red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ҚР Президенті Парламент сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасын қарады

Дереккөз: «24.kz»

Елбасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Кездесуге сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин қатысты.

Консультация барысында кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасы қаралды.

Қазақстан Президенті бұл бастама қазақстандықтар арасында кеңінен қолдау тапқанын және мемлекет жүзеге асырып жатқан терең реформалар мен әлемдік нарықтағы ахуал тұрғысынан өзекті болып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастаманың Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіруге, қаржылық және ұйымдастырушылық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Қ.Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі бастама дер кезінде көтерілгенін, өйткені Мәжіліске бүгінде ел алдында тұрған міндеттерді нақты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа мандатын алу қажет екенін айтты.

«ҚазМұнайГаз» БАҚ-қа мәлімдеме жасады

Дереккөз: «24.kz» 

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «ҚазТрансОйл» АҚ пен «ҚазТрансГаз» АҚ біріктірілмейтінін мәлімдеді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға бұқаралық ақпарат құралдары мен акционерлерден келіп түскен ҚМГ компаниялар тобының екі еншілес кәсіпорны «ҚазТрансОйл» АҚ пен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның біріктірілу мүмкіндігі туралы сұрауларға байланысты ҚМГ мұндай біріктірудің экономикалық тұрғыдан орынсыз екенін ресми түрде мәлімдейді.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын қазақстандық ұлттық оператор. ҚМГ акцияларының 90%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі. ҚМГ акцияларының 10%-ы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне тиесілі.

«ҚазТрансОйл» АҚ – «ҚазМунайГаз» АҚ ҰК еншілес компаниясы, Қазақстан Республикасының магистралдық мұнай құбыры жөніндегі ұлттық операторы. Компания ұзындығы 5,4 мың шақырым. Магистралдық мұнай құбырлары мен ұзындығы 2 мың су құбыры желілерін бақылап отыр, 8 мыңнан астам адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның өндірістік нысандары Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. «ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.

Құрметті әріптестер!

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталығы (бұдан әрі – Орталық) базасында 2016 жылдың ақпан айының 16-18 аралығында Атырау қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбында мамандандырылған оқыту семинарын өткізуді жоспарлауда.
«Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» семинар бағдарламасында келесі негізгі тақырыптық бағыттар қарастырылады: ҚР Экологиялық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар; химиялық ластау бойынша табиғатты қорғау конвенцияларын (Киото, Базель, Стокгольм, Роттердам) жүзеге асырудағы ҚР заңдары; мемлекеттік шығарындыларын реттеу және парниктік газдарды сіңіру; өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу.
Білімдерді қорытынды бағалау нәтижелері негізінде тыңдаушыға ҚР Энергетика вице-министрінің қолымен ведомствалық үлгідегі куәлік беріледі.
Сонымен қатар, Орталық семинар қатысушыларын үлестіру материалдарымен қамтиды – соңғы өзгертулермен және толықтырулармен ҚР Экологиялық кодексі, «Eсo-info» (CD-диск және 1500 астам құжаттар) электронды тасымалдауышта қоршаған ортаны қорғау саласының электронды базасы.
Өтінімдер тіркеу нысаны негізінде семинардың басталуына 5 күн қалғанға дейін қабылданады.
Барлық ұйымдастырушылық сұрақтар бойынша 8 (7172) 79-93-35 телефондары арқылы Орталық мамандары Фариза Шымшықоваға және Данагүл Абикеге (pkkiac@mail.ru) хабарласа аласыздар.

Тіркеу нысаны

ОҚО: ауылға ауызсу берілді

Дереккөз: «24.kz» 

Көп күттірген ауызсуға да қол жетті.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданыдағы Бестораңғыл ауылы тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан тартып не сатып алып ішетін. Енді тұщы су шүмектен ағып тұр. Қызыл құмды бойлай орналасқан аудан халқының 89 пайызы құбырмен қамтылған. Олар тәулік бойы тұщы су тұтынып отыр.

Қолына шелегін алып атасына қарай асыққан немересінің қуанышында шек жоқ. Себебі есік алдындағы шүмекке тұщы су келді. 40 жыл бойы қой бағып осы күнді асыға күткен Қарпысбай қария жалпы ауыл болып құрылғалы бері жергілікті жұрттың қанып су ішпегенін айтады.

Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Бұрын ауыз су жүйесі мүлдем болған жоқ. Бұрын 10-15 метр тереңдіктегі жерден су ішетінбіз. Солай күнелттік. Халық риза.

Ұлбике Досымбекова, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Шүмектен тұщы су ішіп жатырмыз. Бұрын ащы суды өзеннен тасып ішетін едік. Қазір жақсы болды.

Тоқырау жылдары жұрт тіршілік нәрі болмаған соң үйлерін тастап көшкен. Енді ауылға қарай қоныс аударатын көштің беті де түзелер, дейді қария. Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Су келген соң жағдай өзгеруі мүмкін. Бірлі-жарым келеді ғой. Бұған дейін бәрі су ащы болған соң кетіп қалған еді. Енді келе жатар.

Шағын ғана ауыл аудан орталығына жақын орналасқанымен халық саны аз болғандықтан жылдар бойы ескерусіз қалып келген. Былтыр «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су торабы салынып, жаңа жүйе 11 елді мекен су ішіп отырған жер асты қорына жалғанған.

Серік Дәулетбаев, Шәуілдір топтық су жүйесінің басшысы:

– Бұл жерде екі су қоймасы бар. Жер асты суы қоймаға келіп құйылады. Сорғы арқылы залалсыздандыру қондырығысынан өтеді. Ол лампа жарығымен жұмыс істейді. Тазаланған соң халыққа беріледі.

Жалпы Отырар ауданыдағы бірқатар елді мекен ысылдаған құзылдың құмына жақын орналасқан. Жер асты тұщы су көзінің тапшылығы халықты толық құбыр суымен қамтуда біршама қиындық тудырып отыр, дейді әкімдіктегілер.

Салыхан Полатов, Отырар ауданының әкімі:

– Отырар ауданы бойынша, 38 елді мекен бар. Соның 31 елді мекені су құбырымен қамтылды. 7 елді мекен қалды. 2-еуінің су қоры анықталып, жобалық-сметалық құжатқа қаржы қарастырылуда. Қалған 5 елді мекеннің су қоры биыл анықталады. 2020 жылға дейін 38 елді мекен толық су құбыры арқылы су ішетін болады.

Аудан аумағында жер астынан өздігінен шығып жатқан термалды ыстық суы көп. Орталықтағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сол сумен жылытылады. Жылыжай да салынған. Алайда емдік қасиеті мол судың құрамында адам ағзасына зияны бар химиялық элементтері көп болғандықтан ішуге болмайды. Сондықтан қосымша су көзін іздеуге тура келеді, дейді мамандар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Қазақстан Nuclear Security Index рейтингінде 17-орында

Дереккөз: «bnews.kz»

АҚШ ұсынған Nuclear Security Index ядролық қауіпсіздігінің жаңартылған рейтингінде Қазақстан 17-орынға жайғасты, деп хабарлайды BNews.kz.

Рейтингтегі мемлекеттер екі топқа бөлінген: оның біріншісіне бір және одан көп келі ядролық материалы бар 24 ел кірсе, екінші топқа бір келіден аз материалы бар немесе мүлде жоқ 152 мемлекет алынған.

Австралия, Швейцария, Канада, Польша, Бельгия, Германия және Норвегия алғашқы 7 орынды алып отыр.

24 мемлекеттің тізіміне Беларусь (8-орын), Ресей (18-орын), Қытай (19-орын), Израиль (20-орын) кірген.

 

Жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді

Дереккөз: «24.kz»

Ақтауда жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл – толықтай отандық өніммен бой көтерген аймақтағы алғашқы көпқабатты баспана. Оның құрылысына индустриалды құрылыс комбинатындағы инновациялық әдіспен шығарылған темірбетон өнімдері қолданылып отыр. Қазақстанда жасалған материалдардың арқасында қысқа мерзімде әрі қабырғасы берік ғимараттар тұрғызылуда. Мамандар «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай құрылыс саласына «бір терезе» қағидасы енгізілсе, елімізде тұрғын үй көптеп салынар еді деп отыр. Сырттай қарасаң, бұл тұрғын үйдің өзгелерінен еш айырмашылығы жоқ. 9 қабатты, 134 пәтері бар. Ерекшелігі – инновациялық өніммен қаланған қабырғаның беріктігінде. Темірбетонды құрастыру әдісі бойынша салынған баспана жер сілкінісіне шыдайды. Мұндағы 90 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі, қалғаны сатылып жатыр. Отандық өнімнің сапасын жақсы білетін құрылысшы Мұса Беймырзаев та осы үйді таңдапты.

Мұса Беймырзаев, жаңа пәтер иесі:

– Ақтау қаласына көшкіміз келіп, үй қарадық. Көптеген үй салынып жатыр ғой. Бәрі де ұнайды, бірақ осы үйді ұнаттық. Бұл – қазіргі таңда өзіміздің отандық өніммен салынып жатқан үй. Плита бәрі де осы жерден шығады. Бөлмелерінің кеңдігі, жылылығы, салынған құрылыс материалдары бәрі де көңілімізден шықты.

Модульді тұрғын үй технологиясы бойынша баспаналар «Лего» ойыншығы тәрізді құрастырылады. Жаңа әдістің арқасында жылдың кезкелген мезгілінде ғимараттардың қабырғасын қалай беруге болады. Отандық темірбетон өнімдері қысқа мерзімде арзан баспаналардың бой көтеруіне ықпал етуде. «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай, құрылыс саласына жаңа жүйе енгізілсе, жұмысымыз бұдан да жеңілдей түседі», – дейді құрылысшылар.

Марат Аушахманов, құрылыс компаниясының директоры:

– «100 нақты қадам» жоспарының 47 қадамында жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу процесін бәсекелестік ортаға беру туралы өте орынды айтылған. Жаңа жүйенің арқасында нысанды сараптамадан өткізу жеңілдеп, оның бағасы да арзандай түседі деген сенімдеміз. Бұл құрылысшылар үшін өте тиімді. Құрылыс саласына енгізілген өзгерістер елімізде баспаналардың көптеп салынуына тікелей ықпал етеді деп ойлаймын.

Аймақтағы индустриалды құрылыс комбинатының арқасында жылына 100 мың шаршы метр баспана салуға болады екен. «Зауытта шығарылатын темірбетон өнімдері өңірдегі тұрғын үйдің бағасын төмендетуге де ықпал етеді», – дейді мамандар. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын өткен жылы 30 мыңнан астам темірбетон өнімдерін өндірген. Инновациялық өнімдердің сапалы құйылуына зауыттағы 80 адам жауапты.

Сағадат Сәлімова, зертхана меңгерушісі:

– Біз әрбір бетон өнімінен шағын үлгі алып, оны әр 7 күн сайын тексеріп отырамыз. Оның мықтылығын, сапасын. 7 күнде 30-дан артық көрсетеді. Ол деген сөзіміз, біздің бетон өнімдеріміздің мықтылығын, сапалылығын көрсетеді. Жұмысымызда жақсы жағдайлар жасалған. Асхана, жатақхана бар. Жалақымызды уақытында алып отырамыз.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта керамзитті материалдар шығаратын тағы бір зауыт бой көтеруде. Бұл кәсіпорын өндіретін өнімдер баспаналардың жылы болуын қамтамасыз етеді екен. «Жаңа зауыт іске қосылғанда құрылыс саласындағы отандық өнімдердің үлесі 95 пайызға жетеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Мөлдір Мұсаева, Саламат Бекбаев

Иранның ядролық мәселелерін шешудегі Қазақстанның рөлін Қытай жоғары бағалайды

Дереккөз: «24.kz»

«Қазақ елі Иранның ядролық мәселелерін шешу жолында үлкен рөл атқарды».

Біздің мемлекеттің белсенділігін Қытай Халық Республикасы осылай жоғары бағалады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лэй «Қазақстан Иранның ядролық мәселесіне байланысты жан-жақты келісімге келу процесін алға жылжытуда саяси-дипломатиялық күш салды» деп отыр.

Хун Лэй, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Қазақстан тарапы екі мәрте Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөз ұйымдастыруға бастамашыл болды. Жақында ғана Қазақстан Иранда байытылған уран қорының мәселесін шешуде белсенділік танытып, маңызды рөл атқарды. Біз осы жасалынып жатқан жұмыстарды жоғары бағалаймыз.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» туралы заңның тиімді тұстары түсіндірілді

Дереккөз: «Хабар» ТА

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік Үкімет пен бизнес арасында өзара тиімді ынтымақтастықты құру арқылы, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруды көздейді.

Бүгін Ұлттық экономика министрлігінің мамандары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы әкімдіктерінің өкілдеріне «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» туралы заңның ерекшеліктері, бизнес үшін жасалған мүмкіндіктер, мемлекеттік қолдаулар туралы тарқатып айтып берді.

Жаңа заң талаптары бойынша, мемлекет тарапынан ұсынылған жобаларға қызығушылық танытқан тұлғалар жобаның тұжырымдамасын, конкурстық құжаттаманы талқылауға және әзірлеуге қатыса алады. Сондай-ақ жаңа заң мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына бастама жасауға баламалы ұсыныстар болмаған жағдайда конкурс өткізбей, тікелей келіссөздер жүргізу негізінде шарт жасау мүмкіндіктерін береді. 31 қазанда қабылданған жаңа заң аясында бүгінге дейін бизнес тарапынан 20-ға тарта ұсыныс түскен.

Нұрым Аязбаев, ҚР ҰЭМ департаментінің директоры

-Балабақшалар, емханалар және тағы басқа жеңілдетілген жобалар, олар техникалық негіздеме әзірленбейтін, тек қана ПСД-сі бойынша жұмыс істейтін жобалар болып табылады.

Қазақстан үкіметі бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдайды

Дереккөз: ИА “Казинформ”

Қазақстан үкіметі бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлауда деп хабарлайды Қазақпарат.

Бұл туралы бүгін президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Мұнай бағасының қарқынды құлдырауы мен әлемдік нарықтағы келеңсіздіктерді ескере келе, мемлекет басшысы үкіметке мұнайдың әлемдік бағасы барреліне жиырма долларға құлдыраған жағдайда да Қазақстан экономикасын дамытудың мүмкін сценарийін әзірлеуді тапсырды. Осынау сценарийлік болжамдар бейсенбі, 19 қаңтар күні үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында қаралады. Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі де мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалады», – деді Сағынтаев.

Осы ретте үкімет басшысының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік сала шығыстары еш қысқартылмайтындығын баса атап өтті.

«Қабылданған шешімдерді ескере отырып, қосымша шаралар қалыптастырылатын болады», деді ол.

«Ертic орманы» резерватында ағаш кесуге үш жылдық мораторий іске асырыла бастады

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

«Ертic орманы» мемлекеттік табиғи резерватында кез келген ағаш түрін, оның ішінде санитарлық кесуге үш жылдық мораторий жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы  жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Мұрат Әлижикеевтің айтуынша, мораторий туралы шешімді облыстық әкімдік ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныспен жүгінген кезден, яғни өткен жылдың көктемінен бастап күткен. – Қазіргі таңда тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойылды және барлық сатыдан келісімнен өтіп, Әділет министрлігінің тіркеуіне тапсырылған. ҚР Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығында 2016 жылға «Ертic орманы» үшін ағаш кесу нормасы белгіленбеген. Орман және күзет инспекциясының қызметкерлері өздерінің жұмыс орындарында қалады. Штат қысқартылмайды. Олар өрттен кейін орманды сөндіру және тазалау жұмыстарымен айналысады, – деді Мұрат Әлижикеев.

Ал, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инпекциясы бөлімінің басшысы Құмар Құсайынов атап өткендей, ведомствода былтырғы жылғы «Ертіс орманы» резерватында мемлекетке заңсыз ағаш кесудің нәтижесінде келтірілген шығын есептелген. – Былтырғы жылы 16 562 текше метр ағаш кесу, 102 заңсыз орман отау фактісі орын алған. 16 562 текше метр тіркеліп, 814 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды. 17 көлік құралы ұсталып, 102 қылмыстық іс қозғалды және 10-ы сотқа берілді, – дейді Қ. Құсайынов. Ведомствода енгізілген мораторий бірегей қарағай орманын сақтап қалуға септігін тигізбек.

Еске сала кетейік, орман қорының Павлодар облысындағы мемлекеттік табиғат резерваты 478,7 мың. га құрайды. Оның 277,9 мың га аумағын Лебяжі және Шарбақты аудандарындағы «Ертіс орманы» резерватының қылқан жапырақты орманы алып жатыр.

Астана қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика
🌿 AI-ассистент