АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі төмендегенін айтты.
«Павлодар облысы индустриясы дамыған өндірістік аймақ. Сондықтан біз үшін экологиялық проблемаларды шешу мәселесі басты орында. 2015 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі 8 пайызға төмендеді. Қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізу бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді»,-деп тоқталды облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, ауаға зиянды заттары таралатын 9 өндірістік кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймақтарында тексеріс жүргізілді.
«Нәтижесінде, ластану көрсеткіші мөлшерлі бақылау деңгейінен асқан үш кәсіпорынға тиісті шаралар қолданылды. Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының аясында экологиялық технологиялар жөніндегі құзыреттеліктер орталығы құрылды. Табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру жұмысы үнемі бақылауда. Өткен жылы өндірістік кәсіпорындар осы мақсаттарға 15млрд. теңгеге жуық қаражат бөлді. Бюджеттік қаражаттың есебінен 1,2 млрд. теңге жұмсалған 16 іс-шара атқарылды»,-деді Қ. Бозымбаев.
Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2868848
Қазақстанның полигонында жиналған қоқыс қалдықтары 100 млн тоннадан асып барады. Оның 37 пайызы тамақ қалдықтары болса, өңделуі мүмкін қағаз бен картон 40, пластмасса 15, ал шыны қалдықтары 6 пайыз. Алайда бұларды полигонға жеткізбей-ақ қайта сұрыптау арқылы шикізаттың жаңа көздерін табуға болады. Елімізде бұл бағытта ашылып жатқан бастамалар да жоқ емес. Бүгінгі шығарылымды біз қағаз өнімін қайта өңдеу ісіне арнамақпыз.
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай Коммунистік партиясының орталық баспа органы «Жэньминь жибао», Қытай орталық телевизиясы, ҚХР Мемлекеттік кеңес сайты (http://www.gov.cn), «Синьхуа» агенттігі және тағы да басқа жетекші қытайлық БАҚ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай халқын ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтауын жариялады.
«4 ақпан күні Ақордада CITIC Group және басқа да қытайлық компания өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қытай халқына «Чуньцзе» мерекесімен құттықтауын жолдады. Қазақстан Президенті алғаш рет ҚР-дағы қытай компания өкілдерімен жеке кездесу өткізіп, қытай халқын ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен құттықтады», – деп жазады ҚХР бұқаралық ақпарат құралдары.
Сондай-ақ кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін қытай кәсіпорнына алғысын білдірді. Сонымен бірге ол Қазақстан үкіметі екі ел арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты кеңейту саясатын одан әрі жалғастыра беретінін атап өтті.
«Н. Назарбаев «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты бірлесіп жылжытуға үлес қосу үшін қытайдың ірі кәсіпорындары Қазақстанға инвестиция салатынына сенім білдірді, – деп жазады қытайлық БАҚ.
Басылымда Н. Назарбаевпен бірге қытай халқын Жаңа жыл мерекесімен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн мен Кения Президенті Ухуру Кениата да құттықтағаны жазылған.
Айта кетейік, Қытай халқы биылғы Мешін жылында ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесін 8 ақпан күні тойлайды. «Көктем мерекесі» («Чуньцзе») елдің ең басты мейрамы болып саналады.
Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2868331
Бүгінгі заманның беталысы бізге басқа талап қойып отыр.
Сондықтан бәріміз үшін дипломатиялық қызмет жұмысын жүйелі жүргізіп, жақсарта түсудің маңызы зор. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деп мәлімдеді. Шекарамызды шегендеп, ішкі-сыртқы саясатты саралауда дипломаттарымыздың еңбегі ерен. Президент Қазақстанның бүгінде шетелдерде 94 елшілігі бар екенін және 169 мемлекетпен қоян-қолтық араласып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде 50-ден астам елшілік пен дүниежүзілік ұйымдардың өкілдері бар. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан елордаға жиналған елшілермен Елбасы дипломаттардың алдында тұрған мәселелерді талқылады. Көптеген халықаралық саммитті елімізде өткізуі Қазақстанның беделін арттырып, дүние жүзін мойындатқаны баршаға аян. Ендігі мақсат алға қойылған міндеттерді мінсіз атқару болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне ширек ғасыр толайын деп тұр. Осы жылдар ішінде сіз бен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Қазақстан деген мемлекет дүние жүзінің картасында жоқ еді. Біз оны дүние жүзінің картасына қойдық. Жаңадан бұрын болмаған министрліктерді құрдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік.
Дерексөз: 24.kz
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталығы (бұдан әрі – Орталық) базасында 2016 жылдың наурыз айының 28 – 30 аралығында Астана қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбында мамандандырылған оқыту семинарын өткізуді жоспарлауда.
Білімдерді қорытынды бағалау нәтижелері негізінде тыңдаушыға ҚР Энергетика Вице-министрінің қолымен ведомствалық үлгідегі куәлік беріледі.
Сонымен қатар, Орталық семинар қатысушыларын үлестіру материалдарымен қамтиды – соңғы өзгертулермен және толықтырулармен ҚР Экологиялық кодексі, «Eсo-info» (CD-диск және 1500 астам құжаттар) электронды тасымалдауышта қоршаған ортаны қорғау саласының электронды базасы. Өтінімдер www.iacoos.kz интернет-ресурсында қол жетімді тіркеу нысаны негізінде семинардың басталуына 3 күн қалғанға дейін қабылданады.
Барлық ұйымдастырушылық сұрақтар бойынша 8 (7172) 79-93-35 телефоны арқылы Орталық мамандары Фариза Шымшықоваға және Данагүл Абикеге (pkkiac@mail.ru) хабарласа аласыздар.
EXPO-2017 нысандарын көгалдандыру мақсатында Астана қаласы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бірлескен жоба әзірледі. Осы бағыттағы жұмыс қалай жүзеге асып жатыр?
Қазақстанның басым бөлігінде ақпан айында жылы, нормадан 1 градусқа жоғары болады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” республикалық-мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасап. Тек оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы климаттық норма шамасында болатыны айтылады.
Елдің батысында шамадан тыс жауын-жашын, ал қалған территорияда норма шамасында болады. Айдың бірінші декадасында жауын-шашын күтіледі, бұл жиі келетін белсенді циклондарға байланысты. “Екінші декадада солтүстік бөлікте түнде ауа температурасы 7-17 градус аязға дейін, күндіз 2-10 градус аязға дейін түседі, оңтүстік бөлікте жылымық, күндіз 0-8 градус жылы, ал соңында температура аздап түседі”, – деп хабарлады “Қазгидромет” өкілдері.
Ақпанның екінші декадасы орташа деңгейде жауын-шашынды болады. Ауа температурасы солтүстік бөлікте 25-32 градусқа дейін түседі, республиканың шығысында 32-38 градус аязға дейін, күндіз 12-20 градус аязға дейін, оңтүстік бөлікте түнде 15-22, күндіз 6-15 градус аяз болады делінеді. Ал үшінші декадада республиканың басым бөлігінде түнде 15-22, күндіз 6-15 градус аяз күтіледі екен. Бірақ үшінші онкүндікте республиканың басым бөлігінде белсенді циклондардың өтуіне байланысты қар жауып, жел тұрып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін, сонымен қатар ауа температурасы солтүстікте күндіз 3-8 градус аяз, ал оңтүстікте 7 градус жылы болады.
Дерексөз: kaz.tengrinews.kz
Бүгін Парламент Сенатындағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан мен Чехия арасында заңсыз келген тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы құжат талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz.
«Заң жобасының күшіне енуі екі ел арасындағы жалпы азаматтық ұлттық паспорт иелері үшін визасыз режим орнатуға негізгі шарт болмақ»,- деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Владимир Божко.
Сонымен қатар, реадмиссиялау туралы келісім «ЭКСПО-2017» көрмесінде өте өзекті болғалы отыр. Халықаралық деңгейде өтетін шараға шетелдік азаматтар лег-легімен келері анық. Аталмыш құжат мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға атсалысып, заңсыз көші-қонға тосқауыл бола алады.
Дерексөз:bnews.kz
1-10 ақпан аралығында қазақстандықтар онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында бейінді мамандардың кеңесін тегін ала алады.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні шеңберінде 1-10 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Біздің қолымыздан келеді! Менің де қолымнан келеді!» ұранымен онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік өтеді. Шара шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) ұйымдарында және онкологиялық диспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Азаматтар тегін медициналық тексеруден өтіп, бейінді мамандардың кеңесін ала алады.
Онкүндік мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтау мәселелерінде тұрғындардың және медициналық қызметкерлердің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ скринингтік тексерулерді уақытылы өтудің қажеттігі жөнінде халықты ақпараттандыру болып табылады.
Шара шеңберінде республиканың барлық өңірінде МСАК ұйымдарында онкоқырағылықты арттыру және онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелері бойынша медициналық қызметкерлерге семинарлар және халық көп жиналатын орындарда кең ауқымды іс-шаралар өткізіледі. МСАК ұйымдарында және онкодиспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, кардиолог, эндокринолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, уролог және онколог мамандар кеңес береді.
Айта кеткен жөн, аталған іс-шаралардың барлығы өңірлерде 1-10 ақпан күндері аралығында өткізіледі. Толық ақпаратты азаматтар МСАК ұйымдарынан және онкодиспансерлерден ала алады.
Онкологиялық аурулармен күресу – ҚР денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Отандық денсаулық сақтау ұйымдарында обырды диагностикалау және емдеуге қажетті барлық озық технологиялар бар. Әсіресе, ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда науқас үшін обырдан толықтай айығып кетуге мүмкіндік бар. Скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісіктің алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда ең тиімді тәсіл болып табылады. 2015 жылы республикада онкологиялық скринингтер аясында ересек тұрғындардың мақсатты топтарына 1,5 млн-нан астам тексеру жүргізілген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні жыл сайын 4 ақпанда атап өтіледі. Өткен жылы шара «Бұл қолымыздан келеді!» ұранымен өткен болатын.
Дерексөз: 24.kz
Дүкендерде тегін берілетін полиэтилен пакеттерінің қоршаған ортаға тигізер әсері зор.
Оларды өртеу салдары экологияға өлшеусіз залал келтіреді. Өнімнің ыдырау уақыты 500 жыл, кейде 1000 жылға дейін созылады екен. Ал қайта өңдеу энергия көзін көп шығындайды. Экологтардың ұсынған мәліметіне сай полиэтилен пакеттері күл-қоқыстардың 7-9 пайызын құрайды. Сондықтан бұл өнімнен бас тарту қажет. Елімізде осыған қатысты жүргізілген сауалнамада халық не дейді? Бүгінде әлем полиэтилен пакеттерінің баламасы ретінде матадан тігілген пакеттерді алмастыруда. Қазақстанда да мұндай өнімдер қолданысқа енуде. Бағдарламаның түсірілім тобы экопакеттер шығаратын цехқа барды. Компания 2014 жылы ашылған. Күніне 300-дей пакет өндіретін цех 100 пайыз отандық өнімді қолданады. Ол нарық сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр?
Дерексөз: 24.kz