red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Әр балаға өз ағашы: Елордадағы арнайы мектеп тәрбиеленушілері аулаға көшет отырғызды

Дереккөз – www.gov.kz

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының №2 арнайы мектебінің балалары білім беру ошағының ауласында ағаш көшеттерін отырғызды. Іс-шара “Туған жер” экологиялық қозғалысының “Әр балаға – өз ағашы” жобасы аясында және Мемлекет басшысының елді жасылдандыру тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды.

“Біз балалармен бірге тек көшет отырғызуды емес, оны өсіруді де үйрендік. Бүгін қондырып жатқан көшеттеріміз өзіміздің тәлімбақта өскен шаған, емен ағаштары. Негізі көбіне қыста құстарды азықтандыруға болатын алма, алмұрт, долана, мойыл егуге тырысамыз”,- деді “Туған жер” экологиялық балалар қозғалысының жетекшісі Татьяна Коршунова.

Жалпы экологиялық жобаға 15 орта және коррекциялық мектептерден 300-ге жуық оқушы жұмылдырылған. Әр қаланың білім беру ошақтары көшет егуді бір-біріне дәстүрлі түрде эстафета ретінде жолдайды.

“Экологиялық мәдениет бізді біріктіруші фактор болуы керек деп ойлаймын. Қоршаған ортаны жасылдандыруға әлеуметтік статусына, денсаулығына қарамастан әр бала үлес қоса алады,- деп есептейді Т. Коршунова.

Келер көктемде балалар бақша және бөлме гүлдерін отырғызбақ.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында алдағы 5 жылда орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға тапсырма берген.

Экология министрі маңғыстаулық қоғам белсенділерімен өңірдің экологиялық проблемаларын талқылады

Дереккөз – www.gov.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен өткен ZOOM-конференцияда өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған Жол картасы таныстырылды.

Министрдің сөзінше, Жол картасы облыстағы ең өзекті деген экологиялық проблемаларды қамтиды.

“Жол картасы 7 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, жер қойнауын пайдалану, ірі өндіріс ошақтарының шығаратын қалдықтары, радиоактивті қалдықтар және тағы басқа мәселелер. Жалпы жобаны дайындар алдында Маңғыстау облысындағы экологиялық ахуалға кешенді сараптама жасалды. Осы уақытқа дейінгі халықтың өтініш-тілектері ескерілді. Қазір де барлық мәселе толық қамтылуы үшін кері байланыс өте маңызды”, – деді министр.

Кездеуге қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ірі кәсіпорын өкілдері өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын берді. Көпшіліктің пікірінше, облыста тәуелсіз экологиялық мониторингті күшейтіп, ауаның сапасын бақылайтын арнайы құрылғылар орнату керек. Экотуризм қолға алынуы қажет. Сонымен бірге жиында Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығын сақтап қалу мен “Қошқар-Ата” қалдық қоймасының экологиялық проблемалары да көтерілді.

“Қошқар-Ата” біздің мақтанышымыз, ежелгі заманның ең ескі ескерткіштерінің бірі. Өкінішке қарай, азаматтарымыз тарихи жердің аумағын ластап жатыр”, – деді “Эко Маңғыстау” қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Министрдің сөзінше, көтерілген мәселелердің көбі Жол картасы жобасына енгізіліп қойған.

“Жол картасы жұмыс істейтін, өзекті экологиялық шешімдер көрініс тапқан құжат болуы тиіс. Әркім де ондағы пункттердің орындалуын қадағалай алады. Қосымша ұсыныстарыңыз да сонда енгізіледі”, – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Жол картасы жобасы бойынша қоғам өкілдері екі апта ішінде өз ұсыныстарын бере алады.

Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің барлық өңіріндегі экологиялық проблемаларды жұртшылықпен талқылап, әрқайсына жеке Жол картасын әзірлеуде.

ҚР Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Қостанай облысы жұртшылығымен ZOOM-кездесуі

Дереккөз – www.gov.kz

2020 жылғы 7 қазан күні сағат 15.00 Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Қостанай облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесуі өтеді. Тікелей эфир LIVE режимінде Facebook желісінде көрсетіледі. Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық. Ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.

Экология министрі жануарларды қорғау күнін еске салды

Дереккөз – www.gov.kz

4 қазан – Бүкіләлемдік жануарларды қорғау күні. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында бұл күні табиғатты қорғаушылар жануарларлардың адам алдында қаншалықты қорғансыз екенін еске салатынын жазды.

“Өкінішке қарай, жануарларға жасалатын қатыгездік, браконьерлік оқиғаларына жиі куә боламыз. Жағдайды өзгерту үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экология министрлігіне “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасын әзірлеуді тапсырды”,- делінген жазбада.

Министр қатаң адамгершілік сезімін қалыптастыру маңызды екенін түсінеді.

“Әрине, заң жануарларға деген көзқарасты бір сәтте өзгерте салмайды. Бәрінен бұрын адамдарға жануарлар әлеміне деген махаббат, ізгілік сезімдерін ұялатып, қоршаған ортаны саналы түрде қабылдауға үйрету керек”,- деді М. Мырзағалиев.

Айта кетейік, Бүкіләлемдік жануарларды қорғау күні Қазақстанда 2009 жылдан бері аталып өтіледі.

Шардара су қоймасы 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады

Дереккөз – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

Cу қоймасы 56 жыл бұрын салынды
Резервуар 5,2 млрд. текше метрге есептелген
«Қазсушар» РМК құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Ғалым Мырзабаев, құрылыс компаниясының басшысы:
«1 млн 100 мың текше метр құм төселіп, нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтамыз. Жер сілкінісі бола қалса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл – жұмыстардың барлығы соның алдын алу шарасы».
Сондай-ақ ұңғымалардың саны 183-ден 600-ге көбейтілді
Су қоймасын қайта қалпына келтіруге мемлекет 7 млрд 733 млн теңге бөлді
Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр
Судың көлемін есептеу үшін толығымен сандық технологиялар енгізіледі
Абай Мүтәлиев, Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы:
«Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады»

«Көлсай көлдері» ұлттық паркі ЮНЕСКО-ың әлемдік биосфералық резерваттар тізіміне кіруі мүмкін

Дереккөз – www.gov.kz

«Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ың бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылуы мүмкін.

Бұл туралы 30 қыркүйекте Экология министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдасының таныстырылымы барысында айтылды.

«Кеше Париждегі біздің дипломаттарымыз «Көлсай көлдерін» ЮНЕСКО бүкіләлемдік резерваттар қатарына қосу туралы өтініш бергенін хабарлаймын. Бір жыл ішінде өтінішке баға беріледі. Шамамен келер жылдың маусым айында шешім қабылданады», – деді ЮНЕСКО «Адам және биосфера» қазақстандық ұлттық комитеттің төрағасы, зоология институтының бас директоры Роман Ященко жиын барысында.

Оның сөзінше, ұлттық парк аталған тізімге кіру арқылы халықаралық дәрежеге көтеріледі. Әлемдік қауымдастық алдында экожүйені сақтауға қатысты жауапкершілік артады.

Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алмақ. Басты идея – туристер келуін қамтамасыз ете отырып, экожүйеге зиян келтірмеу.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алған инвестор жұмысын бақылайтын қоғамдық кеңес те құрылмақ.

ҚР ЭГТРМ «ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ АҚПАРАТТЫҚ-ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» ШЖҚ РМК 2020 жылдың 24-26 қыркүйек аралығында «экологиялық кодекс жобасында реттеудің жаңа тәсілдері» тақырыбында оқыту онлайн-семинарын өткізді.

Оқыту онлайн-семинарының барысында келесі мәселелер қарастырылды:

Қолданыстағы және жаңа экологиялық кодекстегі қалдықтар туралы жалпы ережені салыстырмалы талдау.

ҚР СТ ISO14001-2016 экологиялық менеджмент жүйелері. Талаптар және қолдану жөніндегі Нұсқаулық.

Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрының кіші жүйесін сүйемелдеу.

Мемлекеттік экологиялық бақылау.Мемлекеттік экологиялық бақылау нысандары. Тексерулер жүргізу тәртібі.

Табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптары, құқықтары мен міндеттері.

Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік. Жаңа экологиялық кодекстің негізгі жаңалықтары.

ҚР Ұлттық статистика жүйесінің негіздері.

ҚР Қоршаған орта статистикасын қалыптастыру ерекшеліктері.

«Экологиялық рұқсат және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы» композиттік қызметін іске асыру.

Экологиялық бағалау-қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізудің жаңа тәсілдері (ҚОӘБ).

Экологиялық рұқсаттар. Қауіптілігі 1-санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсат және әсер етуге экологиялық рұқсат.

Оқыту онлайн-семинарына  «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» КЕАҚ, «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақстан агротехникалық университеті» КЕАҚ, «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КЕАҚ, «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ өкілдері қатысты.
Семинар соңында тыңдаушыларға онлайн-семинарға қатысқандығын растайтын куәлік беріледі.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту  онлайн-семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Алматы облысы жұртшылығымен ZOOM-кездесуі

Дереккөз – www.gov.kz

2020 жылғы 29 қыркүйек күні сағат 15.00 экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Алматы облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесуі өтеді. Тікелей эфир LIVE режимінде Facebook желісінде көрсетіледі. Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық. Ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.

Экология министрі «Алтын Емелде» көзге түскен барыстың видеосын жариялады

Дереккөз – www.gov.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет көзге түскен қар барысының фото, видеоларымен бөлісті.

«Жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр: “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы байқалды. Жануар фототұзақ объективіне ілінген”, – деп жазды министр Twitter парақшасында.

Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі көктемде “Сайрам Өгем” ұлттық паркінде де көрініп еді.

Министрдің сөзінше, жойылып кету алдында тұрған сұлу жануардың саны әлемде бар болғаны 4 мыңдай ғана. Қазақстан аумағында 120-130 бас қар барысы бар. БҰҰДБ Қазақстанның ерекше қорғалатын 13 аймағына 294 фототұзақ орнатқан.

“Барыстың көзге түсуі – ерекше құбылыс. Біз сирек кездесетін жануарларды барынша қорғауымыз керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл үшін бірқатар шараларды қабылдап, жүзеге асырмақ”, – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Шардарада еліміздің балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді

Дереккөз – www.gov.kz

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді.

Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады. Балық саласы — ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өсті. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19%-дан астамға 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60%-ы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі — шамамен 70%-ы Түркістан облысына тиесілі.

Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», — деді А. Мамин. Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды. А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.

Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның салынуымен танысты.

Астана қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика
🌿 AI-ассистент