2026 жылғы 17–19 наурыз аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің аумақтық экология департаменттерінің сынақ зертханалары қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру семинары өтті.
Аталған семинар қоршаған ортаны қорғау саласындағы зертханалық-аналитикалық бақылауды жүзеге асыратын мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар бағдарламасы атмосфералық ауаны, өнеркәсіптік шығарындыларды және автокөлік құралдарының пайдаланылған газдарын аспаптық өлшеу кезінде зертханалық жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық негіздеріне арналды.
Оқыту барысында қатысушылар экологиялық бақылауды ұйымдастыру және жүргізудің негізгі аспектілерін жан-жақты қарастырды, оның ішінде сынамалар алу талаптары, сынама алу нүктелерін анықтау, сынақ жүргізу әдістері және алынған нәтижелерді өңдеу мәселелері қамтылды.
Практикалық бөлімге ерекше назар аударылды. Қатысушылар заманауи аспаптар мен жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгерді, атап айтқанда:
• атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың массалық концентрациясын анықтауға арналған газталдағыштармен жұмыс;
• ауа ортасының метеорологиялық параметрлерін өлшеуге арналған жабдықтарды пайдалану;
• газ ағындарының жылдамдығы мен көлемдік шығынын анықтауға арналған дифференциалды манометрлермен жұмыс;
• қатты бөлшектердің сынамаларын алуға арналған аспирациялық құрылғыларды қолдану.Сонымен қатар семинар аясында өнеркәсіптік шығарындыларды аспаптық өлшеу, автокөлік құралдарының пайдаланылған газдарының уыттылығы мен түтінділігін анықтау, сондай-ақ өлшеу нәтижелерін ресімдеу, оның ішінде сынама алу актілері мен сынақ хаттамаларын дайындау мәселелері қарастырылды.
Оқытуға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, сондай-ақ метрологиялық және экологиялық бақылау саласындағы жетекші мамандар қатысты.
Өткізілген семинар қатысушыларға кәсіби деңгейін арттыруға, өлшеу жабдықтарымен жұмыс істеу бойынша практикалық дағдыларын нығайтуға және экологиялық бақылауды жүзеге асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.