Дереккөз: 24.kz
Қазіргі көрсеткіш 15 мың гектар шамасында. Бас қаланың жасыл желегін жайқалту ісі 2021 жылы жаңаша серпін алмақ. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Бұдан 20 жыл бұрын елорданың іргесіне егілген тал-шыбық қазір зәулім ағашқа айналды. Жалпы аумағы 15 мың гектар жасыл белдеу келешекте екі есе ұлғаюы тиіс. Қазір орман арасы жас шыбықтармен толығып жатыр. Биылдың өзінде 511 мың түп тал отырғызылды. Қайың-қарағайы жайқалып тұрған орманда шырша, емен, үйеңкі сынды ағаштардың 36 түрі өседі. Арасында қарақат, шие тәрізді жеміс-жидектер де бар.
Ардақ Хасенов, «Астана орманы» мекемесінің бас агрономы:
– Шілде-маусым айларында біз орманды зиянкестерден қорғасақ, қазір дала өртінен қорғау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл бойынша бізде Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі бойынша 6 пост орналастырылған. Онда 40 адам және 6 су таситын машиналар тәулік бойы жұмыс атқарады.
Енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан тал-теректерге ерекше күтім қажет. Биыл жауын-шашын мөлшері аз болғандықтан, жұмысшылар тынымсыз тер төгуге мәжбүр. Есесіне бұл бас қалаға жақын ауыл тұрғындары үшін екі қолға бір күрек. Таңның атысы, күннің батысы 900-дей еңбеккер ағаштарды суарып, орман алқабын көркейтуге үлес қосады.
Дәметай Сүлейменова, жұмысшы:
– Мен Оразақ ауылының тұрғынымын. Осы Астана орманында бірнеше жылдан бері жұмыс істеймін. Уақытында келіп кетеміз. Айлық жақсы, ай сайын беріп тұрады. Осы талдарды егіп, елка, клен ағаштарын егіп, жақсы өсіп тұрса, өте қуанамыз.
Елордадағы жасыл белдеу аумағы 30 мың гектарға жетсе, 1 миллионнан астам тұрғыны бар бас қала үшін экологиялық ахуал да жақсарады. Сонда ғана әрбір тұрғынға 250 шаршы метр орман алқабы тиесілі болып, халықаралық талаптарға толық сәйкес келмек. Қазірдің өзінде, Арқаның аңызағы азайғаны анық байқалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың игі нәтижесі.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев
Дереккөз: www.inform.kz
ҚАБАНБАЙ. ҚазАқпарат – Қазақстанда киіктердің популяциясына мониторинг дронның көмегімен жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облысының Қабанбай ауылында бүгін «К-Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ-ның ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомостволық құрылымдарына сыйға тартқан Supercam S350 ұшқышсыз ұшатын аппаратының таныстырылымы өтті.
«Дрон 4,5 сағат бойы үздіксіз ұша алады және оның көмегімен киіктердің таралуына жүргізілетін мониторинг аумағы кеңейе түспек. Аппарат фото және видеотүсірілім жасап, 90 км ара қашықтықта мәліметтер жібере алады»,-деп хабарлады өзінің Facebook-тегі парақшасында министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.
Аталмыш шараға қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі КТК-К компаниясына өте қажетті дүниені сыйға тартқаны үшін алғысын білдірді. Аппарат киіктердің таралу деңгейін анықтау жұмыстарына серпін беріп, өте кең ауқымға мониторинг жүргізуге эағдай жасайды.
Әуеден жүргізілген есеп бойынша 2019 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы киіктер саны 334 мың басты құрап, өсім 56% жетті.
Дереккөз; www.inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ауаның ластану деңгейін бақылауға арналған 350 датчик орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл құрылғылар ДСҰ классификациясына сай ауадағы күкірт диоксиді (SO₂), азот диоксиді (NO₂), көміртегі оксиді (CO), озон (O₃), PM₂ˌ₅ және PM₁₀ бөлшектерін анықтайды. Бұл құрылғыларды орнату арқылы қаладағы ауа сапасының өзгеруін кұн сайын бақылап отыруға болады. Осылайша қала билігі ауаның ластану себебін анықтамақ. Сондай-ақ, жылына атмосфераға тасталатын зиянды заттарды 5%-ға азайту көзделген. Жасыл экономика басқармасының бастамасымен қаланың экологиялық аухалын жақсартуға кешенді шаралар қабылданған. Қалада газбен жүретін автобустардың қатарын көбейткелі бері ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін жылына 2,33 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Жылу электр стансалары да көгілдір отынға көшіріліп жатыр. Тұрмыстық қалдықтардың 44 пайызын өңдеп, полимер материалдарын шығаруға бағытталған зауыт салу көзделіп отыр. Биыл 14 мың жасыл желек отырғызылды. Жыл соңына дейін олардың санын 40 мыңға жеткізу көзделген.
Дерекөз – inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Бірге-Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Екінші апта қатарынан Қарағанды облысының тұрғындары «Бірге-Таза Қазақстан!» акциясына қатысуда. 3 тамызда ауқымды экологиялық сенбілікке аймақтың барлық қалалары мен аудандарында 33 мыңға жуық адам шықты.
Қатысушылар арасында кәсіпкерлер, еріктілер, экологиялық белсенділер және қала тұрғындары болды.
Кеңгір су қоймасының жағалауы қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, сенбілік Балқаш, Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері мен су қоймаларында өтті. Акцияға қатысушылар Саран су қоймасында және Балқаш қаласындағы Шығыс өнеркәсіп аймағында, Қылыш су қоймасында, Сәтбаев қаласындағы ҚТҚ полигонында қоқыстар жинады. Сондай-ақ саябақтарда, гүлзарларда және қалалар мен ауылдардың бас көшелерінде тазалық шарасы жүргізілді.
Облыс орталығында осы сенбіде «Бірге – таза Қазақстан!» атты акциясын 3000-нан астам тұрғын қолдады. ДСК маңындағы 15-магистраль мен Саран тас жолының бойында акцияға қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды алып тастады. Тазарту жұмыстары Орталық саябақтың аумағында да жүргізілді. Сонымен қатар Гапеев көшесінде гараж алаңы мен Нестеров көшесінде заңсыз қоқыс тастайтын жерлер жойылды. Кіші және үлкен Бұқпа өзендерінің арнасы және қала шегіндегі орман отырғызу аумағы тазартылды.
Полигонға 3 000 тонна қоқыс шығарылды.
Дереккөз – inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- #Birge #TazaQazagstan республикалық экологиялық акциясы аясында елордалықтар Майбалық көлінің жағалауын тазартуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін міне осымен үшінші апта таза Қазақстан экологиялық акциясын жалғастырып жатырмыз. Майбалық көлі қала маңында орналасқандықтан адамдар мұнда демалуға жиі келеді. Тиісінше қалдықта көп. Олай болса бәріміз бірігіп, тазалық жұмысына кірісейік», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Тазалық шарасына 1 мыңнан астам елордалық қатысуда. Оның ішінде бірқатар мемлекеттік ведомство басшылары мен қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары мен еріктілер бар.
Еске сала кетсек, өткен аптада аталған акция аясында астаналықтар Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауын тазалап, 16 тонна қалдық жиналған болатын.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңадан құрылатын сарапшылар кеңесiнің жұмысына қатысу үшін белсенділерді шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Экология, геология, су ресурсы, орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі біздің министрліктiң жұмысы. Біз аталған бағыттар бойынша сарапшылар кеңесiн құратын болдық. Сондықтан үкiметтiк емес ұйымдарды, сарапшыларды, қоғам белсенділерін кеңес жұмысына қатысуға шақырамыз», деп жазды Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында.
Оның айтуынша, министрлік сарапшылармен бірлесіп мәселелерді бірлесіп шешпек.
«Сарапшылар кеңесiнiң жұмысы толғағы жеткен мәселелерді қоғаммен бірге талқылап, нақты шешу жолдарын ұсынатын нағыз алаңға айналмақ. Осыған орай, барлығыңызды белсендi қатысуға шақырамыз», делінген хабарламада.
Министр ұсынысқа қызығушылық танытқандар үшін хабарласатын +7 7017932418 телефон нөмірін көрсетті.
Дереккөз:inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – РМК «Қазгидромет» қызметкерлері #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында 17 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» қызметкерлері Ақмола облысындағы Чаглинка су қоймасының жағалауында, Алматы қаласы және Алматы облысында Көкжайлау үстірті мен Қаратал өзенін, Атырауда – Жайық өзенін, Қызылорда облысында – Сырдария жағалауларын, Ақтөбеде – Ілек өзенін, БҚО-да – Жайық өзені маңайларында сенбіліктер ұйымдастырды.
Акцияға 300-ден астам адам қатысып, еліміздің 14 облысында 17 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Қазгидрометтің облыстық филиалдары #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясын қолдауға шақырады.
Дереккөз:24.kz
Батыс Қазақстан облысында суландыру жүйесін жаңғыртып, суармалы алқаптардың аумағын арттыруда соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды.
Киров-Шежін каналын аршудың арқасында биыл Жайықтың суы Қараөзенге жеткізілсе, тағы бес нысанды қалпына келтіру нәтижесінде көлтабандар көлемі 29 мың гектарға көбейген, су барған соң 300 мың гектар жайылым игерілген. Таяу жылдары Жайық өзенінің сол жағалауына су шығару көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жайық өзені арқылы жылына 10 млрд текше метр су ағып өтеді. Өңір шаруалары соның оннан бірін де пайдаланбайды. 600 млн текше метр тіршілік нәрін ұстап қалуға жоспар болғанымен, оны орындаудың өзі оңай емес. Себебі Жайықтан шығар арналар әбден тайыздап, бітеліп қалған.
Махамбет Ықсанғали , облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
– Көшім су каналына дейінгі 45 шақырым жерді тазалау мәселесі. Онда бұрыннан батып кеткен су нысандары, баржалар, соларды алып тастау мәселесі тұр. Бұл жұмыс қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Осы арқылы біздер Киров су қоймасына секундына 30-35 куб судың келуін қамтамасыз ету керек.
«Киров су қоймасы мен одан төрт тарапқа тарайтын суландыру жүйесінің тіршілік нәріне толуы осы жұмыстарға тікелей байланысты», – дейді мамандар. Сонда ғана суландыру жүйесін қалпына келмек. Соңғы жылдары атқарылған істердің арқасында өңірде 29 мың гектар көлтабанға су шыққан, 4 мың жарым гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Мәселен, Казталов ауданына қарасты Қайшақұдық ауылының маңында биыл мың жарым гектарға жүгері мен жоңышқа егіліпті.
Рүстем Зұлқашев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:
– 11 км канал Фурманов каналы тазартылды, 30 шақты қақпа жөнделді. Сол «Дөңгелек» су қоймасынан мамыр айында су берілді. Енді екінші кезеңі бар осы жобаның. Осы шаралар жақсы істеп кетіп жатса, тағы да 2400 гектардай суармалы жүйелер қалпына келтіру жоспары бар.
Су келгесін шалғай аудандарға инвесторлардың да қызығушылығы артқан. Осы Талдыапан округінде күні бүгін 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.
Андрей Попов, учаске бастығы:
– Күзге қарай құрылыс аяқталады. Жақын ауылдардағы қожалықтар мен тұрғындардан малды сатып алуды бастаймыз. Бұл бордақылау алаңның төбесі ашық болады, жан-жағына желден қорғайтын қоршаулар орнатамыз. Жұмыс жүріп кетсе кешенді кеңейту, 10-20 мың басқа жеткізу ойда бар.
Келешекте Жайықтың сол жағындағы аудандарды да суландыру жоспарланған. Қазір жоба-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп жатыр.
Махамбет Ықсанғали, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:
– Ақжайықтан су алып Шалқар көлі арқылы Солянка су қоймасына дейін су жеткізу. Екінші кезеңі одан Азынабай-Тайпақ каналына жеткізу, одан кейін каналын жөндеген кезде Жайық өзенінің сол жағынан 300 мың гектар жерге су шығаруға мүмкіндік пайда болады. Бұрын су жайылған жерлер, қазір үлкен каналда су болмағандықтан осы жерлер пайдаланылмай тұр.
Су – тіршілік көзі. Суландыру жүйесін жаңғырту – ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына, осы арқылы әлеуметтің әлеуеті артуына ықпал етпек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зулфухар Жолдасов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитет ұжымына жаңа төрағаны ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды.
Зулфухар Сансызбайұлы Жолдасов, 1976 жылғы 16 маусымда туған. Білімі жоғары – 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Өзінің еңбек жолын 1999 жылы «Құнарлы» АҚ заңгер қызметінен бастаған.
1999 жылдың маусымы мен 2000 жылдың мамыры аралығында ҚР ҚК қатарында шұғыл әскери қызметін өтеген.
2000 жылдың маусымы мен 2004 жылдың сәуірі аралығында әскери прокуратура органдарында әскери прокурордың аға көмекшісі.
2004 жылдың наурызы мен 2008 жылдың сәуірі аралығында Алматы облысының табиғат қорғау прокурорының көмекшісі болды.
2008 жылдың сәуірі мен 2010 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қалдықтармен жұмыс істеу басқармасының бас сарапшысы қызметін атқарды.
2010 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың шілдесі аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық заңнама және құқықтық қамтамасыз ету департаментінің Құқықтық жұмыс басқармасының бастығы лауазымында еңбек етті.
2012 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың қаңтары аралығында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бастығы болды.
2014 жылдың қаңтарынан 2015 жылғы желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының қызметін атқарды.
2015 жылғы желтоқсанынан бүгінгі күнге дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының «Мемлекеттік басқаруды жаңғырту» тақырыбындағы басқарушы қызметке тағайындалған мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау бағдарламасын табысты аяқтаған.
Дереккөз: inform.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы мен «Атырау-Ақпарат» медиа-холдингінің ұжымы бірлесіп, республикалық #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Жайық өзені жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бастаған журналист қауымы мен «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының еріктілері Жайық өзенінің бойында тұрмыстық қалдықтан тазалап, соңын флешмобпен аяқтады.
«Балаларымыздың болашағы, олардың денінің саулығы қоршаған ортамызға, экологиямызға тікелей байланысты. Таза жерде тұрып, таза ауа жұтсақ, денсаулығымыз да жақсы болары сөзсіз. Жайық өзені жағасынан тұрмыстық қалдықты көп көрдік. Әсіресе, су, шырыннан босаған пластикалық құтылар, шыны ыдыстар бей-берекет шашылып жатыр. Бұл пластик құтылар жер бетінде бірнеше он жылдап жата береді. Өздігінен жойылмайды. Керісінше ауа-райының әсерінен түрлі зияды зат бөледі. Ендеше табиғатты таза ұстайық дегім келеді», – дейді «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры Қанат Әуесбай.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ысқақ Егемберді бұл акция бір тараптан журналистердің ауызбірлігін нығайтса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудағы қосар үлесін айтты.
Журналистер көбіне мұндай экологиялық акцияларды БАҚ бетінде насихаттаушы ғана. Ал, бұл жолы облыстағы екі бірдей ірі медиа ұжымы кіл жастардан құралған еріктілермен бірлесіп, өзен бойын қоқыстан тазартты. 2 сағаттың ішінде шамамен 200 келідей қалдық жиналды.
Облыстың БАҚ өкілдері қолдаған экологиялық іс-шара 27 шілдеде Атырауда жалғасатын болады. #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында Атыраудағы Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауы қоқыс қалдығынан тазартуға барлық мекеме, кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары шақырылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.
Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.