Дереккөз: inform.kz
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ормандарды қорғау шараларының нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы ормандардың жалпы санитарлық жағдайы қанағаттанарлықтай. Соған қарамастан, өткен жылдардағы орман өрттерінің салдарынан өлген, бүлінген, су басқан және кеселге ұшыраған көшеттер де баршылық.
Биыл орман зиянкестерінің ошағы анықталған жоқ. Жұмыртқа салғыштар бойынша – жұпсыз жібек құртының карантиндік зиянкестерінің ошағын анықтау үшін орман патологиялық зерттеуі жүргізілді. Мамандар тексеру нәтижесінде орман зиянкестерінің 2020 жылы шығуы мүмкін екенін анықтады.
2014 жылдан бастап жауын-шашынның толассыз түсуінен жерасты сулары көтеріліп, кейбір жерлерде орман ағаштары мен қайың-көктерек көшеттері көгермей, өліп қалған. Осындай ормандарды тексеру үшін Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығы мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. 15091 гектар орман алқабын су басқаны анықталды. Олардың барлығы бақылауға алынды.
«Соколовка орман шаруашылығы» ҚМК мемлекеттік орман қоры аумағында 184 гектар алқапта жерүсті биологиялық күрес шаралары жүргізілді. Оның ішінде 25 құсқа арнап жасанды ұялар ілініп, 25 құмырсқа илеуі жасалды», – деді басқармадан.
Мамандар тексеру нәтижесі бойынша 2020 жылға санитарлық-сауықтыру шаралары қажет екенін жоспарлады.
Дереккөз: inform.kz
ЛОНАВАЛА. ҚазАқпарат – Үндістанның Махараштра штатындағы Лонавала қаласында 18-22 қараша күндері сулы-батпақты аймақтар мен оны мекендейтін құстарды сақтауға арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына сілтеме жасап.
Жиында Орталық Азиядағы құс жолында (Central Asian Flyway – CAF) іске асырылатын табиғатты қорғау жұмыстарының маңызына ерекше назар аударылды.
Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Үндістан) мен ҚБСҚ (Қазақстан) Орталық Азиядағы құс жолы жөніндегі бастамаларға (CAFІ) қатысушы елдердің әрекеттерін сонымен қатар, Оңтүстік Азия мен Орталық Азиядағы жобаларды үйлестіретін болды. Қазақстан атынан ҚБСҚ атқарушы директоры Вера Воронова, қауымдастықтың ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев сөз сөйледі.
Конференцияға 200-ден астам адам қатысты. Орталық Азиядан Қазақстан, Түрікменстан (Елдар Рүстемов), Өзбекстан (Олег Кашкаров) өкілдері де қатысты. Шараны Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Bombay Natural History Society) ұйымдастырды.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) мен ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» (БҚМ ҒЗИ) РМК бірлескен экспедициясы Батыс Қазақстан облысында 10 киікке GPS сенсоры бар мойынбау тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қауымдастық сайтына сілтеме жасап.
15 қарашада басталған экспедиция барысында зерттеушілер барлығы 12 бөкенді ұстады. Олардың ішінде 3 жастан аспаған 10 ұрғашы киікке GPS треккерін тақты, екі сайғақтан (текесі) биоматериал сынамалары алынды.
Жүйрік дала киіктерін ұстап алу оңай емес, оларды қолға түсіру ҚБСҚ-ның 2009 жылғы тәсілімен жүргізілді.
Бұл жұмыстар ҚБСҚ мен БҚМ ҒЗИ арасындағы ғылыми серіктестік туралы келісім аясында іске асырылды. Таңбаланған киіктерді екі ұйым да бақылап отырады. ҚБСҚ – миграция мен күзет жолдарын қадағаласа, институт – киіктердің ауруын зерттеумен айналыспақ.
Жануарларды аулауға ҚБСҚ, БҚМ ҒЗИ, «Охотзоопром» ӨБ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері қатысты.
Дереккөз: 24.kz
Атырауда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен өзен суын кешенді тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Эко-акция» шарасына басты мақсаты былтырғыдай балық қырғынына жол бермеу және облыстағы су қоймаларының тазалығына талдау жасау», – дейді мамандар.
Алдымен ат басын тірегеніміз – Атырау су арнасы мекемесінің су алу және пайдаланған суды өзенге ағызу бекеті. Облыс тұрғындары мен өндіріс орындары аталған мекеме арқылы тәулігіне 90 мың текше метр су пайдаланады.Тіршілік нәрі осы арада тазартылып құбырлар арқылы тұтынушыға жетеді. Былтыр Жайық өзенінде орын алған балықтардың жаппай қырылуына себеп болған да осы мекеме еді. Салдарынан 123 тоннадан астам су маржаны текке рәсуа болды. Осы оқыс оқиғадан кейін барлық құзырлы мекемелер су сапасын үнемі бақылауда ұстап келеді.
Темірлан Темірбеков; «Қазгидромет» Р МКинженері:
– Бұл іс-шара апта сайын жоспардан тыс бақыланады. Және де мониторинг жүргізіледі. Су құрамында аса ірі мөлшерде өзгерістер жоқ. Қыс мезгілінде судың салқындауына байланысты болмаса, қатты өзгешелік байқалған жоқ.
Рейд барысында өзен суынан микробиологиялық, химиялық сынамалар алынды. Сынама арнайы зертханада тексеріліп, табиғат пайдаланушыларға тиісті нұсқау беріледі. Негізгі жұмыс орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының үйлестіруімен жүзеге асуда.
Мәншүк Темешова, ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:
– Мақсат – былтырғыдай балық апатының алдын алу. Ол үшін рейдтік іс-шаралар жиі өтуі тиіс. Сондай-ақ, алда барлық қадағалаушы органдар бірлесіп, өзен суына гидрохимиялық мониторинг жасаймыз.
Жайық суын пайдаланушылардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын тәулігіне 18 мың текше метрге жуық су алады. Рейдтік іс-шара барысында зауыттың су алу бекетінен де сынамалар алынды. Оның қортындысы бір аптадан соң жарияланады. Осылайша өзен суын бақылау жыл бойы жалғасатын болады.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы ҚР БҒМ қарамағынан алынып, өзге министрлікке беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты.
«Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы (Ботаника және фитоинтродукция институты) Қазақстан Республикасының айрықша қорғауындағы табиғи аумақ болып саналады. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ведомствалық бағынышты ұйымы болып саналады. Ботаникалық бақты Алматы әкімдігінің қарамағына өткізу мәселесі қойылған емес. Сәйкесінше, бұл жер айрықша қорғауындағы табиғи аумақ тізімінен алынбайды», – деп түсіндірді Сәкен Ділдахмет Facebook желісінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет Ботаникалық бақты ҚР Білім және ғылым министрлігі балансынан шығарып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ауыстыру мәселесін қарастыруда.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қыста автокөлік жылытатын инновациялық құрылғы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Азия даму банкі мен Нұр Сұлтан қаласының әкімдігі төмен көміртекті қалаларды дамыту бастамасы аясында автомобиль қозғалтқышын электрмен жылыту пилоттық жобасын іске қосты.
«Бұл жобаның мақсаты – қала экологиясының жақсаруына үлес қосу. Бұл фин технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Бізде суық күндері автокөлікті қыздырғанда ауаға қаншама қалдық шығарылады. Осы орайда бұл құрылғы өте ыңғайлы әрі көліктің қозғалтқыш құралдары үнемі жылы болып тұрады. Яғни автокөлікті қыздырып уақыт жоғалтпайсыз. Бұл бірлескен жобаның тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Біз аталған құрылғыны орнату үшін елорданың бірнеше ауданын таңдап алдық. Яғни қаланың әр ауданында бір құрылғыдан орнатылатын болады. Сол сияқты инновациялық құрылғыны болашақта электр жүйесімен жүретін автокөліктер үшін де қолдануға болады», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, қыстың суық күндері тұрғындар қозғалтқышты және салонды жылыту үшін автомобиль қозғалтқыштарын ұзақ уақыт қыздырады. Бұл шамадан тыс жанармай мен қаржылық шығындарға, қозғалтқыштың тозуына және парниктік газдар мен зиянды заттардың атмосфераға шығарылуына әкеледі.
Мамандардың айтуынша, аталған құрылғы электр қуатымен жұмыс істейді және жабдықты автомобильге сертификатталған маман орнатуы немесе зауыттан шыққанда орнатылуы тиіс.
«Біз серіктестерімізбен бірге аталған инновациялық технологияны Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет қолданысқа енгізіп жатырмыз. Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қала әкімдігі мен Қазақстандағы Финляндия елінің елшілігіне алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта жобаның аясы кеңейіп, басқа қалаларда да іске қосылады деген үміттеміз», – деді Азия даму банкінің президенті Такехико Накао.
Айта кетсек, өткен жылдан бастап елорда әкімдігі Орталық Азия елдері қалаларында төмен көміртекті дамытуды ілгерілетуге қатысатынын растады.
Дереккөз: infrom.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облыста күрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. Экологиялық жағдайды оң шешу үшін Щучинск-Бурабай курортты аймағында ауаның ластануы, яғни көмір арқылы жылтылатын қазандықтардан шығарылатын қалдық заттар мәселесін шешуіміз керек. Жылу агрегаттарын экологиялық тиімді жабдықтарға ауыстыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Келешекте бұл мәселе Көкшетауға дейін курортты нысандарын қосуда екінші «Сарыарқа» газқұбыры автомагистаралын жүзеге асыру арқылы шешілетін болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі осыған дейін бірнеше рет айтылды. Көкшетаудың қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонда қоқыстарды бөліп, сұрыптап, қайта өңдеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмай келеді.
«Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарының саны артуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жоятын технология қажет. Әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою бойынша жұмыстарды ширату қажет», – деді Президент.
Кеңесте айтылғандай, Степногордегі уран кенін өндіру зауытында жиналып қалған қалдықтарды жою мәселесі әлі шешілген жоқ.
«Міндетті түред уран өндіру кешені нысандарында қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу керек», деп толықтырды Президент.
Баспасөз ақпараты
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 13-15 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «Амангелді Газ» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Астана – Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім шығарғаны мәлім. Бүгінде осы маңызды ұйғарым өз елімізбен қатар әлем қауымдастығының айрықша назарын аудартып отыр. Бұл шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті», – дейді Берік Уәли өзінің парақшасында.
БҰҰ-ның мәртебелі өкілі Көк-Жайлау шатқалындағы тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты шығарылған шешімге қолдау білдіретінін жеткізген.
«Сіздің «барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет» деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетед» – деп жазады Ольга Алгаерова.
Мемлекет басшысының шешімі әлем қауымдастығы тарапынан «қоғамның алаңдаушылығын ескеріп жасалған тиімді ұйғарым» ретінде ғана емес, еліміздің экология саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Орхус конвенциясының қағидаттарын берік ұстануы ретінде қабылданғаны өте маңызды.
Аталған халықаралық ұйым елдің дамуына қолдау көрсету үшін Қазақстанмен тығыз жұмыс істеуге ниет танытып отыр.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан еліміздегі және өңірдегі экология мәселелерін шешу, жасыл экономиканы қалыптастыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен жемісті ынтымақтастықты нығайта беретініне баса мән бергенін атап көрсеткім келеді.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау тау-шаңғы курортына қатысты пікір білдірген болатын.
Дереккөз: inform.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазарту мәселесін тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазарту мәселесі өте өзекті. Біз Бурабайдың ғажап табиғатын өскелең ұрпақ үшін сақтап қалуымыз керек. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті министрлікке мүдделі органдармен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Президент Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.