red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Теміртау экологиясын жақсарту жұмысы қалай жүзеге асады

Дерек көз – gov.kz 

Атмосфералық ауаның ластану деңгейі ең жоғары қалалар қатарына жататын Теміртауда экология мәселесі тағы да көтерілді. Қара түсті қар мен қалың түтіннен арыла алмай келе жатқан қалада жағдайды реттеу үшін ең тиімді шаралар қабылданбақ. Мұндағы ең ірі ластаушы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.

Кәсіпорынның қоршаған ортаға шығарындылар көлемін 30%-ға азайтуға арналған жаңа жоспарын қарастыру үшін өңірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды.

Теміртаудағы жиынға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, кәсіпорын басшылығы және экологтар мен қоғам белсенділері қатысты.

Басқосу қорытындысы бойынша, табиғатты қорғау шараларының орындалу мерзімін қысқартып, шығарындылар көлемін төмендету жоспарына 2025 емес, 2024 жылы қол жеткізу мүмкіндігін бірлесе қарастыру келісілді.

«Бұл – шығарындыларды азайту бойынша қол қойылған екіжақты Меморандумның аясындағы жұмыстың жалғасы. Біз соңғы рет осы жерде «АрселорМиттал» басшылығымен 20 қаңтарда кездесу өткізген болатынбыз. Сол кезде компания шығарындыларды 30%-ға азайту бойынша жоспарды әзірлеугғ үш ай уақыт сұраған еді. Сол себепті бүгін қаланың экологиялық проблемаларын талқылауға қайта жиналып отырмыз»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2020 жылы министрлікпен бірге өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бойыша Жол картасы қабылданғанын атап өтті.

«Жол картасында 57 шара қаралса, оның 25-і қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағыттталған. Жыл сайын Қарағанды облысы бойынша атмосфераға 590 мың тонна зиянды заттар шығарылады, оның 40% астамы , яғни 247 мың тоннасыТеміртау қаласынатиесілі. Мұның 86%-ы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытынан шығады. (212,3 мың тонна). Зауыт шығарындылар көлемін төмендетуден бөлек, Теміртауға 5 жыл ішінде 500 мың ағаш егеді», – деп айтты Ж.Қасымбек.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир тек 2024-2025 жылдарға дейін емес, одан кейінгі уақытта да қоршаған ортаны қорғауға қаржы бөліне беретіні туралы айтты.

«Шығарындыларды азайтудың жаңа стратегиясына сәйкес, зауыт балама экологиялық шараларды қолданады.

Алдағы 5 жылда қоршаған ортаны жақсартуға кем дегенде 380 млн АҚШ доллар инвестиция cаламыз», – деді ол.

Қоғам өкілдері компанияның жұртшылық алдында ашықтықты қамтамасыз етуіне қатысты кемшіліктерін атап өтті.

«Теміртау экологиясы – өте маңызды мәселе. Сондықтан шығарындыларды азайту жұмысы біздің қатаң бақылауымызда болады. Сонымен бірге жергілікті қоғам белсенділері де ахуалды назарда ұстайды. «АрселорМиттал» басшылығы енді қоғам өкілдерімен тоқсан сайын тұрақты түрде кездесіп тұрады»,- деді бұған қатысты Экология министрі.

Еске салсақ, наурыз айында министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті кәсіпорында жоспардан тыс тексеру өткізіп, әртүрлі көрсеткіштер бойынша нормативтердің рұқсат етілген нормадан асып кетуіне байланысты айыппұл салған. Сонымен бірге қоршаған ортаға келтірілген залал 1 млрд теңгеге бағаланған еді.

 

Жануарларды қорғау туралы заң жобасында жануарларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қараудың маңызды принциптері бар – «Inucobo» басшысы»

Дерек көз – gov.kz

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жануарларды қорғаушылармен бірлесіп «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірледі. Қазір құжат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде және оны биыл шілде айында қабылдау жоспарланып отыр.

«Inucobo» жануарларды қорғау қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенованың айтуынша, жануарларды қорғау туралы заң жобасы барлық басқа заң жобаларын жүйеге біріктіретін бірыңғай хаб ретінде маңызды.

Бұл заң жобасына ілеспе заң жобалары қоса беріледі, олардың шеңберінде қазір үлкен жұмыс жүргізілуде. Бүгінде елімізде жануарларға қатысты 300-ден астам нормативтік-құқықтық актілер бар. Олардың негізгі және бірыңғай қағидаттарын жазып, жүйелендіру қажет. Сондықтан әзірленген заң жобасының маңызы зор», – деп атап өтті қауымдастық басшысы министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында.

Лилия Сәрсенова жануарларды қорғау туралы заң жобасында оларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қараудың маңызды принциптері бар екенін атап өтті.

«Заң жобасында жануарларға арналған баспаналар ұғымы жазылған. Біз қылмыстардың ауырлығы бойынша әкімшілік және қылмыстық деп жеке-жеке бөлінуін ұсынамыз. Мысалы, жануарларға жауапсыздық танытқаны үшін әкімшілік бап, хайуандық әрекеті үшін қылмыстық бап қолданылу керек», – деп хабарлады спикер.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында жылжымалы хайуанаттар бағына толық тыйым салу жоспарлануда. Сарапшы атап өткендей, мұндай нысандарда көбіне жануарлар тиісті күтім жасалмай, олар қиын жағдайларға ұшырайды. Сондықтан жануарларды қорғаушылар мұндай жылжымалы хайуанаттар бағына қарсы.

«Заң жобасында жануарларға қатал қарым-қатынасты толығымен тоқтату туралы жазылған. Сондай-ақ, ветеринарияға қатысты нормалар да қозғалды. Ауырсынуды басатын дәрілерді, адамгершілік эвтаназияны қолдану туралы да айтылды. Мұның бәрі өте маңызды», – деді Лилия Сәрсенова.

Май топтық су құбырындағы судың сапасы барлық талаптарға сәйкес келеді-санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Дерек көз – gov.kz 

Май топтық су құбырындағы судың сапасы барлық талаптарға сәйкес келеді, ол ауыз су ретінде пайдалануға жарамды. Мұндай қорытындыны Павлодар облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының Май аудандық бөлімшесінің сарапшылары жасады.

Осылайша, өндірістік бақылау тоқсан сайын Баскөл және Ақжар ауылдарындағы магистральдық су құбырында жүргізіледі. Су сапасына келесі бақылау ағымдағы жылдың 20 сәуірінде жүргізілетін болады.

Су ресурстары комитетінің өкілдері жұмыс сапарымен Павлодар облысы Май ауданының Малайсары ауылына барды. Сапар барысында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізілді. Жүрмелі жиында, ауылдың тұрғындары ауыз судың сапасына қатысты біраз мәселелер көтерді. Кездесу қорытындысы бойынша, Су ресурстар комитетімен бірлесе ауыз судың сапасына ашық тәуелсіз зертханалық зерттеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, Су ресурстары комитетінің бастамасымен Павлодар облысының Май ауданында жергілікті топтық су құбырын қайта құру жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 2020 жылдың мамыр айында суды тазарту станциясы іске қосылды, бұл 11 мың халқы бар 16 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Су құбырының ұзындығы 146 км құрайды, сумен жабдықтау көзі жер асты сулары болып табылады. Жобалық өнімділігі-тәулігіне 4150 м3.

Май топтық су құбырын қайта құру және су тазарту станциясын іске қосқаннан кейін аудан халқы сапалы ауыз суды ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық мақсаттар үшін тазартылған суды да алды.

Қазіргі уақытта топтық су құбыры жоспарлы режимде жұмыс істейді.

Қазақстанда Экологиялық білім күні аталып өтуде

Дерек көз – gov.kz

Бүгін – экологиялық білім күні. Оның маңызы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз Твиттер парақшасында жазды.

«Бүгін көптеген елдерде Экологиялық білім күні аталып өтуде. Бұл өте маңызды күн деп есептеймін. Қоршаған ортаға, экологияға қатынасымыз білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Алдымызда қоршаған ортаны қорғау саласындағы білім беруді жетілдіріп, ғаламшарымыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Ағартушылық жұмыс азаматтарымыздың, өскелең ұрпақтың жауапкершілігін күшейтіп, актуалды экологиялық проблемаларға назар аударуға мүмкіндік береді», – деп жазды М. Мырзағалиев.

Ведомство басшысы экологияны жақсарту бағытындағы жұмыстар мен шаралар туралы халықты ақпараттандырып отырудың маңызы туралы да атап өтті.

«Бүгінде елімізде экология мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, төменкөміртекті даму Тұжырымдамасы дайындалуда, Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамыту Тұжырымдамалары әзірленді, өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешуге негізделген Жол карталары жұмыс істеп тұр. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы азаматтарымызды ақпараттандыру да өте маңызды, себебі жоспарларымызды біз қоғамның қатысуынсыз сәтті жүзеге асыра алмаймыз», – дейді министр.

 

Су тасқыны жағдайына мониторинг жасау мақсатында елорда маңындағы аумақтарға әуеден бақылау жасалды

Дерек көз – gov.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев елорданың шекара маңындағы аумақтарында су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында әуеден бақылау жасады.

Ұшу барысында 42-разъезд, Қажымұқан, Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Жібек жолы, Қосшы, Тайтөбе, Қызылжар елді мекендерінің аумақтарына аэровизуалды барлау жүргізілді. Астана су қоймасы мен Нұра өзені арнасының бойындағы Преображенск су торабының жағдайы тексерілді.

Бақылау кезінде қардың еру процесі тұрақты жүріп жатқаны байқалды. Су шайған аймақтар жоқ. Тәулік бойы жерден және жер серігі арқылы қашықтан зондтау мониторингін жүргізу жалғасуда. Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір өзен аумақтарында сең жүру үдерісі басталды.

Қауіптің алдын алу үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендері мен көлдерінде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының су қоймаларында су жинауға қажетті орындар әзірленуде.

Түркістан облысындағы каналдарды цифрландыру арқылы қанша суармалы су үнемделеді

дерек көз – gov.kz

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысына іс-сапары барысында су каналдарын цифрландыру жұмысымен танысты. Пилоттық жоба ретінде автоматтырылған Жетісай ауданындағы К-19 каналындағы жұмыс нәтижесін тексерді.

«Бұл жоба 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында жүзеге асырылды. Технологияның артықшылығы – суды да, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы тәжірибені ескере отырып, алдағы бес жылда «Қазссушар» мекемесінің Түркістан филиалындағы 25 су каналы автоматтандырылады. Нәтижесінде суармалы суды 20%-ға үнемдеуге қол жеткізу жоспары бар. Сол кезде егістікке су беруде адам факторы орын алмайды», – деп түсіндірді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы автоматтандыру бөлімінің жетекшісі Қалдархан Мейірманов.

Каналда бүгінге дейін су қарапайым жолмен есептеліп келді, сондықтан су шығынын дұрыс бақылау қиынға соғып, ресурсты тиімді пайдаланылмау жағдайлары орын алды.

«Біздегі ең үлкен проблеманың бірі – артық су жоғалту. Cу жоғалту көлемі қазір 40%-ды құрайды. Сондықтан республикалық бюджет пен шетелдік банктерден қаржы тарту арқылы судың есебін цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Жаңа технология үш ай ішінде-ақ өз нәтижесін беріп, су шығыны азая бастады. Ендігі жоспарымыз – 5 ішінде еліміздегі 119 ірі каналдарды цифрландыруз», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр аудандардағы су каналдарын аралау кезінде жергілікті халықтың арыз-шағымын да тыңдады, Тұрғындар суару кезеңінде суды уақытылы жеткізу бойынша өтініш білдірді. Ведомство басшысы елімізде 30-ға жуық су қоймасы жөндеуді талап ететінін, қазір каналдардың біразы жөнделіп, қалғанында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын түсіндірді. Сонымен бірге су үнемдеу мәселесі диқандардың өзіне де қатысты екенін атап өтті.

Түркістан облысында вегетациялық маусым қалай өтеді

Дерек көз – gov.kz

Алдағы вегетациялық маусымға дайындықты бағалау және магистральдық арналарды цифрландыру жөніндегі жұмыстармен танысу үшін Түркістан облысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Ведомство басшысы жергілікті тұрғындармен, фермерлермен, су мамандарымен кездесті. Министр суармалы суды ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды.

Түркістан облысы суды есепке алу және бақылау жүйесін орнатумен К-9 магистралды каналын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылған алғашқы өңір. Бұрын суды есепке алу әдеттегідей жүргізілген, сондықтан суды тиімсіз пайдалану жағдайлары болған. Айтпақшы, автоматтандырудың арқасында суару режимінің 45% – на дейін суармалы судың артық шығыны анықталды. Мұндай жұмысты осы маңызды ресурстың жоғалуын болдырмау үшін аймақтағы басқа арналарда жүргізу жоспарлануда. Жалпы, 5 жыл ішінде республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.

Экология министрлігінің басшысы барлық су шаруашылығы нысандарын аралады, олардың ішінде Көксарай контрреттегіші, үлкен Келес магистралды каналы, «Зах», «Ханым» трансшекаралық магистралды каналдары бар.

«Вегетациялық маусым жақындап келеді. Фермерлерді сумен қамтамасыз ету – біздің негізгі және стратегиялық міндетіміз. Маусымның сәтті өтуі осыған байланысты. Облыста ауданы 300 мың гектардан асатын суармалы жерлер бар, жұмыстар тәулік бойы жүргізілуі тиіс, су үнемдеу технологияларын пайдалану маңызды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздері де суды ұқыпты және тиімді пайдалануы қажет», – деп атап өтті министр ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Сондай-ақ, өңірде тозығы жеткен су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта құру бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. Көптеген нысандар өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген, сондықтан олар жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Жоба аймақтағы 62,3 мың га суармалы жерді қамтып, суармалы судың жыл сайынғы шығынын жылына 199 млн.м3 дейін азайтуға, егістіктерді сумен қамтамасыз етуді 100 %-ға дейін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін 12,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Мағзұм Мырзағалиев осы жұмыс сапарында Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарындағы каналдарды аралап, Шардара су қоймасынан машина су беру станциясындағы вегетацияға дайындықты зерттеді.

 «Қазақстан жыл сайын көршілес елдермен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі. Алдын ала қабылданған шаралар өте маңызды. Алайда, сумен қамтамасыз етуде су шаруашылығы объектілерінің жай-күйі де маңызды орын алады. Сондықтан олардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту маңызды», – деп атап өтті министр.

Экология министрлігінің басшысы Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісімен екіжақты ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады

Дерек көз – gov.kz

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок мырзамен кездесті.

Кездесу барысында су және орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кірудің өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар Оңтүстік Кореяның су менеджменті саласындағы табысты тәжірибесін ескере отырып, сумен жабдықтауды цифрландыру саласында кореялық «K-Water» компаниясымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою туралы келісімге келді. Бұл Меморандум Нұра топтық су құбыры нысандарын ауыз сумен қамтамасыз ету процестеріне цифрландыру және автоматтандыру технологияларын орнату бойынша жобаны іске асырудың негізін қалайды.

Сондай-ақ, министр корей тарапына биоалуантүрлілікті сақтау қорымен және Корея Республикасының Орман қызметімен ынтымақтастық аясында «Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғаған табанын Фито-орманды қалпына келтіру» жобасын іске асырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, министр Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кіруінің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок қазақстандық тарапты 2021 жылдың мамырында онлайн форматта өткізу жоспарланған «2030 жылға дейінгі жасыл даму және жаһандық мақсаттар үшін әріптестік» атты екінші Саммиттіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Министр Қазақстан Республикасының аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу мәселелері бойынша қосымша кездесу өткізуді ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша министр М.Мырзағалиев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, консультативтік қызметтер мен техникалық қолдау көрсету тәжірибесімен алмасу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Экология министрлігінің басшысы жас сарапшыларды экологиялық мәселелерді шешу бойынша бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды

Дерек көз – gov.kz

Бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының төртінші отырысына қатысты. Талқылау тақырыбы экология, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму мәселелері болды.

Жас сарапшылар еліміздің қалаларындағы ауа сапасы, су ресурстарын басқару, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін сақтау сияқты экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы түрлі мәселелерді көтерді.

Мысалы, Ұлттық биотехнология орталығындағы адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, профессор Мақсат Жабағин биоалуантүрліліктің ұлттық биобанкін құруды ұсынды.

«Қазақстанның флорасы мен фаунасының биоалуантүрлілігін сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен қатар ғылыми мақсаттар үшін биологиялық үлгілерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату және ұтымды пайдалану жөніндегі бірыңғай оператор ретінде биологиялық ресурстардың ұлттық орталығын немесе Биоалуантүрліліктің Биобанкін құру қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл ғылыми зерттеу мақсатында жиналған және сақталған биологиялық үлгілерге басқа ұйымдардың ғылыми топтарына жүгінуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Төменкөміртекті даму жөніндегі сарапшы, Dornier Consulting консультанты Гүлжамал Исаева саяси шешімдер қабылдау және халықты хабардар ету үшін цифрлық талдамалық платформаны орнату арқылы мониторинг станцияларының желісін кеңейту қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл қала аудандары бойынша атмосфераның ластану деңгейін онлайн режимде және графикалық форматта бақылауға мүмкіндік береді.

Мағзұм Мырзағалиев отырыс барысында айтылған сұрақтар мен ұсыныстарға жауап бере отырып, Жас сарапшылар клубын министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы мен болашаққа жоспарлары туралы хабардар етті.

«Сіз көтерген барлық мәселелер өте маңызды және өзекті. Барлық осы бағыттар бойынша біз тұрақты негізде мониторингтер, зерттеулер жүргіземіз және алынған деректер негізінде біздің іс-қимылымызды жоспарлаймыз. Әрине, экологиялық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Бірақ кезең-кезеңмен біз тиімді өзгерістерге қадам басып келеміз», – деп атап өтті министр.

Ведомство басшысы жаңа экологиялық Кодекстің қабылдануын, сондай-ақ әрбір өңір бойынша Жол карталарын бекітуді экологиялық сауалдарды шешудің пәрменді құралы деп атады. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан «2021-2025 жылдарға арналған Жасыл-Қазақстан» ұлттық жобасы туралы да айтылды.

«Қазір біз Су ресурстарын басқару бойынша ұлттық жобаны құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жоба су теңгерімін сақтауға, жаңа ирригациялық жүйелерді салуға, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді және су үнемдеуге көмектеседі», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар, министр елді көгалдандыру шаралары туралы да хабарлады.

«Кешенді жоспарлар бекітілді, өңірлер бойынша қону көлемі анықталды. 2 млрд. ағаш отырғызуды мониторингтеу бойынша интерактивті карта жасалады. Наурыз мейрамында Мемлекет басшысының аталған бастамасын іске асыру басталды, «Таза табиғат» жобасы бастау алды. Сондай-ақ, ағаштарды кесу жауапкершілігін қатаңдату бойынша заңнамалық шаралар бекітілді, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы Мәжілісте», – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев сондай-ақ жас сарапшыларды тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін экология мәселелерін шешу саласындағы бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды.

Министр М.Мырзағалиевтің Наурыз мейрамымен құттықтауы

Дерек көз – gov.kz

«Мемлекет басшысы наурыз мейрамымен құттықтауында елімізде «Таза табиғат» жобасы қолға алынғанын хабарлады. Ертең – 21 наурызда бұлақтардың көзін ашу, ағаш егу, елді-мекендер мен су айдындарын қоқыстан тазарту шаралары өтеді. Киелі Түркістан қаласында Президенттің орман алқаптарында 2 млрд. елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға «старт» береміз.

Ағаш көшеттерін отырғызу жұмысы «Мекенім-жасыл елім», «Менің ағашым» акциялары аясында жүзеге асады. Айналаны қоқыстан тазарту мақсатындағы «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасады. Ұлттық парктер мен басқа да табиғи аумақтарда «Парктер шеруі» өтеді. «Таза су айдындары» акциясы шеңберінде өзен-көлдер жағасы тазартылады.

Президент айтқандай, мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні қарсаңында табиғат ананы аялау жұмысына белсене атсалысуға шақырамын. Наурыз құтты болсын!”.

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Астана қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика
🌿 AI-ассистент