2026 жылғы 18–20 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» РМК (ҚОҚАТО) Астана қаласында «Экологиялық бақылау және басқару жүйесі. Экологиялық кодекс және оның құқық қолдану тәжірибесі» тақырыбында офлайн-оқыту семинарын өткізді.
Іс-шара экологиялық реттеудің өзекті мәселелерін, мемлекеттік бақылау практикасын және кәсіпорындар қызметіне заманауи басқару құралдарын енгізу тетіктерін талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды.
Практикаға бағытталған формат
Семинар үш күндік қарқынды күндізгі оқыту форматында өтіп, өнеркәсіп секторының, жер қойнауын пайдаланушы ұйымдардың және білім беру мекемелерінің 21 өкілін біріктірді.
Бағдарлама құқық қолданудың қолданбалы аспектілеріне басымдық бере отырып әзірленді. Қатысушыларға заңнаманың жүйелі түсіндірмелері беріліп, нақты өндірістік кейстер талқыланды, сондай-ақ кәсіпорындардың экологиялық қызметі барысында туындайтын өзекті мәселелер қарастырылды.
Қатысушылар құрамы
Семинар жұмысына, оның ішінде, келесі ұйымдардың өкілдері қатысты:
• «Астана-Нан» ЖШС
• «KAZPETROL GROUP» ЖШС
• «Астана» халықаралық университеті
• «Buzachi Operating Ltd» ФК («Бузачи Оперейтинг Лтд»)
• KSI PetroGasServices ЖШС
• «QazaqGaz Aimaq» АҚ
Әртүрлі саладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың қатысуы семинардың салааралық сипатын және Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарын сақтау мәселелеріне деген жоғары қызығушылықты айқындады.
Бағдарламаның негізгі бағыттары
Семинар аясында экологиялық реттеудің стратегиялық маңызы бар келесі бағыттары жан-жақты қарастырылды:
• экологиялық қауіпсіздік қағидаттары және ҚР экологиялық заңнамасының негіздері;
• мемлекеттік экологиялық бақылау тетіктері және тексерулер жүргізу тәртібі;
• өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру;
• техногендік минералдық қалдықтармен жұмыс істеуді құқықтық реттеу;
• эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерінің жұмыс істеуі;
• өндіріс және тұтыну қалдықтары мен ағынды суларды реттеу;
• кешенді экологиялық рұқсатты алу тәртібі;
• ҚР Экологиялық кодексіне енгізілген өзекті өзгерістер мен толықтырулар;
• қоғамдық тыңдаулар өткізу және әкімшілік практика мәселелері.
Сараптамалық қолдау
Лекторлар ретінде ҚР ЭТРМ бейінді департаменттерінің сарапшылары, сондай-ақ экологиялық жобаларды құқықтық сүйемелдеуде және құқық қолдану саласында тәжірибесі бар тәуелсіз салалық мамандар сөз сөйледі.
Оффлайн формат уәкілетті орган өкілдері мен бизнес-қоғамдастық арасында тікелей кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік беріп, қатысушыларға заңнама нормаларын қолдану бойынша ресми түсіндірмелер алуға және алдағы қызметке арналған практикалық шешімдер әзірлеуге жағдай жасады.
ҚОҚАТО экологиялық реттеу саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және Қазақстан Республикасында орнықты экологиялық басқару тетіктерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.