Дереккөз:24.kz
Жақында Ресей тарапы айдынның солтүстік бөлігін шұғыл түрде тазалау керектігін мәлімдеген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндағы судың сапасы сын көтермейді. Оның басты себептерінің бірі – қондырғылардың тозғандығы. Сондықтан 5 мемлекет Каспийдің тазалығын жан-жақты қорғаудың маңыздылығын айтады.
5 жыл бұрын Каспий теңізінің суы мөлдір таза деп есептеліп, саяхатшылар легі көптеп ағылатын. Алайда, өткен жылы табиғат қорғаушылары теңіз суының ластанғанын айтып, дабыл қақты. Мамандар арнайы тексерулерден кейін жағажайдағы судың ластануы қалыпты нормадан едәуір асып кеткенін анықтады. Тек Иранның теңіз жағалауындағы жағдайды алып қарасақ, онда суға құйылған қоқыс деңгейі соңғы 5 жыл ішінде үш есеге артқан
Алиреза Тагави, «Фарабад» туризм орталығының басшысы:
– Қазір теңіздің лас суынан туристік компаниялар шығынға ұшырап отыр. Әрине, ешкім де ластанған суға түсіп, ауру жұқтырғысы келмейді. Сондықтан теңізді тазартуға бірден бес елдің кіріскені қуантарлық жайт. Себебі мәселе өте ауқымды. Алдымен тазарту жабдықтарын жөндеп, кейбірін тіпті мүлдем жабу керек. Олай болмаған жағдайда бізді нағыз экологиялық апат күтіп тұр.
Иранда алғашқы тазарту жұмыстары Каспий теңізі жағалауында орналасқан Мазандеран провинциясында басталды. Себебі дәл осы аймақ бірінші кезекте экология тауқыметін тартып отыр. Сондай-ақ мамандар Гилян провинциясындағы ең ірі Бендер-Энзели портында тазарту құрылғыларын жөндеуді қолға алды. Өйткені жергілікті тазарту жабдықтарының шамамен 60% дерлік қайта жөндеуден өтуді немесе толықтай жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты табиғат қорғау инспекторлары да жергілікті су каналдарына жоспардан тыс рейд жүргізіп, ағызылған судың сапалық көрсеткіштерін бақылауға ала бастады.
Рахман Хоссейни, мазандаран провинциясындағы туристік нысандарды бақылауға жауапты маман:
– Екі мекеме канал арқылы теңізге лас су төккені үшін жауапкершілікке тартылды. Жалпы өткен жылғы конвенциядан кейін Каспийге бірден бес ел иелік ететін болды. Демек енді теңіздің ластануымен Иранмен бірге Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан елдері де күреседі. Егер бәріміз жұмыла жұмыс істеп, Каспий теңізін көздің қарашығындай сақтасақ, оны келер ұрпаққа таза күйінде қалдыра аламыз.
Ал келесі аптада арнайы орган қызметкерлері жағалауда тұрғызылған ғимараттарға рейд жүргізіп, мүлек иелерінің құжаттарын тексереді. Себебі Иран заңы бойынша теңіз жағасында нысан тұрғызуға қатаң тыйым салынған.
Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди
Дереккөз: 24.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапармен барды. Президент алдымен қара алтын өндірісінде қолданылатын жабдықтарды шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт жұмысымен танысты.
Өндіріс орыны осыдан 4 жыл бұрын іске қосылған. Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жақында іргедегі елдермен байланыс орнатпақ.
Қазір зауытта 360 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың қызметін дәнекерлеуші робот құрылғысы жеңілдетіп отыр. Тың жабдық осыдан 2 жыл бұрын жеткізілген. Соның көмегімен еңбек өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік туды.
Қазір мемлекет басшысы мұнай мен газ саласын дамытуға арналған кеңеске қатысып жатыр. Жиында осы сектордағы өзекті әрі өткір мәселелер қаралмақ. Ол жөнініде алдағы шығарылмдарда толығырақ айтамыз.
Источник: 24.kz
Циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, екпінді жел және оңтүстікте найзағай күтіледі.
Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда циклон өтуімен кей жерлерде жауын жауып, тұман болжанады, соған байланысты түнгі және таңғы сағаттарда көріну қашықтығы 200-500 м дейін нашарлайды. Республиканың батыс аймақтарына антициклон ығысып, жаңбыр басылады. Ал ауа температурасы Қазақстанның бүкіл аймағында климаттық нормадан 3…6°С төмен сақталады.
Дереккөз:24.kz
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы құмдауыт жерлерде молырақ болатын құмаршық өсімдігі жайлы естіп пе едіңіз?
Өткен ғасырлардағы жұт, аштық, соғыс кездерінде жергілікті халықты осы өсімдік аман-сақтап қалған. Жергілікті тұрғындар құмаршықтың дәнінен нан пісіріп, талғажау еткен. Кейінгі молшылық заманда бұл үрдіс ұмытыла бастады. Қазір құмаршықтан азық-түлік өндіру технологиясын көнекөз қариялар мен әжелер ғана біледі.
Құмаршық шөлейтті аймақтарда өнетін, дәнінің құрамында өте құнарлы дәрумендері бар өсімдік. Бүгіндері мал жейтін шөпке айналған өсімдіктің қадірін білетін жандар аз қалды. Кезінде құмаршықтың арқасында мыңдаған отбасы аштықтың азабынан құтылған болатын. Кезінде құмаршық дәнегінен ұн, талқан, ботқа пісіріп, күнбағыс майы секілді май да өндірілген.
Раушан Жайықова, Құрманғазы ауылының тұрғыны:
– Менің әкем біздің бала кезімізде үйге құмаршықты алып келетін. 1920-30 жылдары бұл өсімдік қырда тұратын бүкіл қарапайым халықты асырады. Бидай ұны болған жоқ, осы құмаршық құтқарды бізді.
Құмаршықтан пісірілген нан тары талқанынан әзірленген нан секілді өте дәмді болып келеді. Тойымды әрі құнарлы, көпке дейін қарын аштырмайды. Орталықтан өте алыс, шалғай ауылда тұратын Мәрия Ғұмарова да құмаршықтың қадірін жақсы білетін жандардың бірі.
Мәрия Ғұмарова, Қошалақ ауылының тұрғыны:
– Мен балаларыма құмаршық туралы жиі айтып отырамын. Әр істің өз құпиясы бар. Оларға құмаршықтан қалай ұн тарту керектігі, талқан жасау, одан соң қалай нан пісіру керектігін үйретемін.
Жергілікті тұрғындар осылайша ұмыт бола бастаған дәстүрдің жоғалып кетпеуіне күш салуда. Өңірге келетін шетелдік туристер қымыз, саумал, шұбат секілді табиғи таза, таңсық асқа өте құмар. Мұның қатарына құмаршықтан істелетін нан мен тарыны қосқан соң мүлде жаңа мазмұнға ие болды дейді ауыл тұрғындары. Оған қоса Құрманғазы ауылындағы өзен-көлдерде туристерді қызықтыратын аң мен құс, түрлі табиғи өсіміктер жетіп артылады. Бұл ерекшеліктер аймақтағы экологиялық және этнологиялық туризмнің дамуына да ықпал етіп отыр.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин
Дереккөз: 24.kz
Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков біздің тілшілерімізге берген эксклюзивті сұхбатында бұрынғы Семей сынақ алаңының шекарасы өзгеріп, аумағы 2 есеге қысқарады деп хабарлады.
Жер көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асатын полигон Израиль, Бельгия сияқты мемлекеттерді еркін сыйдыра алады. Қазіргі күні кешенді зерттеу жұмыстары сынақ алаңының 60 процентін қамтыған, 2 жылдан соң толық аяқтау көзделген. Қазақстан – әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет. Ал Семей сынақ алаңы – бүгінде адамзат баласы үшін ізгі мақсаттарды көздейтін жалғыз полигон.
Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:
– Менің пайымдауымша, Семей сынақ алаңы аумағы жартылай кішірейеді. Ол жерлерді бейбіт мақсатта, халық шаруашылығына пайдалануға болады деп есептейміз. Ал қалған бөлігі біздің бақылауымызда қалуы тиіс. Ядролық сынақтар жасалған Дегелең, Ақтамберлі сияқты алаңдар қоршалып, зерттеу жұмыстары жалғаса береді.
Дереккөз: 24.kz
Қазгидромет 29 тамыз – 2 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады.
Оралда орналасқан циклон Батыс Сібір арқылы, ал онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстан арқылы жылжитын болады. Сондықтан республиканың батыс және солтүстік облыстарында жаңбырлы және салқын ауа райы сақталады. Ал шығысқа және оңтүстік-шығысқа суық және дымқыл ауа массаларының таралуына қарай, Қазақстанның қалған аймақтарында найзағаймен жаңбыр, күшті ұйтқымалы жел, температураның орташа көпжылдық мәннен 2…4°С-қа төмендеуі күтіледі.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаттары бүгін Нұр-Сұлтан қаласының маңында өткен #Birge #TazaQazaqstan экочелленджіне қатысты, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Мәжілістегі барлық саяси партиялардың парламенттік фракциялары «Nur Otan», «Ақ жол», «ҚКХП», Қазақстан халқы Ассамблеясы, сондай-ақ Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері мен еріктілер Қосшы ауылының жанындағы Нұра өзенінің жағасын қоқыстардан тазартты.
Пластикалық және шыны бөтелкелер, құрылыс және бірнеше жылдан бері жиналған тұрмыстық қалдықтар әртүрлі контейнерлерде жиналып, әрі қарай өңдеу мен жоюға шығарылды.
«Мәжіліс депутаттары Birge Taza Qazaqstan акциясын қолдайды. Мұндай акциялардың қажет екені сөзсіз. Осы орайда, табиғатты сақтаудың ең бастысы оны ластамау. Біз алдағы сессияда қоршаған ортаны ластағаны үшін жазаны қатайту бойынша жұмыс істейтін боламыз. Әсіресе, қазір Үкіметпен бірге біз жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу үстіндеміз. Бұл мәселелердің бәрі сол жерде ескеріледі деп ойлаймын, – деді Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский.
Экологиялық акцияға барлығы 1500 адам қатысып, 7 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.
Дереккөз: 24.kz
Даладағы аң мен құсқа жауыққандар көбейіп барады. Тіпті қаскүнемдер қорықшылардан да сескенбейтін болған. Биыл жануарлар дүниесін қорғаушы екі инспектор осындай браконьерлердің қолынан мерт болды
Енді осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Ал жануарлар дүниесін қорғаушылар өз қызметінде қару-жарақ қолдана алады. Бұдан бөлек инспекторлар заманауи техника және байланыс құрылғыларымен қамтамасыз етіледі.
«Охотзопром» республикалық мекемесі қорғайтын алқаптың аумағы 123 млн гектар. Алайда бұл ұлан-ғайыр жердегі жануарлар мен өсімдіктерді бақылайтын инспекторлар тым аз. Мекемеге әлі 200-ге жуық қызметкер қажет. Кадр тапшылығы мен қатаң қадағалау болмағандықтан тек өткен жылы елімізде заңсыз аңшылық жасау бойынша 154 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа соның тек 65% ғана жетіп, тиісті шешім қабылданған. «Бірақ қызыл кітапқа енген аңды аяусыз атудан аянбайтын бранконьерлер сот үкімінен мүлдем қорықпайды» дейді мекеме мамандары.
Бақтияр Рамазанов, «Охотзоопром» РКҚМ бас маманы:
-Бір рет емес, бірнеше рет ұсталған жайттар болып жатыр. Неге десеңіз, штрафын төлейді және де шартты мерзім дейді, соны алып кетеді болды. Егер де ол бір белгілі бір мерзімге сотталып жатқан болса ол енді ойланатын еді.
Қазіргі басты міндет – мекеме қатарын жаңа мамандарымен толықтырып, жалақыларын көтеру және заманауи техникамен қамтамасыз ету. Әсіресе байланысу мүмкіндігі 3 мың шықырымға жететін радиоқұрылғылар мен тау-таста еркін жүретін көліктер керек. Ал аң емес, адам атудан қорықпайтын қандықол қасапшылардан қорғану үшін енді инспекторларға да қару беріледі.
Ерзат Альзаков, «Охотзоопром» РҚКМ бас директоры:
– Біз әр инспекторды оқтан қорғайтын кіимдермен қамтамасыз етеміз. Әрине олардың салмағы ауыр. Бірақ бұл ең алдымен сақтық шарасы екенін ескеру керек.
Елімізде заңсыз аң ату оқиғалары Қызылорда және Алматы облыстарында жиі болады. Браконьерлер ақбөкендер мен қарақұйрықтарды қынадай қыруға құмар. Ал сирек кездесетін жануарларға аңшылық жасау қылмыстық іс саналатындығын ескерте кетейік.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев
Дереккөз: inform.kz
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері елде жарияланған «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшысы майор Дина Мухаринованың айтуынша, командирлер басқарған әскери қызметкерлер гарнизондарының жанынан ағып өтетін арықтар мен өзендерді тазалауға кірісті. Ең алғашқылардың бірі болып тазалауға 5-ші механикаландырылған бригаданың әскери қызметкерлері шықты. Сондай-ақ акцияға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент, Гвардей, Қызылорда, Луговский және басқа да гарнизондарының әскери қызметкерлері қосылды.
«Еліміздің премьер-министрі акция кеңінен таралатынына, жалпы республика деңгейіне тарап, азаматтардың тарапынан қолдауға ие болатынына сенім білдірді. Шынымен де, арналар мен арықтарды тазалауға әскери қызметкерлер ғана емес, сондай-ақ, олардың отбасыларының мүшелері де шықты. Тіпті өздері ниет білдірген. Бұл әскери қызметкерлер мен олардың отбасылары елінің тағдыры мен жағдайына бейжай қарамайтынын білдіреді. Біз барлығымыз үлкен бір елдің – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Біздің әскери қызметкерлеріміз туған қалалары мен ауылдарының көшелерінде қоқыс жатпағанын, өзендердің таза болғанын, экологияның нашарламағанын қалайды», – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ораза Күшіков.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінде атап өткендей, әскери қызметкерлер арналарды, арықтарды, су қоймаларын, өзендерді тұрақты түрде тазалап отыруға ниетті. Бұл басқалар үшін жақсы үлгі болмақ.
Дереккөз: inform.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тамыз ортасынан ауа Атырауда да жеміс ағаштары қайта гүлдей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырауда ағаштар тосын мінез танытып отыр. Өңірдегі алма және алмұрт ағаштары қайта гүлдей бастады. Белгілі бағбан Зоя Кислицынаның айтуынша, бұған ауа райындағы күрт өзгерістер себеп. Ұзақ уақыт бойы сақталған 40 градустық аптап ыстықтан кейін күн салқындай түсіп, артынша тағы да 40 градусқа дейін көтерілді.
«Ағаштардың бұлай гүлдеуі оларды әлсіретеді. Егер гүлі өте көп болса, ағаш қыста өлуі де мүмкін. Бірақ әзірше ондай қауіп жоқ. Ағаштар қыстан аман шығады деп үміттенеміз», – дейді Зоя Кислицына.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Таразда жемісті ағаштар екінші рет гүлдегені туралы хабарлаған едік.