Источник: «bnews.kz»
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген талаптарға сай келуі тиіс. Атап айтқанда, еліміздің Ата заңының ережелеріне сәйкес, Мәжіліс депутаты болып 25 жасқа толған, ҚР азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын азамат бола алады. Соттің шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған, сондай-ақ, сот Үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ», – деп мәлімдеді ОСК төрағасы.
Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің басымдығымен жүргізіледі. Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі емес адамдарды енгізуге құқығы жоқ.
«Жергілікті Мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсынуды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады», – дейді Қуандық Тұрғанқұлов.
Дерексөз: «24.kz»
Президенттің шешімінен кейін Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Онда мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Атап айтсақ, партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін Мәжіліс депутаттарының сайлауы 20 наурызда, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы дауыс беретін сайлау 21 наурыз күні өтетін болды. Ал мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын комиссия 20 наурызға белгіледі.
Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу бізге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Біз бүгін стандартты құжаттарды қабылдадық. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Оның ішінде күнтізбелік жоспар, сайлау науқандарын ұйымдастыруға қажетті сайлау құжаттары бекітілді.
Дерексөз: «tengrinews.kz»
U.S. News нұсқасы бойынша Қазақстан әлемдегі үздік елдердің ретингінде 55-орын алды. Тізімге 60 ел кірді.
Рейтинг елдің туризміне, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне, мәдениетіне, инновациясы мен тарихи мұрасына, бизнес ашу мүмкіндігіне, әлемдік аренадағы қуаттылығына негізделіп жасалды. Тізімде алғашқы орынды Германия алды, одан кейін Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция мен Австралия тұр. Соңғы үш орын Иран, Украина және Алжирге бұйырды.
Сипаттамада Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры, соның ішінде уранның көп екені айтылған. Сонымен қатар, елдегі ауылшаруашылықтың дамығаны айтылады. Мамандардың пікірінше, ел экономикасы мұнай секторымен байланысты.
Тізіммен толығырақ мына жерден танысуға болады.
Дерексөз: «today.kz»
Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюына, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты
ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ
Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым.
Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді саяси партиялар мен кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық, саяси науқанды тездетіп аяқтауға және қойылған міндеттерді іс жүзіне асыруға кірісуге деген қажетсіну бар.
Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тартылып отыр. Энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді тосып отыр
Халықаралық ахуал да күрделене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде. Сарапшылардың көпшілігі әлемдік державалар арасындағы келіспеушілік “қырғиқабақ соғыс” аяқталғаннан бері дәл қазіргідей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдайда өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Террорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Іс жүзінде әлемнің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осының бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді.
Әлемнің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді, ол жөнінде мен халыққа таяудағы Жолдауымда айттым. Бұл дегеніміз индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыра отырып, шикізат бағасы төмен жағдайда өмір сүруге бейімделуді білдіреді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі орнына келетініне, мұнай бағасы көтеріліп, жағдайдың жақсаратынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.
Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге “Қазақстан-2050” Стратегиясының бағытын жалғастырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру, Ұлт Жоспарын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, “Нұрлы жол” бағдарламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер бұрынғы дағдарыс тәжірибесі мен инфрақұрылымдық құрылыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну арқылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс.
Халыққа Жолдауда мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғырту, бюджет саясатын үнемдеу, ұсынықтылық және қайтарымдылық қағидаттары негізінде оңтайландыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Парламенттің қазіргі құрамы Ұлт Жоспарына сәйкес, өнімді және ауқымды заң шығару жұмысын атқарды. Ендігі жұмыс Үкімет пен елдің барлық атқарушы органдарына, сондай-ақ бизнес-қоғамдастыққа тиесілі. Дағдарысқа қарсы шаралар мен Ұлт Жоспарын дер кезінде және сауатты жүзеге асыру солардың тиімді жұмысына байланысты болады. Бұл біздің елімізді әлемдік қоғамдастық алдында тағы да биіктетіп, инвестиция тартады, елімізге деген сенімді нығайтады. Біз мұны жасауға тиіспіз.
Қазір біздің қоғамымыз 1991 жылы мүлдем бейтаныс ахуалға тап болған кездегідей абдыраған адамдар тобы емес. Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын.
Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, мен Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен кеңестім. Ақылдаса келіп депутаттардың бастамасын қолдау туралы шешім қабылданды. Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәртібіндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүддесіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.
Бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін.
Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесін мызғымас бірлікпен қарсы алайық!
Дерексөз: «24.kz»
Әр мемлекеттің экономикалық даму жолында ұзақмерзімге негізделген нақты жоспары болу керек.
Егер ешқандай бастама болмаса, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу қиын. Бұл жөнінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Бельгиямен ынтымақтастық дөңгелек үстеліне қатысушылары біздің арнамызға «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңыздылығын айтып берді. Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникация ағынына тәжірибе жүзінде ықпалдасуын сарапшылар: Қазақстанның автокөлік және теміржол инфрақұрылымын, Қытайдың Азия мен Еуропаны біріктіретін жаңа «Жібек жолы» жобасымен жақсы үйлесім табатынын атап өтуде.
Шанталь Де Блё, Валлония сыртқы сауда және инвестиция агенттігі директорының орынбасары (AWEX):
– Қазақстан табиғи қазба байлықтарына бай мемлекет болғанымен, жоспардың басым бағыттарының бірі баламалы индустрияны дамытуға бағытталған. Үкімет елде инвестициялық климатты оңтайландыру мақсатында бірқатар жұмысты қолға алған. Мен сіздің елге қаржы құюға ниеттілердің қатары көбейетініне сенімдімін. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін жаңғырту жобасы аясында қолға алынған «Алматы-Хоргос» автожолы Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты жандандыра түспек. Оған қоса Ұлы Жібек жолының сізің елдің аумағынан өткенін білеміз. Менің ойымша, бұл – қызықты әрі сәтті жоба.
Дереккөз: «bnews.kz»
2016 жылы Павлодар облысында 2527 нысан заңдастырылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрғын үйлер – 481 және тұрғын үйге жатпайтын нысандар саны – 2046, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Олжас Шарапиденовтің айтуынша, өңірде мүлікті жария ету науқаны 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
«Осы жылдың 12 қаңтарындағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жалпы құны шамамен 4 193,3 миллион теңгені құрайтын 2 093 жылжымайтын мүлік нысаныын жария ету туралы 1003 өтініш келіп түскен. Оның ішінде жалпы құны 1 378,3 миллион теңгенің 577 тұрғын үй нысандары және 2 815,0 миллион теңге болатын 1516 тұрғын үйге жатпайтын нысандар бар», – дейді басқарма басшысы.
Жалпы, облыс бойынша құны 3 454,9 млн теңгені құрайтын 1731 нысан жария етілді, оның ішінде 462 тұрғын үй нысаны, 1269 тұрғын үй емес нысан бар.
Ведомство басшысының мәліметінше, облыста жария етілген тұрғын үй нысандарының орташа құны 2 502,0 мың теңгені, ал тұрғын үй емес нысандардың орташа құны 1 811,0 мың теңгені құрап отыр. Жүргізілген сараптама кезінде бұл көрсеткіш республикалық деңгейден төмен екені белгілі болды.
Павлодар облысы Әділет департаментінің хабарлауынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге 1 212 өтініш келіп түскен. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Қанат Бозымбаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне мүлікті жария ету науқаны аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық қолдау жасауды және мүлікті жария ету бойынша өкілетті комиссиялар мен жұмыс органдарының сапалы қызмет етуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Дереккөз: «today.kz»
Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Астана қаласы аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулері аясында “Есіл” ауданының әкімі Сабила Мұстафина Республикалық диагностикалық орталықта медициналық холдинг пен аудандық медицина мекемелерінің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Өткен жылдың қорытындысына тоқталған Сабила Мұстафина пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысандарын атап өтті.
– 2015 жылы 4 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, өз жұмысын бастады: сол жағалауда бір ауысымда 500 келушіге арналған амбулаториялық-емхана кешені, Қабанбай батыр даңғылы мен №30 көшенің бойындағы 250 кереует-орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, бір ауысымда 150 келушіге арналған емханасы бар 250 кереует-орындық медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы, сондай-ақ, “Үркер” тұрғын алабында бір ауысымда 150 келушіге арналған бастапқы медициналық әлеуметтік көмек көрсету орталығы, – деді С. Мұстафина.
Кездесуге келушілер аудан аумағын абаттандыру, жол салу, коммуналдық қызметтер мен кәсіпорындар жұмысы, қауіпсіз қозғалыс, құрылыс, сондай-ақ, жолаушылар көлігі мәселелерін көтерді.
Тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, Сабила Мұстафина биыл аудан аумағында үш гүлбақ салынатынын жеткізді: №2 қалалық аурухананың жанында, №1 перинаталдық орталықтың жанында және “Тельман” тұрғын алабында.
Еске салайық, “Есіл” ауданының әкімі Сабила Мұстафинаның келесі кездесуі ертең сағат 15:00 ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде өтеді. Оған студенттер мен оқу орнының еңбек ұжымы қатысады. Ал 22 қаңтарда сағат 11.00 “Қазақстан” орталық концерт залында соңғы халықпен есеп беру кездесуі өтеді.
Қала аудандары әкімдерінің есеп беру кездесулерінің толық кестесімен astana.gov.kzсілтемесі бойынша танысуға болады.
Дереккөз: «today.kz»
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов әріптестерін Парламент қызметінің айтулы күндерімен құттықтады.
Мәжіліс Сипкері бүгін осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстанның қос палаталы Парламенті, сондай ақ, төрт жыл бұрын дәл осы күні Мәжілістің бесінші сайланымы өз жұмысын бастаған ерекше күн екенін атап өтті.
Ал, жалпы отырыстың күн тәртібі бойынша халық қалаулылары талқысына бірқатар ратификациялық құжаттар ұсынылды. Соның бірі – 1999 жылғы 18 қарашадағы Ресеймен “Байқоңыр” ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялауға байланысты.
Заң жобасы аясында аварияның зардаптарын жою жөнінідегі бірлескен штабтың қызметі нақтыланды. Бірлескен штаб орындалатын жұмыстардың көлемі мен мерзімін, тартылатын күштер мен құралдардың құрамын және міндеттерін, тартылатын күштердің өзара іс-қимылдар тәртібін айқындайды және жұмыстардың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асырады. Штаб бастықтарының шешімдерімен бір тәулік ішінде қызметтің тиісті бағыттары бойынша нысаналаы жұмыс топтары құрылатын болады.
Осы күні Мәжіліс депутаттары Германиямен Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы үкіметаралық келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялады.
Келісімге сәйкес әрбір тарап сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында қолданыстағы келу немесе болу қағидаларын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамды, егер осы адам сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатыны дәлелденсе, қабылдайды.
Жалпы отырыста Палата Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Дереккөз: «khabar.kz»
Неміс бизнесмендері Қазақстанның аграрлық секторын инвестициялауға дайын. Әрі бірлескен өндірістерді жолға қойсақ деген ниеттері бар.
Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Германияға іссапары барысында айтылды.
Вице-министр Германияның белді деген 60-тан астам компаниясының өкілдерімен арнайы кездесіп, Қазақстандағы инвесторларларға жасалған жеңілдіктерді айтып берді.
Сондай-ақ Ермек Көшербаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралған салалық министрлердің конференциясына қатысты. Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Берлинде өтіп жатқан «Жасыл апта» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, 70 елден келген шаруалардың өнімдерін көріп қайтты.
Ермек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары
-Бүгінде Қазақстанда бірнеше неміс компаниялары жұмыс істейді. Мәселен, жақсы үлгі ретінде «ҚазАгро» мен немістің «АргоВис» компанияларының жобасы қоспа жем зауытының құрылысын айрықша атап өтер едім. Көптеген компаниялар Қазақстанға келуге ниет білдірді. Сондықтан мен ойлаймын, бізде ортақ жұмысқа басымдық бар деп.
Дереккөз: «bnews.kz»
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу мырзаның айтуынша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнің жүзеге асуына өз үлесін қосты. Бұл туралы ол баспасөз мәслихатында журналистерге айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Айта кетейік, 16 қаңтар Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Юкия Амано Иранның атом бойынша келісімдерді жүзеге асыруға қажетті талаптарды орындағанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін Еуропа Одағы мен АҚШ билігі Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастағанын жариялады.
«Аталмыш тарихи оқиға келіссөздердің нәтиже беретінін көрсетті. Бұл ынтымақтастық, өзара сыйластық пен келісім арқылы өте күрделі мәселелерді шешуге болатынының айғағы болып отыр», – дейді М.Дамирчилу.
Иран Елшісі өз сөзінде осы келісімнің жүзеге асуына Қазақстанның үлес қосқанын атап өтті.
«Мен бұл келісімнің ілгерілеуіне және оның орындалуына үлес қосқан елдерді атап өткім келеді. Осы мемлекеттердің бірі – Қазақстан, ол келіссөздер жүргізу процесін өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан табиғи уранды Иранға беру процесінде осы келісімді жүзеге асыруға қатысты. Осы жағдайлар және Иранға қатысты санкциялардың күшін жоюы біздің елдердің ынтымақтастығы одан әрі нығайтуға ықпал етеді деген ойдамын», – дейді Елші.
Жалпы, оның пайымдауынша, Ираннан санкциялардың алынуы елдегі қазіргі экономикалық ахуалды жақсартуға, мұнымен қатар өңірлік деңгейде қарым-қатынасымызды дамытуға көмектеседі.
Сонымен қатар, Иран мұнай экспортын санкция салынған уақытқа дейін болған көлемге жеткізбек. Яғни, бұл мемлекет тәулігіне 2,1 млн баррель мұнай экспорттауды көздеп отыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу айтты.
«Санкция салынғын жылдары Иран мұнай экспортына шектеу енгізілді. Санкция салынғанға дейін Иран тәулігіне 4 млн баррель мұнай өндіретін, оның 2,1 млн баррелін экспортқа шығаратын. Санкция салдарынан тәулігіне 1 млн баррель мұнай экспортқа шығарылатын болды. Қазір Иран санкцияға дейінгі өндіріс көлемін қалпына келтіруді көздеп отыр», – деп хабарлады Елші.
Оның айтуынша, алты ай ішінде Иран экспорт көлемін тәулігіне 1 млн баррелге, ал бір жылда тәулігіне 2,1 млн баррелге жеткізуді жоспарла отыр.
«Маңызды жайтқа тоқталсам, санкция салынған жылдары біз мұнай экспортын қысқартуды көздейтін бағдарлама әзірледік. Бағдарлама бойынша экспорттан түсетін табыстың көп бөлігі бюджетке түспей, арнайы құрылған қорда сақталады. Бірақ, Иран мұнай өндіруші елдер арасындағы қазіргі ахуалына байланысты бұрынғы жағдайына қайта оралуды көздеп отыр», – деп атап өтті М.Дамирчилу.
Айта кетейік, 16 қаңтар Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Юкия Амано Иранның атом бойынша келісімдерді жүзеге асыруға қажетті талаптарды орындағанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін Еуропа Одағы мен АҚШ билігі Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастағанын жариялады.