red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Президент тапсырмасы: Қоршаған ортаны қорғау бойынша Жол картасы әзірленуде

Дереккөз – inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаңа Экологиялық кодекстің қалай жазылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі ірі қалалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағын суын тазалау бойынша проблема баршылық. Елімізде 58 кешенді тазарту нысаны жұмыс істейді. Оның 10-ы толығымен тозған. 26-ы қайта жаңарту және жаңғыртуды қажет етеді. Осы мәселелер бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Атырау қаласына барған сапарында Президентке бұл мәселелер баяндалып, пысықталып, тиісті тапсырмалар берілді. Қазір Үкімет бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол барлық өзекті мәселелерді шешу мақсатында ведомство жаңа Экологиялық кодекстің редакциясымен жұмыс жүргізіп жатқанын, жоба күзде Парламентке енгізілетінін мәлім етті.

«Ең бастысы – біз Кодекске ЭЫДҰ елдерінің нормалары мен стандарттары енгізілуі тиіс деп санаймыз. Сол стандарттарға жақындаған экологиялық нормалар мен нормативтерді сақтау біздің елімізге қоршаған ортаны қорғау саласында алға жылжуға мүмкіндік береді. Ең жақсы қолжетімді технологиялар қағидасы, қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдер енгізіледі. Бүгінгі күні әкімдіктер жергілікті бюджеттің 5 пайызын ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсайды. Айналып келгенде қаражаттың бәрі қоршаған ортаны қорғау ісіне қызмет етуі тиіс. Жаңа Кодекс жобасы 80 пайыз дайын», – деп нақтылады министр.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкіметтің үйлестіру жұмыстары аясында ауылдық және қалалық полигондар құрылысы бойынша типтік ережелер әзірлеу көзделіп отыр.

«Бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар тарапынан күш-жігер қажет. Ауылдық полигондарға жеңілдетілген талаптар болар еді. Себебі, бұл – жеткілікті капиталды қажет ететін жұмыс. Тиісті жол картасын жергілікті атқарушы органдар әзірлеген. Өткен жылы біз «Ғарыш сапары» рұқсат етпеген қоқыс үйінділерінің ғарыштан жасалатын мониторингін жолға қойдық», – деді Энергетика министрі.

Ақтөбеде африкалық жайын өсіріліп жатыр

Дереккөз: www.24.kz

Ақтөбеде африкалық жайын өсірілуде. Өңірде алғаш рет қолға алынған ерекше жобаның жемісін көп ұзамай тұтынушылар да көретін болады.

Қазір балық өнімдерінің алғашқы легі сауда сөрелеріне дайындалуда. Ал болашақта шетел нарығына да шығару көзделген.

Африкалық жайын Ақтөбе өңірінде алғаш рет өсірілуде. Тек жылы суда ғана мекендейтін жәндіктер үшін арнайы табиғи орта қалыптастырылып, сумен қамтудың бірегей тұйықталған жүйесі қолданылып жатыр. Себебі, балықтарды ашық алаңдар мен тоғандарда өсіруге жергілікті климат қолайсыз. Ал өндірістегі технология жайындардың тез көбейіп, мол өнім алуға септігін тигізеді.

Роман Цыркин, ихтиолог:

– Бұл балықтар өте пайдалы. Тек спортпен шұғылданатындар ғана емес, баршаның тұтынуына болады. Әрі африкалық жайындар тек белгілі температурада және таза суда ғана өсіп жетіледі. Сондықтан адам ағзасы үшін өте тиімді. Біз де барлық тиісті талапты сақтап отырмыз.

Жайын өсіруді қолға алған кәсіпорын әзірге толық қуатында жұмыс істемейді. Дегенмен, ғылымға негізделген іс жүйесі қалыпты жолға қойылған. Шабақтан үлкейіп жетілгенге дейінгі кезеңдерді қамтитын желі мен зертхана және қажетті цехтар бар. Болашақта мұнда жылына мың жарым тонна балық өнімі дайындалады. Қазірдің өзінде, ақтөбеліктерге ұсынар тауары бар.

Гайк Тертерян, кәсіпкер:

– Ең алдымен ақтөбеліктерді өніммен қамтығымыз келеді. Бірер апта сауда сөрелеріне жеткеізетін боламыз. Одан кейін Қазақстанның өзге аймақтары мен шетел нарығына шығаруды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз өңдеу арқылы қалбырдағы және өзге де өнім түрлерін дайындау. Ол үшін қазір кешен салып жатырмыз.

Кешен құрылысы ескі зауыттың орнында салынып жатыр. Жоспар бойынша қарашада аяқталып, іске қосылуы тиіс. Әзірге жұмыс тәртібі жергілікті мамандарды үйретіп жатқан ресейлік ғалымның көмегімен жүруде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Мағзұм Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болды

Дереккөз: www.24.kz

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Мағзұм Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысы өтіп, депутаттар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындау туралы Мағзұм Мырзағалиевтың кандидатурасымен келісті.

“Жас эколог – 2019” экологиялық марафонының қорытындысы бойынша баспасөз хабарламасы

2019 жылдың 4 маусымында “Жастар жылы” аясында Мәртөк ауданында Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің қолдауымен Мәртөк ауылының балалар шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен “Жас эколог-2019” ХІІІ экологиялық марафоны басталды. Осы жылы марафонның өтетін орны Казанка ауылының маңында Мәртөк орманшылығының шоғыры болды.

Марафонның салтанатты ашылуына экология департаменті басшысының орынбасары Е. С. Кожиков, Мәртөк аудандық білім беру бөлімінің басшысы Н.Т. Әшімов, “Мәртөк балалар шығармашылығы орталығы” МКҚК директоры И.Ф. Шәкіров қатысты.
4-7 маусым аралығында балалар ормандарда шатырлар құрып тұрды. Барлығы 11 білім беру ұйымдарынан 12 команда қатысты, жалпы саны 150 оқушы және 24 басшы қатысты.
Жарыс 10 номинация бойынша өткізілді: “Табиғаттың Көңілді білгірлері”; “Қоршаған ортаны қорғау бойынша жобаны қорғау”; “Ең үздік алау әні”, “Ең үздік ботқа”; “Жер планетасы-біздің үйіміз” фотоальбомының тұсаукесері; экология және туризм туралы бейнефильмдер байқауы; “Жер, планета, біз!”; экологиялық туризм; Ең үздік шығарма (“Қоқыс тастайтын жерге-жоқ”, “Жасыл планета”, “Туған өлкенің табиғатын қорғаймыз”, “Экология және Біз”, “Біздің үй –жер”); табиғи материалдан жасалған бұйымдар сайысы; Экологиялық конкурстар (“Туған өлкенің өсімдіктері мен жануарлары” конкурс-викторинасы, “Қауіпті аймақ” конкурсы, экологиялық брейн-ринг, “Орман дәріханасы” бағыты бойынша жорық); кедергілер жолағын еңсеру бойынша спорттық жарыстар; орманда спорттық бағдарлау бойынша жарыстар, “Туған өлкенің табиғатын қорғау” дөңгелек үстелі, экологиялық десант.


Табиғатпен әр кездесу балаларға табиғи байлықтың алуан түрлілігімен жанасуға мүмкіндік береді, оларға табиғат көріністерін, құстардың сүйкімділігін, олардың күнделікті өмірін, олардың бейнесін есте сақтауға, туған өлкесінің флорасы мен фаунасының сипаты, ерекшеліктері туралы жалпылама қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Балалардың мұндай іс-шаралары таным мен шығармашылыққа қызығушылық тудырады, себебі олардың Ақпаратты қабылдау мен түсінуі барынша ашық болғандықтан. Экологиялық сезімді тәрбиелеу адамның барлық сезімдерінің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады. Егер адамның қарапайым экологиялық білімі болмаса, оның денсаулығына әсер ететін экологиялық өзгерістердің себептері мен салдарларын анықтай алмаса, адамның жалпы мәдениеті туралы айтуға болмайды. Өзін құрметтейтін әрбір азамат экология мәселелерінде сауатты болуға тиіс. Сондықтан экологиялық тәрбие Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басты міндеті болып табылады.
Жақсы нәтиже көрсеткен мектеп командалары дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Экология департаменті “АХҚЗ” АҚ, “Сагиз Петролиум Компани” ЖШС, “Көктас Ақтөбе” АҚ-ға іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіреді.

Елордада «Еуразияның таза жағалауы» эко-акциясы өтеді

Дереккөз: www.24.kz

15 маусымда елордада «Еуразияның таза жағалауы» халықаралық экологиялық акциясын өткізу жоспарланып отыр.

Ол қала аумағындағы су нысандарының жағдайын жақсартуға, қоршаған орта мен экологияның тазалығын сақтауға бағытталған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Халықаралық көл өңірлері қауымдастығының (ХКӨҚ) бастамасын қолдау мақсатында «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ, «Let’ s do it, Qazaq eli», Астана автоклубтар альянсымен бірлесіп 2019 жылдың 15 маусымында «Еуразияның таза жағалауы» халықаралық акциясын және «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысын өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл күні, барлық ниет білдірушілер көп көлемдегі қоқыстарды жинап, оны одан әрі қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін бірлесе иық тірестіріп жұмыс жасайтын болады.

Экологиялық акция шеңберінде азаматтық бастамалар тазалықты сақтауға саналы көзқарасты ұштастыра отырып, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, сондай-ақ қазіргі заманғы қоғамның тұрақты дамуында керемет табыстарға қол жеткізуге көмектеседі деп болжанып отыр.

Елордарың тұрғындары мен қонақтарын қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосуға шақырады.

«Өйткені, біз әлемді экологиялық таза етіп, оның сұлулығын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға күш-жігеріміз бар!», – дейді акцияның ұйымдастырушылары.

Қарағандылық фермер БҰҰ грантын су қоймасын реттеуге жұмсайды

Дереккөз: www.24.kz

Қарағандылық фермер Тілеуқабыл Есенбек Біріккен ұлттар ұйымының «Даму» бағдарламасы арқылы грант жеңіп алды.

Енді бұл қаржыға үш жыл бұрын көктемгі тасқын бұзып кеткен су қоймасын қайтадан қалыпқа келтірмек. Жоба жүзеге асқан кезде осы маңда су тапшылығын көріп отырған шаруашылықтардың шырайы кіреді. Мамандардың айтуынша, қазір облыс аумағында қараусыз қалған су қоймалары әлі де бар. Олардың мәселесі қалай шешіледі? Өңірдегі тілшіміз Ардақ Асылханұлы баяндайды.

Бұл Сақалбайдың тоғаны соғыс жылдарынан кейін салынған. Қазір заңды құжаты жоқ, яғни, иесіз. Фермердің айтуынша, кезінде мұнда 200 мың текше метр су болған. Алайда үш жыл бұрын қашыртқысы сыр беріп, қыруар су далаға ағып кетеді. Соның салдарынан маңайдағы шаруалар қуаңшылық зардабын тартып отыр. Енді Тілеуқабыл Есенбек ақсақал халықаралық ұйымнан алған қайтарымсыз қаржыға су қоймасын қалыпқа келтіріп, құжатын заңдастырмақ.

Тілеуғабыл Есенбеков, Шет ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы:

– Кейінгі жылдары жүдеп кеткен жайылымдар көп. Ал алыстағы отгонға, жайылымдарға бұрыңғыдай емес, ешкімнің барғысы келмейді. Енді мынау іске асатын болса, мал суаруға да, көрші-қолаңдарға да, басқа фермерлерге, бәріне үлкен демеу ғой. Екіншіден, көрдіңіз ба, платина тұр, лиман. Соны көтеріп жіберіп, лиман жасау керек. Сол лиманның әр жағына аққан соң, жердің бетіне су жиналып, шөп жақсы өседі.

Шалғайда жатқан шаруашылықтың бұл бастамасын табиғатты қорғау мамандары да құптап отыр. Себебі өңірде қараусыз жатқан су қоймалары әлі де бар. Оларды коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Қазір облыста ірілі-ұсақты 362 су қоймасы болса, соңғы 5 жылда соның тек 50-і ғана облыстық бюджет есебінен қалыпқа келтіріліпті.

Әсет Тазабеков, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Су қоймаларын қалыпқа келтіруге 96 миллион қаражат бөлінген. Былтыр біз 31 су қоймасын қалыпқа келтірдік. Қиын жағдай, бәрін қалыпқа келтіруге 1-2 жылда. Бүгінгі күні айтсақ, бізде қазір 3 су қоймасы бар иесіз деп айтамыз енді.

Шет ауданындағы фермерлер қауымдастығының төрағасы Тілеуғабыл Есенбековтің бұл алғашқы жобасы емес. 15 жыл ішінде ол қаншама игі істі қолға алды. Мәселен, өткен жылы осы төңіректегі оншақты бұлақтың көзін ашып, маңайын қалыпқа келтірген. Осылайша табиғатты қуаңшылықтан сақтап, мал шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Биыл Маңғыстау облысында ірі жел электр станциясы пайдалануға беріледі

Дереккөз: www.24.kz

Осы жазда Маңғыстау облысында ірі жел электр станциясы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа кешен Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласында орналасқан. Қуаты 43,6 МВт болатын станция 24 жел генераторынан тұрады. Жобаға 8 миллиард теңге инвестиция салынды. Жаңа кешен іске қосылған соң өңірдегі электр қуатына деген қажеттілікті толық өтейтін болады. Қазір бұл қалада тағы бір ірі жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. 42 МВт-тық кешенді жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Жалпы аймақта сарқылмайтын әрі қоршаған ортаға зиянсыз баламалы қуат көздерін дамытуға айрықша ден қойылып жатыр. Алдағы уақытта жалпы қуаты 85 МВт болатын тағы 3 жоба іске асады.

Жандос Салимов,  облыстық энергетика және ткш басқармасының басшысы:

– Бұл бағытта жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Қазір энергетика министрлігінде үлкен зерттеу жұмыстарын жасады. Жақын арада біздерде Бейнеу ауданындағы Бейнеу ауылында, Қарақия ауданы, Жетібай ауылында, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында жел электр станциялары және күн электр станцияларын салуды жоспарлап отырымз. Бұл жалпы 15-10 МВт-тық станциялар.

Қанат Бозымбаев жарық пен жылуды қалай үнемдейтінін айтты

Дереккөз: www.24.kz

Энергетика миинистрлігі шағын көлемді баламалы қуат көздерін қолдауға арналған заң жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Үкімет сағатынан кейін Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құжат электр өндіруде және жылу беруде күн құрылғыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет бұл жобаны субсидиялап, қазақстандықтарға жеңілдік ұсынуға әзір. Сондай-ақ министр тілшілерге өзі қалай энергия үнемдейтінін де айтып берді.

Қанат Бозымбаев, ҚР энергетика министрі:

– Мен жарықты да, жылуды да үнемдеймін. Батареяларда арнайы тетік орналасқан. Егер ондағы температура белгілі бір көрсеткішке жетсе, ыстық су тоқтатылады. Бұл коммуналдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ал электр энергиясына келсек, балаларым жарықты үнемі өшіріп жүреді.

Үшінші Қазақстан Республикасы экологиялық қызметінің нәтижелілігіне шолудың салтанатты тұсаукесерінің ПРЕСС-РЕЛИЗІ

Өткізілетін күні мен уақыты: 2019 жылғы 5 маусым

Өткізілетін орны: Қабанбай батыр даңғ., 19, «ҚазМұнайГаз» ғимараты, «А» блогы,
6-қабат, мәжіліс залы

2019 жылдың 5 маусымында, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде Қазақстанның соңғы он жыл ішінде экологиялық саясатты жетілдірудегі жетістіктерін көрсеткен және еліміздің болашағына қатысты ұсынымдар беріп отырған Қазақстан Республикасының экологиялық қызметі нәтижелілігінің үшінші шолуының (ЭҚНШ) салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл шолу БҰҰ ЕЭК қамқорлығымен жұмыс істейтін Германия, Венгрия, Италия, Португалия, ЭЫДҰ, ЮНЕП және ДДҰ сарапшылар тобының бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болып табылады.

ЭҚНШ «жасыл» экономиканы, атап айтқанда энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау секторларын дамыту салаларында Қазақстанмен қол жеткізген нәтижелерді бағалауға бағытталған. Онда атмосфералық ауаның ластануын қысқарту, судың сапасын жақсарту, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару бойынша Үкіметтің күш-жігеріне баға беріледі.

Тұсаукесерге Парламент өкілдері, Жоғарғы Сот, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Үшінші ЭҚНШ БҰҰ ЕЭК Энергетика министрлігімен, Қазақстанның басқа үкіметтік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарымен, Германия, Норвегия, Швейцария және Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен және БҰҰДБ-ның толық қолдауымен дайындалған.

Үшінші ЭҚНШ ағылшын және орыс тілдерінде орналасқан: https://www.unece.org/index.php?id=51819

Ақтөбеде бір топ ерікті бұлақтардың көзін ашып жүр

Дереккөз: www.24.kz

Осылайша жергілікті тұрғындар өңірдегі қуаңшылықпен күреске шыққан. Айта кету керек, биыл облыстағы су қоймалары тек үштен біріне ғана толған. Бұған жауған қардың аз түсуі мен көктемгі жауын-шашынның мардымсыздығы да себеп болды.

Өңірде өткен жылы басталған су қоймаларын тазалау жұмыстарына халық наразы. Еріктілер «жағалауда өскен тал-теректерді тамырымен жұлып қана қоймай, өзен арнасын шектен тыс кеңейтіп жіберген» – дейді. Нәтижесінде су деңгейі тобықтан аспай қалды. Ал, тазартуға салынған ауыр техника бұлақтың көзін бітеген.

Пётр Мурашкевич, қала тұрғыны:

– Тазалау жұмыстарына кіріскен мердігер компанияның ісі ешқандай ақылға сыймайды. Нәтижесінде облыс орталығындағы барлық өзендерден айырылып қалды. Ағаштар 40-50 жылдан кейін қайтадан өсіп шығатын болса, жедел қолға алып, шара қолданбаса судың арнасын жақын арада толтыру екіталай.

Еріктілердің өздері білекті сыбанып іске кірісуді жөн көрген. Бірінші кезекте Сазды өзенін толтыруды назарға алыпты.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Сазды өзенінің арнасын зерттеген еріктілер суқойма толығымен дәл осы сияқты шағын бұлақтармен қоректенетінін анықтаған. Сондықтан жағалауды жайлаған бұлақтардың көзін ашса судың деңгейі өсіп, айдынында балық та көбейетіндігіне сенімді.

Бұл маңайдағы 4 үлкен бұлақтың әрқайсысынан тәулігіне 400-500 тонна су ағады. Қолдарына күрек ұстаған еріктілер санаулы сағатта тағы 14 шағын бұлақтың көзін анықтады. Ауыр техниканың бұл жерге келуіне жол бермейміз дейді. Себебі жер асты сулары бір сәтте-ақ жоғалып кетуі мүмкін.

Әлібек Мағауин, қала тұрғыны:

– Қазір міне қараңыз суы тұп-тұнық. Тәтті-ақ суы. Кәдімгідей тап-таза бұлақтың суы нағыз. Мұп-мұздай кәдімгі.

Еріктілер бұл шараны көп болып қолға алу керектігін айтады. Қазір 20-ға жуық азамат қана демалыс күндерін бұл игі іске арнап жүр. Қосымша көмек артық етпейді. Сазды өзенінен соң Жіңішкені де қолға алу ойда бар. Ал, жергілікті биліктен тек су көздерін қоршап, мал-жанның таптамауын ұйымдастыруды өтініп отыр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Астана қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика
🌿 AI-ассистент