red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ЕХРО-ға келген қонақтарға 30-ға жуық қызмет түрі көрсетіледі

Дереккөз: www.24.kz

4584eb6d6417001485836005305eab5e_l

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қазірден түрлі мекемеден өтініш қабылдауға әзір.

Коммерциялық қызмет көрсету арқылы қомақты қаржы түседі деп көзделіп отыр. Келер жылы өтетін халықаралық көрмеге кәсіпкерлердің қазіргі дайындығы қандай?

Ел тарихындағы ең ауқымды шараның шымылдығы түрілуіне де аз қалды. Қазірдің өзінде әлемнің 100-ден астам елі көрмеге қатысатындарын растап отыр. Жалпы көлемі 170 гектарды құрайтын ЭКСПО қалашығында 30-ға жуық қызмет түрі көрсетілетін болады. Тізімге ойын-сауық орталығынан бастап сән салоны, ателье, дәріхана, баспа секілді барлық қызмет енген. Ұлттық компания енді кәсіпкерлер арасында іріктеуді бастайды. Талапқа сай болғандар көрмеде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады.

Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Коммерцияландыру департаменті директорының орынбасары:

– Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдері өтініштерін бізге беруі керек. Арнайы құрылған комиссия 10 балдық жүйемен олардың мүмкіндігін бағалайды. Қазақстан бойынша экскурсия, дизайнерлік қызметтер де болады. Келген туристерге барлық жайлы жағдай жасауымыз керек.

Алдын ала болжам бойынша, ЭКСПО-ны үш айдың ішінде 5 млн адам тамашалайды. Толассыз туристер мен қыдырып келушілер үшін жаңадан 24 қонақ үй бой көтереді. Астанада алғаш рет ашылған бұл тоқыма өнімдерінің шоу-румы ол қонақ үйлерді, мейрамхана, фитнес орталықтарды қажет өніммен қазірден қамтамасыз етуге әзір. Көрпе-жастық, орамал секілді барлық заттары халықаралық стандартқа сай. Бұрын 3 жұлдыздан жоғары отельдер бұл кәсіби тоқыма өнімдерін шетелден алдыратын. Енді алысқа сабылудың керегі жоқ. Әр қонақ үйдің қалауы бойынша тапсырыстарын орындайды.

Ниязи Дадашаев, тоқыма компаниясы сату бөлімінің директоры:

– Ел үшін маңызды шара ЭКСПО-ның алдында Астанада кәсіби тоқыма өнімдерінің шоу-румын ашуды жөн көрдік. Елордаға мыңдаған турист келетінін ескерсек, бұл қонақ үй, мейрамханалардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Уақыттары мен ақшаларын үнемдейді. Бізде таңдау көп. Өнімдеріміз еуропалық брендтердің сапасынан кем түспейді.

Айгүл Сариева, кәсіпкер:

– Астанадағы осы шоу-румда барлық тауар түрлерімен танысып, тапсырыс беруге болатыны қуантады. Осыған дейін шетелдік компания өкілдерінің бізге келгенін күтетін едік. Біз секілді қонақ үй, мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге ыңғайлы болды.

Көрменің арқасында Астанаға қонақтар есебінен құйылатын қаржының көлемі артады. Күн сайын павильондарды кемі 55 мың адам аралайды. «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, коммерциялық қызметтен 500 млн еуро пайда түседі деген болжамдарын айтты.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Жандос Битабаров, Ануар Тәуекелов

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысы биыл аяқталады

Дереккөз: www.24.kz

1f7bc9eec5e5b60917079945910cb55f_l

Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу барысында Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге дайындық барысын сөз етті. «Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады», – деді. Қазан айында павильондар мен делегаттарға салынған үйлер тапсырылатынын жеткізді. Қазір ЭКСПО көрмесіне 103 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысатынын растады. 98 секция комиссарлары тағайындалды.

EXPO-2017 көрмесінде ШЫҰ елдерінің жеке павильоны болады

Дереккөз: www.24.kz

25f371793135faedf760d06cee27de75_l

Шанхай ынтымақтастық ұйымының EXPO-2017 көрмесінде жеке павильоны болады.

Бүгін осы жұмысты іске асыратын топ өзара әріптестік туралы үш жақты келісімге қол қойды. Қазақстан тарапынан «Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясы» мен «G-GLOBAL халықаралық хатшылығы» атты үкіметтік емес ұйымдары мен Қытайдың «Жаңа Еурпазиялық топ» холдингі осы жобаны жүзеге асыруға атсалысады. «Құрамына 18 ел кіретін оңтүстік-шығыс Азиядағы ірі ұйымның әлеуетін Астанада өтетін көрмеде тиімді пайдалану маңызды жұмыстың бірі», – дейді мамандар. Қазірдің өзінде Қытайдың 100 технопаркі EXPO көрмесіне өз үлестерін қосуға әзір көрінеді. Сонымен қатар мәдениет пен ғылым, түрлі инновациялық тақырыптарға арналған 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылатын болады.

Салтанат Рахимбекова, Жасыл экономиканы дамыту және G-GLOBAL коалициясының басқарма төрайымы:

– Бұның ішінде Еуразиялық үлкен инновациялық форумды өткізу, халықаралық әйелдер жасыл форумын өткізу, ШОС мемлекеттерінің жасыл энергия деген форумын өткізу. Осындай бір оншақты форум өткізу, басқа да жан-жақты шараларды өткізу осы павильонның алаңында және осы павильоннан EXPO бағдарламасына ұсыныс жалпы үлкен.

Жасыл экономика. Су үнемдеу жолдары

Дереккөз: www.24.kz

Адамның шығындайтын суының параметрлері тұрақты емес. Себебі ол маусымдық сұраныс пен әр түрлі тұрмыстық қажеттілікке байланысты. Бір де аз, бір де көп кететін оны қалай үнемдейміз? Бүгінде суды тиімді пайдаланудың қандай тәсілдері бар деген сауалға қазақстандық респонденттердің 20,9 пайызы ауыз су мен техникалық суды бөліп пайдалану керек дегенді алға тартады. Ал олардың 4 пайызы суға тарифті қымбаттату керек деп есептейді. Ал сіз суды қалай үнемдейсіз?

Оралда қоқыстан электр қуаты өндірілетін болады

Дереккөз: www.24.kz

8fbcb6c05a31ea805ea1a2f77cfaab28_l

Оралда кәдімгі қоқыстан электр қуаты өндіріле бастайды.

Бұл туралы «Хабар 24» арнасының сол өңірдегі тілшісі Талғат Серікқалиұлы хабарлайды. Финляндиядан келген инвесторлар қазір қала іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонын зерттеуге кірісті. Қандай да бір қоқыстың құрамында 65-70 пайызға дейін метан газы болатыны дәлелденген. Сондықтан полигонды электр қуатын өндіретін генераторға айналдыруға мүмкіндік мол. Мәселен, Финляндияда тап осындай қоқыс полигонының үстіне гольф алаңы салынған. Оның астында қоқыс көміліп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Финляндиялық «Доранова» компаниясының экспорт мәселелері жөніндегі директоры Андрей Авериннің айтуынша, алдымен қоқысты жерге көміп, одан метан газын алынады. Осы экологиялық отын түрін пайдалану арқылы электр қуаты өндіріледі. Қондырғы алдағы жылдың көктемінде әкелінеді. Ол сағатына 1 МВт электр қуатын шығаратын күшпен жұмыс істейді екен.

«Алынған өнімді арзан бағамен мемлекетке сатамыз. Ол өз кезегінде тарифті төмендетуге оң әсер етеді. Бұл жобаның тағы бір тиімділігі қоқыс тастайтын полигон көмілген соң оның иісі қалаға келмейді. Ал полигонның үстін абаттандырып, халыққа пайдалы нысандар салуға болады»,- дейді шетелдік инвесторлар.

Қазақстан – достық мекені

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Астана қ., Қазақстан Республикасы, 22 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан халықтары тілдерінің күні өткізілді.

Мерекелік шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және көп ұлтты еліміздегі ұлттар достастығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара болып табылады.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев құттықтау сөзінде: «Әр ұлттың елдігін айқындайтын негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік тіл болғандықтан, мемлекеттік тілді құрметтеу – көп ұлтты отанымыздың әрбір азаматының  абыройлы міндеті екендігі баршамызға анық. Елімізде тыныштық, молшылық болсын, әрқашан да мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік болып, ұлттар достастығы нығая берсін», – деп атап өтті.

Мерекелік шара ҚР Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, Комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында жарыс ретінде өткізілді. Жарысқа үш номинациядан тұратын жеті команда қатысты: 1-номинация:  «Қазақстан – достық мекені» (ұлттық киім, салт-дәстүр, би және ән, білдіретін ұлттың поэзиясын орындау, ұлттық тағамды қөрсету); 2-номинация: викторина (тарихтан, қазақ әдебиетінен қойылатын сұрақтарға жауап беру); 3-номинация: «Мақал-мәтел айтып жарысу» (қатысушылар төл дыбыстардан алынған жеті әріптен (Ә,Ғ,Қ,Ө,Ү,Ұ,І) басталатын мақал-мәтелдерді айту керек).

Жарыс қорытындысы бойынша үш жүлделі орын берілді (І,ІІ,ІІІ) және дипломдармен марапатталды. Жеке номинациялар бойынша белсенді қатысушыларға ынталандыру дипломы табыс етілді.

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі

Жасыл экономика. Еліміздің жас өнертапқыштары

Дереккөз: www.24.kz

Робототехника байқауы World Robot Olympiad ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап ұйымдастырылады. Оның Қазақстандағы ұлттық операторы Назарбаев зияткерлік мектептері. Осыған байланысты жыл сайын республиканың түкпір-түкпіріндегі жас таланттар робот құрастырудан бақтарын сынайды. Жеңіске жеткен команда ұлттық құрамаға ілініп, дүниежүзілік роботтар олимпиадасына қатысады. Биыл бұл шара Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Тақырып: қоқыстармен күрес. Үздік шыққан оқушылардың өнертабыстары EXPO көрмесіне қатысуы мүмкін. Толығырақ бүгінгі шығарылымда.

Қостанайлық жастар EXPO-2017 көрмесінің еріктілері қатарына іріктеліп алынды

Дереккөз: www.24.kz

c7d962fc064a731aa978a77c7ad0accb_l

Қостанайлық жастар Астанада өтетін EXPO көрмесінде еріктілер қатарында қызмет көрсетуге дайын.

Бүгінге дейін аймақта 300-ден астам жас өтініш білдірген. Олардың ішінен 120-сы іріктеліп алынды. Үміткерлердің басым бөлігі – жоғары оқу орындарының студенттері. Еріктілер тобын жасақтау барысында алдымен олардың адамдармен тіл табысып, сөйлесуге бейімділігі, икемділігі ескерілген. Келесі кезекте тіл үйрету, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауға арналған оқу-курстары жүргізіледі. EXPO-ға қатысатын еріктілерге қойылатын басты талап – тәуелсіз Қазақстанның жетістігін паш етіп, әлемдік денгейдегі озық үрдістерді көпке таныстыра білу.

Ақбалқын Есқатова, ерікті:

– Бұл үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Себебі келген қонақтарымызға біз өзіміздің еліміз туралы айтамыз. Біз оны нақты біліп, оларға түсіндіруіміз керек. Біздің қандай салт-дәстүрлеріміз бар, қандай тарихымыз бар екендігін айтуымыз қажет. Оны біз тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен бірге орыс тілі, ағылшын тілінде айтуымыз керек болады. Оны бір жыл бойы үйреніп, сол дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. 

Оралда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды

Дереккөз: www.24.kz

85ea56f0ec6469f6e51bd52b429000e7_l

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен жұмысын бастады. Ол қаладан шығарылған көң-қоқыстарды төгетін орында орналасқан. Арнайы алаңға жиналатын қоқыс автоматты түрде жұмыс істейтін екі конвейер желісіне жіберіледі. Сол жерде жұмысшылар заттарды сұрыптап, арнайы қаптамаларға салып тұрады. Осы арқылы қалдықтардың 60%-ын қайта кәдеге жаратуға мүмкіндік туады. Кешен өндірістік қуатына толықтай көшкен кезде жылына 100 мың тоннадай қалдық сұрыпталмақ.

Бекболат Жұматаев, эколог:

– Жерге орналастырылған қалдықтар әрине, керісінше әсерін әкеледі. Өйткені мына полигондағы әйнектер күннің сәулесімен өрт тудырады. 2015 жылы полигонға 54 мың тоннадай қалдықтар қабылданды. Биыл 43 мың тонна қабылданды. Оны әкеліп, тек полигонға көміліп жатыр.

Ерік Шашбаев, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенінің басшысы:

– Бұған дейін полигонды ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен жылына 60 миллион теңге қаржы бөлініп келді. Әкімдіктің шешімімен бұл жер бізге сенімгерлік басқару құқығымен берілді. Соған сәйкес енді бұл жұмыстарға тек қана өз қаржымызды жұмсап жатырмыз. Мына кешен қағаз, полиэтилен, металл, әйнек және пластик бұйымдарын сұрыптауға мүмкіндік береді. Кейін оны қайта өңдеуге маманданған кәсіпорындарға жібереміз.

Кариб аймағының елдері EXPO-2017 көрмесіне қатысады

Дереккөз: www.24.kz

d8ae8827980e11fa15a23e4b1f08f328_l

Кариб аймағының 10 мемлекеті EXPO-2017 көрмесіне қатысатын болды. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев пен Кариб мемлекеттері қоғамдастығының Бас хатшысы Ирвин Ларок кездесіп, осындай келісімге қол қойды. Рәпіл Жошыбаев Ирвин Ларокқа көрме дайындығы жайлы баяндап, 2017 жылдың басында халықаралық қатысушылардың Астанада өтетін кездесуіне шақырды. Баламалы энергия көздерін дамытуды жөн көретін Кариб аймағы үшін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбы өте маңызды, – деді Бас хатшы.

Тараптар су, энергия және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша бір-бірімен тығыз қарым-қатынас ұстануға ниет білдірді. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін Кариб елдері үшін бұл көкейтесті бағыт.

Айта кеткен жөн, Кариб қоғамдастығы 1973 жылы Кариб еркін сауда қауымдастығының мирасқоры ретінде құрылған болатын. Қазақстан КАРИКОМ хатшылығы тіркеген Орта Азиядағы жалғыз ел.

Ирвин Ларок, Кариб қоғамдастығының Бас хатшысы:

– Кариб елдері үшін EXPO-2017 көрмесіне қатысу өте маңызды, әсіресе көрменің тақырыбы біз үшін көкейтесті. Сонымен қатар көрме біз үшін өз жетістіктерімізді көрсетіп, инвестиция, сауда мен туризмді дамыту мақсатында жақсы байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Кариб қоғамдастығы арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам. Қазақстан біздің аумақтың тұрақты дамуы үшін көмек көрсетуде, соның арқасында біз климаттың өзгеруі туралы Париж конвенциясына қатысу мүмкіндігін алдық. Сондай-ақ біз су мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Осылайша, ынтымақтастығымыз дамып, нығаюда.

Рәпіл Жошыбаев, Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары:

– Бүгін біз БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 14 ел мүше болатын Кариб қоғамдастығының Бас хытшысымен EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойдық. Он ел. Жұмысты әрі қарай жалғастырудамыз. Кариб аймағының басқа елдері де қосылады деген үміттеміз. Бүгінгі таңда көрмеге қатысу туралы  келісімге 81 ел қол қоды. Бұл процесс жылдың соңына дейін аяқталады.

Ресми сапар аясында EXPO-2017 көрмесінің комиссары Теңізге шығар жолы жоқ, аз дамыған елдер мен дамып келе жатқан шағын арал мемлекеттері бойынша БҰҰ-ның Жоғарғы өкілі және Бас хатшысының орынбасары Гиян Чандра Ачарьямен және БҰҰ Бас хатшысының тұрақты даму жөніндегі орынбасары Ву Хонбомен келіссөздер жүргізді. Тараптар EXPO-2017 көрмесіне БҰҰ атынан ортақ комиссар тағайындау мәселесін, Астанада көрме барысында БҰҰ құрылымдарының тақырыптық шараларын өткізу және климаттың өзгеруі туралы БҰҰ конвенциясын іске асыру мәселелерін талқылады.

Астана қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика
🌿 AI-ассистент