Дереккөз: 24.kz
Алматы облысында Жетісудың брендіне айналған сиверс алмасын сақтап, көбейту жұмыстары қызу жүріп жатыр
Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасына баланған бұл жеміс түрі динозаврлар заманынан бері өсіп келеді. Кейінгі жылдары Қызыл кітапқа енді. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тәлімбақтарында тамыр жайған сиверс көшеттері тау баурайына егіледі.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
– Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 356 мың гектар жерді алып жатыр. Соның 8 мың гектарында Жетісудың мақтанышына айналған сиверс алмасы өседі. Бір өкініштісі, биыл мұнда алма жоқ. Көктемде үсік шалған.
Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның осыдан 165 миллион жыл бұрын пайда болғанын 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Джунипер анықтап берді. Шетелдік ғалым жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы – қазіргі Қазақстан жері деген қорытынды жасады. Осылайша сиверсті сақтау халықаралық қоры құрылып, Жетісу Алатауында бұл алма түрінің гүлдеуіне арналған фестиваль өткізіле бастады.
Айдана Тұрысбекова, Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері:
– Себебі біздің сиверс алмасы былай қарап тұрсақ жапондағы сакурадан кем емес. Гүлденуі кереметтей, көздің жауын алады. Басты мақсат осы сиверс алмасына, атқарылып жатқан қорғау жұмыстарына елдің, халықтың назарын аудару. Бізде де осындай байлықтар бар екенін көрсету.
Мейрамбек Қапасов, ақпараттық туристік орталықтың бөлім басшысы:
-Биыл 31 мамырда ҚР Үкіметімен №360 қаулысымен туризмді дамытудың 2019 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарламада біздің әлемге әйгілі брендіміз болып келе жатқан сиверс алмасы енгізілген.
Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Қазір сиверс көшеттері өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған Лепсі тәлімбағында көбейтіледі. Оның аумағы 25 гектар. «Тұқымды шеттен тасымаймыз», – дейді мамандар.
Рустам Самиғұлов, орманшы:
– Сиверс алмасын өсіреміз. Тұқымдар осы жерден жиналған. Биологиялық препараттарды жұмсамаймыз, қолданбаймыз оларды. Бәрі табиғи, табиғи жолмен өседі.
ТІЛШІ: Сиверс алмасының сонау бор кезеңінің өзінде болғандығы археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденді. Ал оның гүлдеуі – өзінше бір керемет құбылыс. Бүкіл Жетісу Алатауы мамыр айында алқызыл гүлге оранады. Ең бастысы – сиверстің гүлдеуіне арналған фестивалды тамашалауға шетелдіктер көптеп келе бастады. Биылдың өзінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 500-ге жуық турист келіп-кеткен.
Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев,
Дереккөз: 24.kz
Қызылорда қаласында аумағы 30 гектар болатын «Денсаулық және демалыс» саябағы салынып жатыр.
Ал қала аумағында «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асырылуда. Климаты қатаң әрі шөлейтті болып келетін аймақта жасыл желектің ауқымын арттыру үшін тағы қандай шаралар қолға алынбақ? Тақырыпты Нұрлан Жақыпбеков тарқатады.
Қаланы көгалдандыруға үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың бірі Болат Нұрқожаев. Ол күнделікті күйбеңнен қолы қалт етсе, саябақтардың сәнін келтіруді ойлайды. Су келмей тұрған арықтарды тазалап, ауырып тұрған ағашқа нәр беруге қаланың әрбір азаматы үлес қосуы тиіс деп санайды ол.
Болат Нұрқожаев, қала тұрғыны:
– Арықты тазалау, су жіберу, суды жүргізу, алдына жүрмей жатқан жерін трубалардың астынан тесіп, бітеліп қалады, соларды тазалып жіберіп, суды жүргізіп жіберуге жауапты адамдар болса болды. Мұнда басқа ешқандай проблема жоқ.
Қызылорда қаласында жасыл желекпен көмкерілген саялы орындар жоқ емес. Дегенмен тағы 10 мың шаршы метрден астам жер көгалдандырылады. Ол үшін 11 шақырым аяқ су каналы тартылады. Оның маңайына 12 спорт алаңы, веложол секілді демалыс аймақтары қарастырылған. Айтулы жобаның құны 1 млрд теңгеден асып жығылады. Ал осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы аясында бүгінде 24 гектар шөлейтті жерде 14 мың түп ағаш өсіп тұр.
Байкенже Әметов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Қазір біз мынау «Батыс Еуропа-Батыс Қытайдың» Аралға кетіп бара жатқан жолын зерттеп жатырмыз. Кезінде көпдеген жерлер, жекеге беріліп кеткен. Жекеге алғандар бізге бергісі жоқ қайтадан үкіметке. Бұл енді қазір қалалық жер қатынастары бөлімі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі жолдың бойына әдемі қылып ағаш егуіміз керек.
Бұл жоба биыл да жалғасын тауып, тағы 534 гектар жерді игеру үшін зерделеу жұмыстары басталған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Қазақстанда кең ауқымды «Аулардан таза – су айдындары» атты экологиялық акция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Акцияға еліміздің әр өңірінен 5 100-ден аса мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, табиғат қолданушылардың, экологиялық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер қатысты. Қатысушылар 79 су айдыны мен учаскелерден 95,3 шақырым синтетикалық тор мен жағалаулардан 121 тонна қоқыс жинады», – делінген аталған министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратта.
Комитет мәліметінше, 431 суда жүзгіш құралының көмегімен өзен мен көлдердің 61 685 гектар ауданы тазаланып, су түбіндегі ауларды жинау үшін сүңгуірлер жұмылдырылған.
Акцияның басты мақсаты – су айдындарын тасталған және заңсыз қойылған аулардан тазалап, қоғамның назарын өзен мен көлдердің ластану мәселесіне көңіл аударту, балық ресурстарын сақтау.
Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға арналған мұндай экологиялық шара әлі өз жалғасын табады.
Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 2,2 миллион ағаш бар, олардың 550-ін емдеу қажет. Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-ғы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаламызды кең көлемде жасылдандыру бойынша кеңес өткіздім. Қазір Алматыда 2,2 миллион ағаш бар, алайда олардың 550-і емдеуді қажет етеді. Күзде «Jasyl Almaty» үш жылдық жобаны бастауды ұсынамын, оның барысында қала бойынша кем дегенде миллион түп ағаш отырғызылатын болады. Ең алдымен Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарында. Біз жаңа ықшам аудандарды, көшелер мен аулаларды жасылдандырып, бүкіл мегаполис бойынша тұрғындар демалатын аймақтар, жаңа бульварлар мен скверлер жасауға тиіспіз.
Бұл ауқымды әрі пайдалы іс. Жасыл экономика басқармасы бұл шараға барлық экологиялық ҮЕҰ мен азаматтық белсенділерді, жеке бизнесті, ізгі ниетті қалалықтарды кеңінен тартқаны жөн. Егер әрбір алматылық бір ағаштан отырғызса, онда қала экологиясының өзгеретініне сенімдімін. Келіңіздер, бәріміз бірігіп, Алматыға жасыл қала даңқын қайтарайық, сол үшін мақтанатын боламыз»,-деп жазды қала басшысы.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 14-16 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбына семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Семинарға «Мунай Сервис, Лтд» ЖШС, «Эмбамунай» ЖШС, «Бұрғышы-Сервис» ЖШС өкілдері қатысты.
Қатысушыларға соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасы ұсынылды.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет елімізде сирек кездесетін аңдардың суреті мен видеосын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Буаз ұрғашы қар барысы! Алматы облысында Қазақстанның аңшылар мен балықшылар қоғамының «Табиғат» аңшылық шаруашылығының аумағында фотоқақпанға ұрғашы қар барысы түсіп қалды. Буаз сияқты», – деп жазды Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында.
Оның атап өтуінше, видео 2019 жылдың жаз айында түсірілген. «Табиғат» аңшылық шаруашылығының аумағында 70-тен астам фотоқақпан бар. Фотоқақпандардың объективіне құлан мен қабан үйірі, бірнеше құзғын мен қорқау қасқыр түсіп қалған.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 7-9 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбына семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Семинарға «Казгипронефтетранс» Инжиниринг компаниясы» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Құрылысмет» ЖШС, «Human Health Institute» ҚБ, «Орталық» өндіруші кәсіпорны» ЖШС өкілдері қатысты.
Қатысушыларға соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасы ұсынылды.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Семейде қатарынан үшінші рет өткен сенбілікке 9 мыңнан аса тұрғын қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс.
«Бірге – таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясына белсенді қатысқан қала тұрғындары бұл жолы 197 тонна қоқыс жинаған. Бұл туралы қалалық ақпарат орталығының мамандары мәлім етті.
Акцияға негізінен мемлекеттік қызметкерлер қатысты, сондай-ақ кәсіпорын мен әртүрлі ұйымдардың жұмысшылары және жастар бар.
Дерекөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореяның орман қызметі Арал теңізінің құрғаған табанын игеруге 1,7 млн доллар бөлді.
Бұл жөнінде «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қоры» дирекциясының басшысы Асылхан Асылбеков мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған табанынан желмен бірге 80 млн тоннаға дейін улы тұз көтеріледі. Аралдың тұзы мен құмы Гренландия, Америка және т.б. елдерден табылды. Бұл Қазақстанның ғана экологиялық жағдайы ғана емес, сондай-ақ, әлемдік проблема»,- деді А.Асылбеков Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында стелланың ашылу салтанатында.
Сексеуіл құмның белгілі бір мөлшерін ұстап тұра алады. Осылайша құм орнығып алып, шөлді болдырмайды.
«Бір жылдың ішінде Аралдың құрғап қалған табанында 10 мың га немесе 3,640 млн сексеуіл көшеті отырғызылды», – деп қорытындылады А.Асылбеков.
Дереккөз: 24.kz
Қапшағай қаласында биыл баламалы қуат көздерін өндіру бойынша үш ірі жоба жүзеге асады.
Олардың қуаттылығы – 112 МВт. Бұл жобаларға 14 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Қазір Шеңгелді ауылдық округінің аумағында күн көзінен қуатын өндіретін 100 МВт-тық электр станциясы салынып жатыр. Ол тамыз айының соңында пайдалануға беріледі. Курортты қалада жасыл энергетика бағытында салынған бұдан басқа да нысандардың құрылысы аяқталуға жақын.
Жандос Мұхамедқалиев, Қапшағай қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
– Жалпы бұл жоба бойынша шамамен 12 млрд инвестиция тартылды. 30 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұған қоса қаламызда осы жылы 3 МВт болатын «Технобазальт» ЖШС кәсіпорнының күн электр станциясын іске қосамыз.