» мекемесіне жасалған сараптамалар аяқталып, іс сотқа жіберілді. Енді соңғы үкімді сот мүшелері шығаратын болады.
Серік Жанұзақов, ОПД, Су полициясының басшысы:
– Қазір экспертизаның барлығы аяқталды. Қазір айып тағып, істі сотқа жолдау үстіндеміз. Қазір тергеушілер техникалық жұмыстарды аяқтап жатыр. «Атырау су арнасы» мекемесіне келіп тоқталды, оларда хлордың мөлшерінің көптігіне байланысты, бұл енді түпкілікті ақпаратты біздің баспасөзбен байланыс қызметінен түпкілікті алуға болады.
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде жеңіл көліктердің небәрі 1 проценті электр қуатымен жүреді.
Экологтар қоршаған ортаға зияны жоқ электромобильдердің көбейгенін қалайды. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл жол» алғашқы автошеруі басталды. Әлемдік жетекші компанияларда құрастырылған және Қазақстанда жасалған электромобильдер Нұр-Сұлтан қаласынан Бурабайға дейін жүріп өтеді. Мақсат-экологиялық таза көліктерді насихаттап, халықтың қызығушылығын ояту. Мамандардың айтуынша, елімізде электромобильдерді көбейтпес бұрын арнайы инфрақұрылымын қалыптастыру керек. Осы орайда, бірақатар жобалар іске асып жатыр. 3 жыл бұрын Қостанайда алғашқы электромобиь құрастырылды. Назарбаев университетінің студенттері де электрокар құрастырып, Сингапурде өткен байқауда 14-орын алды.
Әділбек Басекеев, халықаралық жасыл технологиялар орталығының аппарат басшысы:
– Ақкөл қаласында көліктерге арналған шағын электростанция орналастырдық. Автомобильдер сол жерде аялдап, қуатталады. Болашақта сондай стансаларды еліміздің барлық өңірінде ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі, коммуналдық, мемлекеттік мекемелер, өзге де кәсіпорындар қоршаған ортағы зияны аз көліктерді қолданса дейміз.
Әсет Мәлік, Назарбаев Университетінің студенті:
– Алдыңызда тұрған автокөлік толығымен Қазақстанда жасалған. Оны бірігіп, Назарбаев университетінің 10 студенті 1 жыл ішінде құрастырып шығарған. Осы көлік 4 сағат ішінде 97 км қашықтыққа дейін жүре алады.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 51 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның 10-ы жаңа, өзгесінің құрылысы өткен жылы қолға алынған. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 15 жоба жүзеге асырылып, 300 мыңға жуық адамның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айта кетейік. Жыл соңына дейін Жетісу өңіріндегі елді мекендердің ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 91 пайызға жетеді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Сабыр Ахметқали, облыстық энергертика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің маманы
– Жалпы, 51 жобаны іске асыруға бізде 9,9 млрд теңге бөлінген. Оның 6,3-і – республикалық, 3,6-сы – облыстық бюджеттен. Аталған бағдарлама аясында 7 жобаны іске асыру, яғни су бұру, канализация желілерін іске асыру үшін 2,3 млрд теңге қаражат бөлінді.
Дереккөз: www.24.kz
2025 жылға дейін қалалар 100 пайыз, елді мекендер 85 пайыз сапалы ауызсумен қамтылуы тиіс.
Бұл орайда жыл сайын мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Мемлекеттік бағдарламар арқылы 500-ден астам жоба іске асқан. Бүгінгі Үкімет отырысында елді мекендерді ауыз сумен қамту және су жүйлерін тарту мәселесі қаралады.
Ақсәуле Байменшина
Дереккөз: www.24.kz
Қуаты 5 МВт-ты құрайтын кешен Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылын электр қуатымен қамтамасыз етпек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қатар ауыл маңындағы жылыжай, мал шаруашылығы сынды өндіріс орындарына қажетті тоқты өндіреді. Осылайша электр энергиясы тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Станциядағы үш құрылғы да Германияда жасалған. Құны 800 миллион теңге болатын жобаны қазақстандық компания шетелдік инвесторлармен бірлесе жүзеге асырды. Құрылыс кезінде 20, ал іске қосылған соң 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жыл бойы жел соғып тұратын аймақ үшін жел электр станцияларын салу тиімді», – дейді жоба авторлары.
Николай Ғабит, компания өкілі:
– Сіздерге келгенше жол тасымалдау бойынша шығын көп. Сол потерияны жабамыз. Келесі жылы кеңейтуге рұқсат алдық. Былтыр күн электр станциясын аштық. Биыл жел энергиясын ашып жатырмыз. Келесі жылдары тағы да жұмыстар болады. Бізде енді 15 мегаваттық жоспар бар.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері:
«Казыкурт-Юг» ЖШС,
«Талас ауданы әкімдігінің «Игілік» көпсалалы кәсіпорны» ШЖҚ КМК,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС,
«Шымкентцемент» АҚ,
«М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» ШЖҚ РМК,
«Ақбастау» бірлескен кәсіпорны» АҚ.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
• Мемлекеттік экологиялық бақылау және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептемеге қойылатын талаптар;
• Мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі;
• Экологиялық аудит және оны жүргізудің ерекшеліктері;
• Экологиялық нормалар мен талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік;
• Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингін жүргізу қағидалары және т.б.
Семинар соңында куәліктер табыс етілді
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесетін таулы аймағында қос елдің жастары бірлесіп, сенбілік өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар сан ғасырдан бері баға жетпес байлыққа айналған Талас өзенін тазалауға кіріскен. Жалпы ұзындығы 661 шақырымды құрайтын дарияның 453 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Ерікті жастар екі күн үшінде Таластан Таразға дейінгі аймақты жүріп өтіп, бір тоннадан астам полиэтилен қалдықтарды шығарды. Ескерту тақтайшаларын іліп, көпшілікті табиғатты таза ұстауға шақырды. «Мұндай игі шара қос ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, ортақ қазынаны қастерлеуге үйретеді», – дейді акцияға қатысушылар. Айта кету керек, экологиялық топ шекаралас жатқан Аса, Шу секілді өзендерге де тазарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
19 сәуір 3 мамыр аралығында Қазақстанда киік санағы жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорына сілтеме жасап.
Әуеден жүргізілген санақ ҚР АШМ Орман шаруашылық және жануарлар әлемі комитеті тапсырысы бойынша Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының (ҚБСҚ) мамандарына жүктелді.
«Киік популяциясын есепке алған ҚБСҚ мамандары үш топқа бөлінді. Бірінші және екінші топ Үстірт және Жайық популяциясын, ал үшінші топ Бетпақдала киіктерін санады.
Санақ барасында қызықты сәттер аз болмады. Айталық ҚБСҚ мамандары бұған дейін 2015 жылдан бері байқалмаған жерлерден тобымен жүрген киіктерді көрді. Сондай-ақ есепке алу күндерінің бірінде киіктің әлемдегі популяциясының 50 пайызы болатындай бөкенге жолықты. Сол күні мамандарға оңай соқпады, өйткені қарасы мол киік жиі кездескен кезде оларды санау да қиын болады», делінген хабарламада.
Қордың хабарлауынша, киіктің нақты саны санақтың соңғы кезеңінде мәлім болады. Оның нәтижесі маусым айының басында жария етіледі.
Киікті санау жұмыстарына ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің және «Охотзоопром» ҚБ» РМҚК облыстық аумақтық инспекцияларының қызметкерлері атсалысты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысының аумағында тікұшақ арқылы арқылы киіктер санағы қалай жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Источник: www.24.kz
Айдынды Арал алабының құрамы тұзданып барады. Теңіз суын тұщыландыру мақсатында бірқатар гидрошаралар қолға алынып жатыр.
Сырдария өзені Көкарал бөгетінің жанында орналасуына байланысты тұщы су тікелей ұлы теңізге кетіп, Кіші Аралдың солтүстік жағында су айналымы болмай қалған. Мамандар тұздану процесін тоқтату үшін жаңадан үш арна салуды ұсынып отыр.
Сырдария арнасын реттеу және солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының 2-кезеңі 6 компоненттен тұрады. Жарты ғасырға жуық, экологиялық апат шеңгеліне түскен орталық Азияның салқын сабатты айдын суын құтқаруға 25 млрд тг қажет. Жоба аясында Күміскеткен су қоймасы салынып, Қараөзек торабы қайта жаңғыртылады.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
– Күміскеткен контрреттегіш ретінде жұмыс істеу керек. Көктемгі суды алып, қажетті суармалы жерлерге су жеткізу үшін. Ал Қараөзек көлдер жүйесін 60 шақты көлге қажетті суды қамтамасыз ететін су қоры болу керек. Сондықтан осы жобаны іске асыруға Елбасы тапсырма берді, Үкіметте арнайы қаулымен осы жұмыстарға тиісті қаражат жоспарланды.
Бұл ретте Қызылорда су торабы да жаңғыртылады. Сондай-ақ Қармақшы, Қазалы аудандарымен өтетін Сырдарияның қорғаныс бөгеттері бекітіледі. Қазалыдағы Бірлік ауылы маңынан көпір салу және Жалағаш ауданындағы Қорғанша және Тұрымбет аумағында өзен бөгетін нығайту қажет. САРАТС-тың 1-фазасы аясында салынған Көкарал бөгетінің ақаулы тұстарын жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде теңізден бөлек көлдер жүйесі де қалыпқа келтіріледі. Қазірдің өзінде аймақтағы 158 көлдің арнасы толды.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
– Судың көлемі үлкейген сайын, балықтың да көлемі ұлғаяды. Ғылыми зерттеу институттары лимит беріп отыр қорына байланысты. Ауланатын балық жылына 7100-7200 тонна лимит береді. Келешек 2-фаза басталса, судың көлемі 2 есеге ұлғаяды деуге мүмкіндігіміз бар. Бұл дегеніміз бүкіл ҚР сапалы Арал балығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Ауысқан балықты экспортқа шығаруға мүмкіндіктер болады.
Кезінде кенезесі кеуіп, 150 шақырымға кетіп қалған су айдыны мен аудан орталығын қазір 17 шақырым жер бөліп тұр. Енді САРАТС-тың 2-фазасы басталуымен теңіз толқыны Арал қаласына жетеді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов